• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Мамыр, 20:14:29
Алматы
+35°

05 Желтоқсан, 2023 Барлық аймақтар

Нұрлан Қоянбаев: Тек комедия көре береміз бе?

Драма жанрындағы кинолар күресін қашан бастайды? Халықтың ақшасына кино түсіріп жатқан мамандар, кезек сіздерде.

Фото: ашық дерек көздерінен алынған

Қазақстанда кино индустриясы дамып келеді. Бірақ прокатқа шығып жатқан отандық кинолардың дені комедия жанрындағы фильмдер. Ұлттық сипаттағы толықметражды киноларды былай қойғанда, көрерменге ой саларлық драмалар түсіруге де болар еді. Бірақ халық қаражатына кино түсіретін «Қазақфильм» туындыларының ішінде белгілі тұлғалар жайында түсірген фильмдері болмаса, басым көпшілігі министр тізімінде бар да, елдің аузында жоқ.

Кинотеатрлардағы қазақ киносының бәрі дерлік комедия. Комедия арқылы қазақ тілді көрермен жинай алатынын дәлелдеді. Қазір Голливуд фильмдерін де қазақша дыбыстау үрдісі енді. Жетістіктерін жоққа шығаруға болмайды. Осыдан он жыл бұрын кинотеатрларда тек орысша фильмдер қойылатын. Себебі компания иелерінің бәрі орыстілді, киноны алып келетін дистрибьюторлардың бірі Украинада, бірі Ресейде еді. Олардың сапасы көңіл көншітпейтін. Кей сюжеттері қазақ үшін тым ерсі, кейде тіпті анайы. Ал қазақ өз менталитетіне сай дүние түсіреді. Дей тұрғанмен, мәдени бітім болмысты емес, қаймағы сүзілген көк сүтін де еш іркілмей «мінезің осы» деп бетіне басқан құны арзан фильмдер жетерлік. 

Комедияның табысы мен шығыны прокатқа байланысты. Фильм өтімді болса да, сәтсіз шықса да қаражат тек түсірген тараптың қалтасынан шығады. Демек, бағасын беретін халық. Уақыт та іріктеп, сүзгіден өткізіп жатыр. Мәселен, өткен жылдары әншілердің кино түсіруі белең алған, қазір де комедиялық фильмдерге түсіп, елге танылған актерлердің әрқайсысы өз туындыларын шығарып, бақ сынасып жатыр. Фильмнің екінші бөлімінің шығуы, әрине, алғашқысының өтімділігіне байланысты.

2023 жылы прокатқа шыққан комедиялардың ішінде ең көп қаражат жинаған фильмдер:

 – «Маған назар аудар» 818 млн 844 мың теңге

–  «Хотя бы кинода 2» 985 млн 085 мың теңге

–  «Бизнес по-казахский в Индии» 1 млрд 281 млн 598 мың теңге

Ең табысты комедияның продюссері Нұрлан Қоянбаевтан бүгінгі комедиялық сипаттағы киноларға қатысты пікірін сұрадық:

– Әлемде он-шақты мемлекет қана өз киноларын өз кинотеатрынан көреді, ол киноиндустриясы дамыған АҚШ, Франция, Түркия, Корея, Индия, Англия. Қалған мемлекеттерде экранды Голливуд кинолары басып алған. Біздің елде 30 жылдай Голливуд кинолары басым болды.

4-5 жыл бұрын қазақ комедиясы Голливуд киноларымен күресті бастап кетті. Кинотеатрлар қазақ комедиясының көрермені бар екенін түсініп, қазақ киносына көп сеанс бере бастады. Бүгін кинотеатрларда қазақ киносын көрсету дәуірі басталды. Бұл тарихымызда болмаған үлкен жеңіс! Бұрын көрерменнің  киноға барып билетке жаратқан ақшасы тікелей шет елге, мысалға, Голливудқа кететін, ол шамамен  жылына 200 млн доллар. Қазақ комедияларының арқасында қазір жылына  билетке жарататын ақшаның тең жартысы, яғни 100 млн доллар өз елімізде қалып жатыр.

Әрине, үлкен қадам бастап келе жатқан комедия жанрындағы кинолардың арасында  көптің көңілінен шықпай жатқандары да бар. Көш жүре түзеледі. Барлығы комедия түсіріп кетті деген ой қалыптасты. Жастарға тарихымыз туралы, мотивация беретін кинолар қажет! Комедия ары қарай дами беретіні анық. Ал драма кинолары өз күресін қашан бастайды? Халықтың ақшасына кино түсіріп жатқан мамандар, кезек сіздерде! Тек комедия көре береміз бе, дейді ол.

Ал драма түсіру жоспарыңызда бар ма деген сұраққа былай жауап берді:

– 15 жыл КВН-да ойнадым. Комедияның жақсы дамып кетуінің негізгі себебі – КВН, Жайдарман ойындарының дамып, шетелге дейін жетуі. Сырт ел қазақтың кино, сериалдарын көріп, мақтау айтып жатады, ал өз елімізде үлкен ағаларымыздан тек сын естиміз. Мен әзілдің адамымын. Менің бағытым сол. Драма біздің кесірімізден жоқ болып кетпеді. Кино саласында білім алып, оқыған аға-інілеріміздің міндеті бұл. Солар үнсіз жатқан соң, тек комедия көрсетілуде.

 

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір