• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

02 Мамыр, 11:05:50
Алматы
+35°

03 Қараша, 2023 Әлеумет

Еркін Омар: "Мақал-мәтелдер мен өлеңдерде қате сөздер өріп жүр"

  " Жергілікті сөздер мектеп оқулықтарында жазылмауы керек" материалының жалғасы.

ашық дереккөзден алынды

Біздің оқулықтар туралы мақаланы жазуымыздың негізгі мақсаты, оқулық кітаптардың әрбір бетін қарап, олардың сапасын тексеру емес, тілді бұзу әрекеттерінің қандай жолдармен іске асырылып жатқанын көрсету. Сондықтан қолымызға тиген үш-төрт оқулықтың ішіндегі бұзылған сөздердің бәрін тізіп көрсетпей, тек көзіміз шалып қалған кейбір сөздер мен сөйлемдерді ғана көрсетуді жөн санадық. (Қаза берсең сасығы шыға береді). Оқулықтарға енгізілген мақал-мәтелдердің арасында да, қазақ тіліне жат, шала қазақша шала айтылатын піспеген (шикі) нақыл сөздер өте көп. Мысалы:

Қыз анадан көрмейінше өнеге алмас,

Ұл атадан көрмейінше сапар шекпес. (11-бет)

Өзбек халқының: «Томчи, томчи кул буләр»,-деген мақалын: «Тама, тама көл болар»,-деп айтып жүргендеріндей

(қазақша: Көп түкірсе-көл), бұл мақал да, шала қазақ тілінде айтылады. Қазақша:

Анаға қарап қыз өсер,

Әкеге қарап ұл өсер.

немесе, Ана көрген тон пішер,

Әке көрген оқ жонар.

Шала қазақша нақыл сөздердің арасында мағынасыз мақал-мәтелдер де кездеседі. Мысалы:

  1. Ескі қамыс біз болмас.
  2. Күл төбе солмас.
  3. Су бойында өсіп тұрған жас құрақтың да, әбден пісіп жетілген сары қамыстың да, бұрын орылған ескі қамыстың да, сабағының іші (өзегі) қуыс болады. Қамыстан біз жасайды деп Қожанасыр да айтпас.
  4. Күл төбе солмас! Өзі төбе болса, ол қалай солады. Солу сөзі – бойында тіршіліктің нышаны (белгісі) бар нәрселерге қаратылып айтылады. Мысалы өсімдіктер көктемде оянып, бүршік атып, жаз бойы жапырақ жайып, өсіп жетіледі де, күзге қарай уақыты жеткен кезде солады. Мына өлең жолдарының ішіне де, шала қазақ тілінің сөздері енгізілген.

Қызым соны білмейді ме, Біледі.

Білмейді ме – шала қазақ тілінде қолданылатын сөз. Шала қазақ тілінде бірнеше нұсқада айтылады. Білмейды ма, білмейді ме, білмейд па, білмей атып па (атыпты ма) Өзбекше: Билмәй (ди) ми. Дұрысы: Білмеді ме? Білмейді, біледі-қазақ тілінде хабарлы сөйлемнің сөздері. Хабарлы сөйлемнің сөзінің соңына (білмейді), сұраулық демеулік шылауды (-ме) тіркеп сөзді бұзған. Ақын ағамыздың кітабында, бұл сөз осылай қате басылып кеткен күнде де, оқулыққа дұрыс нұсқасын енгізу керек емес пе. Оқулық кітаптардың, оқушылар үшін, дұрыс жазу мен дұрыс

 

сөйлеуді үйрететін оқу құралы ретінде құрастырылатыны, оқулықты құрастырғандардың ойларына кіріп шықпаған. Бастауыш кыластардың оқулықтарында да тілді бұзу жағдайлары жетіп артылады. Оқулықтардың ішіндегі әр түрлі тақырыптағы мысалдардың арасында, қазақ тілінде жоқ неше түрлі түсініксіз сөздер жүр. (Шеңбірек, үрметі, жатын бөлме, уалшығы, әбірет, қынарда, жанабында т.б.). Түсініксіз сөздердің ішінде оқулықтарға енгізуге болмайтын ұят (өрескел) сөздер де бар. Және осындай қазақ тілінде жоқ сөздерге, қазақ тілінің дұрыс сөздерімен түсініктер беріп отырған. (Шеңбірек-дөңгеленіп, үрметі- құрметі, уалшық-нанның үгіндісі, әбірет-өнеге, қынарда- жағасында, жанабында-маңайында т.б). Бұлай түсініктер беріп отырудың өзі өте сауаттылықпен істелген. Оқушылар түсініксіз сөздердің мағынасын, түсініктерде берілген дұрыс сөздер арқылы қабылдап, өлеңдердің (әңгімелердің) өзін оқығанда немесе ауызша айтқанда түсініксіз нұсқасымен айтып, ал дұрыс нұсқасын қолданбағандықтан ұмытады. Міне, қуырдақтың көкесі түйе сойғанда болса, тілді бұзудың (ұмыттырудың) әкесі қайда. Шеңбіректеп жерді айнала ұшады, олай болса адамға да әбірет сол, құттыханаң осы, қынарда тілсіз тұрған тоғайлары, біреуі жатын бөлме, күн көреді жанабында, туылған т.б. Енді осы түсініксіз сөздер қайдан келген. Соны талдап көрейік. Мысалы (мысалы сөзіне жеке тұрғанда жалғау жалғанбайды. Мысалға-шала қазақша):

  1. Үрметі. Түбірі-үрмет. Ешкім естімеген сөз. Мағынасын, құрметі деген ұғымды білдіреді деп жазған. Құрметі сөзінің түбірі-құрмет. Қазақ тілінде бар, ерте заманнан бері қолданылып келе жатқан сөз. Сонда түсінікті сөздің (құрмет) орынына қойылған түсініксіз сөз (үрмет) қайдан келген. Үрмет – құрмет сөзінің бірінші әрпі түсіріліп, соған байланысты екінші әрпі өзгеріп кеткен (ұ-әрпі, ү-әрпіне) бұзылған сөз
  2. Жатын сөзі де, екі әріптен тұратын ортаңғы буынынан айырылған. Дұрысы: Жататын (бөлме). Жатын – қырғыз тілінде әйел адамның жатыры деген ұғымды білдіреді. Шала қазақтардың тілдерінде сөздердің әріптері, сөздің басынан да (үрметі, саумайкм (дұрысы: Ассалаумағалейкүм), ортасынан да (сәмасыз ба, енше (дұрысы: Ендеше), аяғынан да (жауыр (дұрысы: Жауырын), жауырым (дұрысы: Жауырыным), келед, жүред) түсіріліп айтыла береді. Бұлардың тілдеріндегі әбден қалыптасқан өзбек тілінің дыбыс үндестігі, бұларға қазақша сөздерді дұрыс айтуға мүмкіндік бермейді. Алдыңғы мақалаларымыздың біреуінде шала қазақ тілінің сөздік қоры, негізгі алты топтан, оның бір тобын өзбек тілінен бұрмаланған сөздер құрайтынын айтқанбыз. Ыбырай бабамыздың «Таза бұлақ» әңгімесіне кіргізілген әбірет сөзі де, өзбек тілінің сөзінен бұрмаланған(? – әбірет, тапчон – тапчан, пақир-бақыр, синиф-сынып, модани-мәдени т.б.) Бірақ шала қазақ тілінде әбірет сөзінің екі түрлі мағынасы бар. Біреуі өзбектің «оврат» сөзінен, екіншісі «ибрат» сөзінен бұрмаланған. Екеуі де осы бір сөзбен (әбірет) айтылады. Овраттың қазақшасы- әурет. Ибраттың қазақшасы-ғибрат. Егер оқулыққа әбірет сөзін қазақ тілінің өз сөзімен ғибрат деп енгізсе, бұл сөздің не үшін енгізілгені жұмбақ болып қалмас еді. Себебі ғибрат-өнеге, әурет-үлкен адамдардың жыныс мүшесінің аты. Мұндай сөздердің оқулықтарға енгізіліп оқытылуы, бұған ешкімнің, әсіресе осы пәндерден сабақ беріп жүрген мұғалімдердің назар аудармауы, шала тілдік сөздердің, шын мағынасының қазақ тілінде белгісіз болғандығынан да болса керек. Тілді бұзушылар осы жағдайды пайдаланған . Бұған тіл ережелерін шала қазақтардың бұрмалап жіберуі көп септігін тигізген. Бұзылған сөздерді диәлекті (жақсы) сөздер деп оқулықтарға енгізе берген. (Жұмыртқа-тұқым, табақ-леген, маңдай-маңлай т.б.) «Таза бұлақ» әңгімесінің суретіне назар аударсаңыздар, бұлақтың басында тас тұр.

Тастың бетіндегі жазулы тұрған бір сөйлемнің өзінен, дұрыс жазу ережесінің бұзылғаны көрінеді.

Ей, жолаушы! Болсаң осы, Бұлақтай бол.

Қара сөзбен жазылатын бір сөйлемді өлең сөздің үлгісімен орналастырып, сөйлемнің ортасындағы бас әріппен жазылмайтын сөзді, бас әріппен жазған да, сөздердің дұрыс жазу ережесін бұзған. Дұрысы: Ей, жолаушы! Болсаң осы бұлақтай бол. Тағы да мысал:

 Ел қыстап, күн көреді жанабында.

Жанабында – маңайында.

 Қынарда үнсіз тұрған тоғайлары, Шуылдап желмен бірге бас ұрады.

Ы. Алтынсарин.

Қынарда-жағасында (84-бет)

 Жанабында, қынарда-қазақша сөздерден бұрмаланған шала қазақ тілінің сөздері. Төменгі жағындағы түсіндірген сөздерінде, жанабында сөзінің мағынасын, маңайында деген ұғымды білдіреді деп, түсініксіз сөздің қайсы сөзден бұрмаланғанын дәл көрсеткен. Қынарда сөзінің мағынасы туралы түсініктерін шатастырған. Өйткені (шала қазақша: Өткені) маңайында, жағасында сөздерінің айтылуы әр түрлі болғанымен, бірін-бірі алмастыра беретін мағыналас сөздер. Ел қыстап, күн көреді маңайында (жағасында).

 Шала қазақша қынарда мен жанабында сөздерінің түсініктерін екі бөліп бергендеріне қарағанда, қынарда сөзі- қыратта сөзінен бұрмаланған.

(Қыратта үнсіз тұрған тоғайлары).

Қыратта сөзінің түбірі-қырат. Түсінікті. Өзен-көлдің суының деңгейінен биіктеу жер. Қынарда сөзінің түбірі- қынар. Мүлде түсініксіз. Қазақ тіліндегі сөздердің мағынасын түбіріне қарап ажыратуға болатын болса, шала қазақ тіліндегі сөздердің мағынасын олай анықтау мүмкін емес. Сондықтан түсініксіз сөздерді оқулықтарға енгізгенде, олардың мағынасын қазақ тілінің дұрыс сөздерімен қосымша беріп отырған. Бұл әдісті (шала қазақша: Әдістемені) басқа ұлттардың тілдерінде айтылатын бөтен сөздерді қазақшаламай, соңына қазақша жалғауларды жалғап кіргізгенде де қолданған. Моделі, дефиспен, пофоспен, сюжеті, модератор, тестілеу т.б. Дұрысы: Үлгісі, сызықшамен, ерекше шабытпен, оқиғасы, сарапшы, саралау (Қазақшалау-жат тілдік сөздерді мағынасына қарай отырып, қазақ тілінің төл сөздерімен жазу, аударылмайтын атау сөздер болса, қазақ тілінің дыбыс үндестігіне бағындыру. Сибирь- Сібір, Турксиб-Түріксіб, Авгей-Әбігей, коронавирус- қоранбүріс ауыруы, нулевой-нөлебай т.б.)

Ескерту: Дыбыс үндестігіне бағындыру тәсілі, қазақ тілінде жоқ, жат тілдік аударылмайтын атау сөздерге қолданылады. Басқа ұлттардың тілдерінде айтылатын атау сөздерді, қазақша атаулары бола тұра, қазақ тілінің дыбыс үндестігіне бағындырып енгізгенде, қазақша атаулары қолданылмай қалады да, ұмытылып жойылады. Қазақ тілінде жоқ жат тілдік атау сөздердің ішінен, қазақ тілінің дыбыс үндестігін бұзбайтын сөздер ғана сол қалпында енгізіледі.

Жалғасы бар...

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір