• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Мамыр, 10:28:55
Алматы
+35°

01 Қараша, 2023 Әлеумет

Жергілікті сөздер мектеп оқулықтарында жазылмауы керек

Қазақ тілінің тазалығы үшін күресіп, ойын ашық білдіріп жүрген тіл жанашыры Еркін Омар "Тіларалық бұзылған тіл" атты мақалалар жинақталған кітабын шығарды. Оқулықта ол қазіргі кезде жергілікті өңірлерде қалыптасып кеткен сөздер мектеп оқулықтарында қолданылып жүргенін қатты сынға алған. Шындығында, оқулықты ашып қарасақ, автордың ойының дұрыстығына, мектеп оқулықтарын шығарып жүргендердің өрескел қателіктер жібергендерін аңғарамыз. Осы орайда, барлығы түсінікті болу үшін Еркін Омардың кітаптағы " Мектептерге арналған оқулық кітаптардың шала қазақ тілінің сөздерімен ластануы" мақаласынан үзінділер беруді жөн санадық.

Сурет ашық дереккөздерден алынды

 

    Қазіргі қазақ мектептеріндегі оқулықтар шала қазақ тілінде құрастырылып, мектептерде оқушыларға қазақтың таза тілін емес, шала қазақ тілін оқытуға кіріскен. (Шала қазақ тілін оқыту дегеніміз не? Ол – тілді бұзу әрекеттерін оқу құралдары арқылы да іске асыру). Оқулықтардың аттарына дейін өзгертілген. (Сауат ашу, өзін-өзі тану, әдебиеттік оқу т.б.). Орыс мектептеріне арналған оқулықтардың аттарын қазақшаға аудару жолымен, қазақша оқулықтардың бұрынғы төл атауларын өзгертіп, оларды қолданудан алып тастаған. Оқулықтардың соңғы бетін ашсаңыз, басылымы, таралымы, тіркелімі, пішімі, басылыс, тапсырыс сияқты шала қазақ тілінің сөздерінен көз сүрінеді. (Дұрысы: Басылуы, таралуы, тіркелуі, көлемі, барлығы (100 дана), тапсырған реттік нөмірі т.б) Шала қазақ тілінде құрастырылған оқулықтар, осындай тіл бұзылған заманда, оқушылардың бұзылған тілдерін түзетпейді. Ары қарай бұзады. Тілді бұзу әрекеттері тоқтатылмай (білім саласында ғана емес, өнер, ғылым, баспасөз, мәдениет, дін т.б. салаларда да) осылай жалғаса беретін болса, қазақ халқы таяу болашақта өзінің ана тілінен толық айырылып, еріксіз басқа бір ұлттың тіліне өтуге мәжбүр болады. Шала қазақтардың бұзылған сөздерден тұратын тілдері (білімді (қаз-а)- білікті (шала қаз-а), ұстаздық ету – педагогтық білім беру, дәрігерлік жедел жәрдем – шұғыл медициналық жәрдем, тұрмыстық зат қалдықтарын қабылдау-қайталама шикізат қабылдау, өтініш беру-өтінімдерін қабылдау т.б) ешқашан тіл болып қалыптаспайды. Қазақ тілінің тілдік қасиетінің (дыбыс үндестігінің) жойылуы, оқушылардың тілдері сау болса да, сақаулыққа ұрынуы (бардым ғо, бардық қо, келапты, барапты, ан аққа (дұрысы: Ана жаққа), ар қаратай (дұрысы: Ары қарай) т.б), қазақша сөздерді қазақ тілінің дыбыс үндестігімен айта алмайтын жағдайға жетуі (сен ба, мен ба? Дұрысы: Сен бе, мен бе?), осының айқын мысалы. Тіпті оларға ұстаздық етіп жүрген мұғалімдердің көпшілігі, қазақша сөздерді қазақ тілінің дыбыс үндестігімен айта алмайды. (Түсіндіңдер ма, саламатсыз ба? Дұрысы: Түсіндіңдер ме, сәлеметсіз бе?) Шала қазақ тілінің қазақстанның барлық аймағына тарап, қазақ тілін бұзылған шала тілге айналдырып жіберуі, қалай орын алған? Мұның арғы жағында да, бергі жағында да бірнеше себептері бар. Бергі жағындағы негізгі себептердің бірі, шала қазақтар, тілге қатысты ертеректе айтылған кейбір сөздерді бұрмалап ережеге айналдырған. К.Ахановтың 1971-жылғы, 5-кыласқа арнап (шала қазақша: Арнайы) құрастырған қазақ тілі оқулығында: «Қазақстанның кейбір аудандарында ат қораны-абзар, арқанды-қоқан, кілтті-ашар дейтін диәлекті сөздер кездеседі», – деп жазылған. Бірақ бұл диәлекті сөздердің ережесі емес. Шала қазақтар осы сөзді: «Диәлекті сөздер дегеніміз – жергілікті жерде айтылатын сөздер», – деп ережеге айналдырған да, ал: «Қазақ тілінде елдің бәрі білетін, елдің бәріне ортақ әдебиеттік тіл бар. Жазғанда да, тіпті сөйлегенде де, осы әдебиеттік тілді қолдану қажет»,- деген ескертуін елеусіз қалдырған. Осылай бұрмалаудың нәтижесінде диәлекті сөздердің мағынасы ашылмай (диәлекті сөздер-бұзылған сөздер) бүркемеленіп, шала қазақ тілінің бұзылған сөздерін мектеп оқулықтарына да енгізуге жол ашылған. Шала қазақтар К. Ахановтың айтқан сөздерінен басқа, сол бір жылдары 
Ғ.Мүсірептің: «Қазақстанның кейбір жерлерінде тілді бұзып сөйлеу жағдайлары кездеседі»,- деген сөздерін де елемеген («Әбігейдің ат қорасынан бастайық». Мақалалар жинағы. 87-бет). Ғ.Мүсіреп осы мақалалар жинағында «әй, қайдан» сөзінің соңғы әрпін өзгертіп, «қайдам» деп соңғы буынын тұйықтауға, ұқсап деген сөздің алғашқы екі әрпінің орындарын ауыстырып «құсап» деп бұзып айтуға, сөздердің әріптерін түсіріп сөйлеуге (о да кеп пе? Дұрысы: Ол да келіп пе?), қоғамдық, сыншыл деп айтылатын қазақша сөздердің орынына, өзбекшеге, арабшаға қарай бұрмаланған түрлерін (қоғами, сыни) қолдануға, «тұғын» сияқты түсініксіз сөздерді тілге енгізуге, етістік сөздерді жалғаусыз пайдалануға (барам, барғам (дұрысы: Барамын, барғанмын) т.б.) болмайтынын анық жазған. Осындай ескертулердің бар екеніне қарамастан, шала қазақтар, соңғы отыз жылдың ішінде, өздерінің шала тілдік сөздерін (диәлекті деп) оқулықтар арқылы және басқа әртүрлі жолдармен қазақ тіліне енгізе отырып таратқан. Қазақ тілінің бұрыннан қолданылып келе жатқан дұрыс сөздерін, өздерінің бұзылған сөздерімен алмастырып (еңбек еткен мерзімі-еңбек өтілі, ауыл-кент, ақша төлеу-төлем қабылдау, ашық өткізу-жария тыңдау т.б) малға тиген топалаң ауыруындай (топалаң-қой малында кездесетін жұқпалы індет), қазақ тілінің астын- үстіне шығарып, ұлттық тілдің бұзылуын қауіпті деңгейге жеткізген. Сөзіміз дәлелді болу үшін, екі-үш оқулықтан қысқаша мысалдар келтіре кетейік.

 

Мысалы:

Тарбиған тарбағатай жердің құты,

Барлық-ол, «қыдыр көшіп, қонған жұрты».

Оранған ақ кебенек аруақты Алтай,

Төгіліп бізге таман жатыр мұрты.

Ақшұнақ, Жабағылы, Мыңшұңқыр, Таз,

Бұлардың бәрін тізген Жоңғар тұрқы.

І. Жансүгір

 Барлық-барлық, баршылық деген ұғымда қолданылған. (11-қыласқа арналған оқулық кітап. 112-бет)

   Осы өлең шумағының алғашқы екі жолынан оқушылар тұрмақ, үлкен адамдардың өздері ештеңе түсінбейді. Себебі бірінші жолда тұрған екінші сөз (таудың аты), бас әріппен басталып жазылмай, кішкентай әріппен жазылған да (тарбағатай), түсініксіз сөзге айналған. Ал екінші жолдың басында тұрған сөзге (Барлық), баршылық деген ұғымды білдіреді деп, өлеңнің аяқ жағында түсінік (шала қазақша: Түсініктеме) берген. Сөйтіп оқушыларды өздері шатастырған. Барлық та, Тарбағатай да тау аттары. Бұл таулар Алтай тауы мен Жоңғар Алатауының екі арасында орналасқан. Ілияс ағамыз бала күнінде үлкен кісілермен бірге Тарбағатай тауының бөктеріндегі жазықта өткен, Сүлейменнің асына барған. Сол кезде Алакөлді оңтүстік- шығыс жағынан айналып, Барлық тауының етегімен жүріп өткен. Енді осы оқулықтың 129-бетіндегі өлең жолдарының өзгертілген сөздеріне назар аударайық. 

Өтетін ат жылт етіп Жыланды өзек,

Суы жоқ, бұтасы көп, жырақана

(Құлагер дастаны)

 Дұрысы: Суы жоқ, бұтасы көп жыра ғана. Шала қазақтардың мал қораны-сиырханаға, көмір қораны- көмірханаға айналдырып, «хана»- ларды қаптатқандары аз болғандай, енді кішкентай ғана жыраны (сайды) жыраханаға айналдырған.

Сорғалап сол өзекке ат та құлап,

Жоғалды жұрт көзінен келатқан ат.

 

Дұрысы: Жарысқан ат.

Бұл сөз де бұзылған сөзбен алмастырылған. Келатқан-шала қазақ тілінің сөзі. Өзбекше: Кёлатган

Ағынды менің Ақсуым (111-бет)

Бауырлаған ағының,

Сумаңдап суы сылдырайд.

Құдиған қоңыр құрақтың,

Саусағы суда судырайд.

Суға төнген бір шыбық,

Дірілдейд, суда сырылдайд.

Оған қонған бір шымшық,

Шиқ етед, шырылдайд.

 Өлең жолдарынан көріп отырғандарыңыздай, етістік сөздердің соңындағы ы,і әріптерін алып тастаған. (Дұрыс жазылуы: Сылдырай+ды, судырай+ды, шиқ ете+ді, шырылдай+ды, дірілдей+ді). Сөздердің дұрыс жазылуын бұза отырып, соған байланысты олардың дұрыс айтылуын да, буын санын да, буындарға дұрыс екпін түсірілуін де бұзған. Сөздердің әріптерін түсіріп айту (жазу), шала қазақтардың шала тілдік үлгісіне жатады. Бұрынғы бір мақаламызда, шала қазақ тілінде, етістік сөздердің соңғы буынын тұйықтап бұзып айтудың бірнеше түрі бар екенін жазғанбыз. Соның бір түрі етістік сөздердің үшінші жақтан айтылған кезіндегі, соңғы буынының бір әрпін жоғалтып, шолақтанып (тұйықталып) қалуы. Сөздерді бұзып айтудың осы түрі оқулыққа кеңінен енгізілген.

Кісі ме ед, ақындықтан құр алақан. (115-бет).

Шуылдайд шибөрілер үй артынан (114-бет).

Үлесед, қойындасад, кетед, болад (114-бет).

 Толқынмен толқын жарысад,

Жарысып жарға барысад. М. Жұмабай (66-бет). Дұрысы: Кісі ме е+ді, шуылдай+ды, үлесе+ді, кете+ді, жарыса+ды, барыса+ды. Әріптерін түсіріп бұзған сөздердің арасында, қазақ тілінде жоқ, түсініксіз сөзге айналып кеткендері де бар.

Мысалы:

Сол елдің қыдырынды қыды сол.

І. Жансүгір (114-бет).

   Қазақ тілінде «қыды» деген сөз бар ма? Жоқ. Екі әрпі түсіріліп бұзылған бұл сөз, өлеңнің ұйқасын да бұзған. Дұрысы: Сол елдің қыдырынды Қыдыры сол. (Қыдыр –дін ұғымында мәңгі өлмейтін, ел кезіп жүретін керемет жан иесі.) Қыдыға ұқсас ешқандай мағына бермейтін сөздер, шала қазақтардың қысқартуға болмайтын қазақша сөздерді қысқартып бүлдірген сөздерінде ұшырасады. Тыжы вокзал (ТЖ), жыпуды   бітірдім   (ЖПУ),   ҚызПУ-да   (ҚызПУ), он бірі жымы (Жм-жұма), сыбы (Сб-сенбі), 1-тыжы көпірі (ТЖкөпірі), акепте оқимын (АКЭП-те) т.б. Шала қазақтардың қысқартып бұзған сөздері, осылай айтылып жүр. Себебі сөздер қалай жазулы тұрса, солай оқылады.

Сар бала, қара қазан, болып қарық (114-бет).

Дұрысы: Сары бала.

 Достыма хат (6-бет).

 Дұрысы: Досыма хат. Досым-қазақша, достым-шала қаз-а, дустим-өзбекше.

Кетер деп отқа түсіп, суға құлап,

Қайғы жеп, менің үшін, болма алаң.

А. Байтұрсынұлы.

 

Дұрысы: Қайғы жеп, балаң үшін, болма алаң.

Немесе,

Қайғы жеп, сен мен үшін, болма алаң.

Менің (менім) үшін– есімдік сөздің шала қазақ тілінде жіктелуі.

 

Қазақша:

Шала қаз-а:

Өзбекше:

Мен үшін

Менін үшін

Менинг учун

Сен үшін

Сенін үшін

Сенинг учун

Ол үшін

Онын үшін

Унинг учун

Осы оқулықтың 335-бетінде Мұхтар Шахан ағамыздың туған жылы да, шала қазақ тілінде жазулы тұр.

 

М. Шаханов. (1942 жылы туылған)

 Дұрысы: 1942 жылы туған.

   «Адам өздігінен туылмайды, оны табады. Туылған мен өлінген жүрген жерде сауат та, түйсік те жоқ. Тек қана надандық бар» (М. Мағауин). 11-кыласқа арналған қазақ тілі оқулығының 9-бетіне Абайдың шешендік сөздері деп мына сөйлемді енгізген: «Ата-анасы, қайын жұрты бір атаған орнынан тапжылтпай табылған-ды». М. Әуезов.

    Мағынасыз осы сөйлемді Абай атамыздың аузына салып, Мұхтар Омарханұлы Әуез ағамыздың атынан жазған. Сөйлемде ешқандай шешендік сөз жоқ. Сөйлемнің соңындағы табылған-ды сөзінің қосымшасы (-ды) өзбекшесінен бұрмаланған шала тілдік жалғау. (Өзбекше: Топилганди).

   Бұл жалғауды, шала қазақтар, қазақ тіліндегі «еді» сөзінің орынына немесе ашық райға жататын етістік сөздердің соңында жалғанатын –тын, -тін жалғауларының орынына қолданады. Барған еді – барған-ды, барған болатын

  • барған-ды (барған-тын) т.б.

 Ескерту: Шала қазақ тілінің – тұғын сөзі де, етістік сөздердің соңында жалғанатын –тын, -тін жалғаулары мен көмекші етістік «еді» сөзінің орынына қойылады. Шала қазақтардың тілдерінен қазақ тілінің – мын, -мін жалғауларының жойылып кеткеніндей (алам барам, келем, жүрем т.б. Дұрысы: Аламын, алғанмын, барамын, келемін, жүремін), -тын, -тін жалғаулары да толық жойылған. (Өлмейтін (қазақша) – өлмейтұғын (шала қазақша), өлмейтіндей – өлмейтұғындай, баратын – барадтұғын (баратұғын), келетін-келетұғын, келедтұғын т.б.) Тұғын – өзбек тілінің жалғаулық сөздерінен бұрмаланған сөз.

жалғасы бар...

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір