• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Мамыр, 13:54:27
Алматы
+35°

02 Қараша, 2023 Барлық аймақтар

Қыз зорлау өмірде көбейіп, статистикада азайып келеді

Ауру маньяк бір зорласа, полицияның жүйесі екі зорлайды

Фото: ашық дерек көздерінен

Әлеуметтік желіде зорланған, зорланғаны видеоға түсірілген қызға «арызыңды қайтып ал» деп қысым жасап жатқан полицейдің сөзі жазылған видео тарап кетті.

Иә, Қазақстанда зорланған, қорланған адамды әлі қорқытып-үркітеді, ақшамен аузын жаппақ. Заң қайда? Құқық қорғау органдарынан «әділ үкімді» парақорлар күтсе, қорғансыздың күні не болмақ?

Зорланған, жылаған қыз көшеде көлік тосқан түнгі көбелек емес, бір әулеттің үкілеген қызы болар. Біздің елде қылмыстың орнын ақшамен жабуға болады.

Видеода есік сыртында тұрып сөйлеген полиция қызметкері қызға тек екі жол бар екенін айтады:

– Іс қай бағытта кетсе де, бізге бәрібір. Біз бастысы, күдіктіні ұстадық, ары қарай іс тергеуге жіберіледі. Істі осы жерден тоқтату үшін арыздан бас тартуың керек, себебі сотта дәлел келтіруің қиын болады. Екінші жолың, сотқа шақырту аласың да, адвокатыңмен келесің. Арызыңды қайтып алсаң, оның телефонындағы видеоны өшіріп тастаймыз, ертең саған қоқан-лоқы жасамайтындай, – деп қысым көрсетіп жатқаны  анық естіледі. Полицейлердің қызға ұсынып отырған сомасы 10 млн 300 мың теңге.

Полицияға есік ашпай, шошынған қыздың одан бетер қорқып тұрғаны аңдалады. Адам әділдік іздеп, араша сұрап барған Қазақстанның құқық қорғау органының ұсқыны. Қорғаудың орнына өзі қысым жасайтын қылмыскерден қай жері кем? Митингке шыққан адамдарды ұрып-соққанын, қарттарды сүйрегенін де көрдік. Адам құқығы әбден таптала беретін елміз әлі.

Зорлық-зомбылық құрбандарының құқығын қорғаушы Жанна Уразбахова мұны «жығылғанға жұдырық жұмсайтын жүйе» деп бағалайды.

– Полицияның мұны статистикалық мәліметтерді әдейі төмендетіп, ауыр қылмыстарды жасыру үшін істейтіні анық. Оның үстіне, мұндай істерден олар жақсы ақша табады. Құқықтық статистика комитетінің зорлау фактілері бойынша тіркелген ресми мәліметтері мынадай: 2016 жылы – 2000 жағдай, 2017 жылы – 1000 жағдай, 2018 жылы – 965 іс, 2019 жылы – 932 жағдай, 2020 жылы – 563 жағдай, 2021 жылы – 546 жағдай, 2022 – 409 жағдай, 2023-тің он айында – 332 іс.

Бұл – тек ресми тіркелген зорлау деректері. Шындығын Құдай біледі. 2020 жылы Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіліп, зорлау орташа қылмыс санатынан ауыр қылмыс санатына ауыстырылды. Сөйтіп, жәбірленуші мен зорлаушының татуласуы мүмкін болмай қалды. Ал тергеушілер істі татуластырумен тоқтату мүмкіндігінен айырылды. Енді жәбірленгендерге қысым көрсетіп, қылмысты тіркемеуге тырысатын болды. Дәл осындай жағдай біздің клиентіміз Әлия Омарованың басынан өткен. Зорланған соң бойжеткен әпкесі арқылы полицияға хабарласты. «Буран» экипажы тез жетіп, арыз жазды.

Ол полицияға жеткізіліп, одан жауап алынып, сараптамаға жіберілді. Кешкі сағат 21:00-де оның үйіне екі полиция қызметкері келіп, арызынан бас тартып, зорлаушымен келісімге келуді талап ете бастаған. Әйтпесе, ол ештеңе дәлелдей алмайды және адвокаттарға текке ақша жұмсайды-мыс. Олар мұны ультиматум түрінде, дөрекі түрде талап етті. Видеода бәрі бар. Бізге кезекші прокурорларды шақыруға тура келді, солардың араласуынан кейін ғана қылмыстық іс тіркелді, – дейді адвокат.

Заңгердің айтуынша, қылмыс фактісін тіркемеу – полиция қызметкерлерінің ауыр қылмысы. Біріншіден, қылмысты жасыру, ҚР Қылмыстық кодексінің 433-бабы. Екіншіден, билікті немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану, ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы.

Жәбірленуші Алматы қалалық ІІБ-ның жеке күзет бөліміне барып, қызметкерлердің үстінен арыз жазған. Келесі күні прокуратурада қызметкерлердің үстінен тағы да арыз жазылған. Бірақ зорлық көрсеткен адамдар да, оны қорғаштаған полицейлер де жауапкершілікке тартылмады.

Өкініштісі, соңғы видеодағы жағдай да жазықсыздың жанайқайын сотқа жеткізбей тындырумен аяқталуы мүмкін. Өйткені біздің заң жүйемізде өзгеріс жоқ.

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір