• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Сәуір, 14:58:25
Алматы
+35°

Фото ашық дереккөзден алынды

Заман көп өзгерді. Қатты өзгеріп барады. Қазіргі балалардың ойлауы, дамуы бөлек. Ендеше бала тәрбиесіне баяғыдай емес, басқаша жөнмен келу керек. Qamshy.kz «Жазасыз тәрбие» кітабын жазған маман Елжас Ертайұлын сөзге тартты.

Елжас мырзаның негізгі ұстанымы – баланы жазасыз тәрбиелеу. Ол ата-аналарға баланы «бала кінәлі емес» деген позициямен тәрбиелеуді ұсынады. Себебі, бала кінәлі емес. Балаға көмек қажет. Өмірге тап-таза, пәк болып келгеннен кейін оның өзгеруіне айналасындағы ересектер себепкер болады.

– Елжас мырза, парақшаңызда қазіргі балалардың 6 кемшілігін айтыпсыз. Ол қандай кемшіліктер?

– Балаларда эмпатия төмен, қиыншылыққа төзе алмауы. Ол әлеуметтік себептерден туындайтын нәрсе. Кезінде әке-шешелеріміз көптеген қиыншылықты, жоқшылықты көріп өскен соң, біздің ұрпақта төзімділік қасиеті жақсы дамыған. Ал қазіргі балалар керісінше, молшылықта өмір сүріп жатыр. Қалаған нәрсесіне қолы жетеді. Дүниеге келе сала телефон ұстайды. Оларда төзімділік деген қасиет дамымаған. Олар тіпті қиыншылыққа төзуді қажет деп санамайды. Көп нәрсеге тым жеңіл қарайды.

Мысалы, бұрын біз үшін жұмыс ауыстыру, жұмыстан шығу деген нәрсе үлкен трагедия секілді болатын. Сол үшін күйзеліске түсетінбіз. Ал қазіргі буынға бастық ұнамаса, не жұмыс ұнамаса, ойланбастан қолын бір сілтеп, жұмыстан шыға салады.

– Сіз балаға ұрыспай, таяқсыз тәрбиеле дейсіз. Неге?

– Баланы жазаламай тәрбиелеген дұрыс. 2018 жылы осыны айта бастағанымда көпшілік тарапынан қарсылық болды, жекеме хат жазғандар бар. «Біз таяқ жеп өстік. Жаман болмадық. Қазір үлкен жетістіктерге жетіп, білдей бір мекемені басқарып отырмыз», дейді мысалы. Иә, олар жетістікке жеткен шығар. Бірақ мұндай адамдардың көбі бақыт пен жетістікті шатастырады. Таяқтың күшімен, қысыммен адамды жетістікке жеткізуге болады. Иә, әкесі есіктің алдында белдікпен сабауға дайын тұрса, бала сабағын жақсы оқуы мүмкін. Тренер боқтап, тепкілеп жүріп дайындаса, баладан чемпион шығаруға болады. Бірақ ол бақытты бола алады ма деген мәселе қарастырылуы керек. Жалпы, бұл әлемде жетістікке жеткен адамның бәрін бақытты деп айту қиын. Жетістікке жеткен көптеген адамдар өмірінің соңында жалғыз қалған, ішімдікке салынып, отбасын тастап кеткен дегенді көп естиміз. Таяқ жеп өскен бала жаман болмайды, бірақ сезімсіз болады. Ішкі сезімдерін көрсете алмайды, басқара алмайды. Осының астарына үңілу керек деп ойлаймын. Бұрынғы әдіс-тәсілмен тәрбиелеу қазіргі балалар үшін өте қауіпті. Қазіргі бала сезімтал, оны таяқпен, күшпен, айқаймен басқаруға тырыссаңыз, оны өзіңізден алыстата бересіз. Бәлкім, қазір өзіне өзі қол жұмсау жағынан алдыңғы елдердің қатарында болуымыздың басты себебі осы шығар. Сондықтан жазасыз тәрбиелеуге көшуіміз керек.

– Баланы кішкентайынан үйірмелерге қатыстыру дұрыс па? Яғни,  ерте жастан шаршатып, миына күш салуға бола ма?

– Үйірмелерге келсек, әр баланың жасына байланысты шегі бар ғой. Мамандардың кеңесін тыңдап, баланы белсенділігіне қарай үйірмелерге беру керек. Ерте жастан баланың үйірмелерге қатысуы дұрыс. Себебі, бала кішкентайынан кез-келген нәрсені тез қабылдай алады. Оған кішкентайынан жол көрсетіп, қызығушылығын, қабілетін ашқан дұрыс. Жапон жазушысы Масару Икубаның «Үш жастан кейін бәрі кеш» кітабы осыған дәлел.

Отбасында әке мен ананың рөлі қандай болуы керек?

– Бала жақсы болып өсуі үшін, ол бақытты отбасында тәрбиеленуі керек. Әр ата-ана өзіне тиесілі жауапкершілігін сезініп, толық орындап, саналы болғаны маңызды. Кейде отбасында жауапкершілікті бір-біріне сілтеу кездесіп жатады. Бұл зиян. Әкенің балаға бере алатын, не бере алмайтын нәрселері бар. Алдымен ерлі-зайыптылардың арасы түзелмесе, баланың жағдайы жақсармайды.

– Ата-аналарға арнап қандай кітаптар шығардыңыз?

– Менің кітаптарымның бәрі бала тәрбиесіне арналған. Алғашқы кітабым «Баланы жазасыз тәрбиеле» деп аталады. Онда позитивті тәрбиенің маңыздылығы қарастырылған, «біз таяқ жеп өстік, одан жаман болмадық» дейтін ата-аналарға жауаптар беріледі.

Екінші кітабым «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле!» деп аталады. Онда бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, әсері туралы жазылады. Ата-аналардың түр-түрі талданған.

Үшіншісі, жұбайлар арасындағы қарым-қатынасқа арналған. «Жұбайыңнын жанын жаралама, жаула!» деген кітап.

Төртіншісі, «Бала мен ата-ана арасындағы алтын көпір» деп аталады. Онда «бала мені неге тыңдамайды» деп шағымданатын ата-аналарға жауап берілген. Бесіншісі «Бақытты бала химиясы» деген кітап, алтыншысы «Бала тәрбиесіндегі лайфхактар» кітабы. Онда жиі қойылатын сұрақтарға жауап жазылды. Мәселен, баланың балабақшаға барғысы келмеуі, әр нәрсені қызғанып, таласуы, жылауық болуы секілді жағдайда қандай жәрдем керек деген секілді кеңестер берілген.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір