• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Сәуір, 01:02:39
Алматы
+35°

04 Қазан, 2023 Барлық аймақтар

Ертең бақытты болып кетеміз деу - Өзіңді де, өзгені де алдау

Қазақта қызды алып қашу деген бір үрдіс әлі бар. Жалпы, "Қыз алып қашу бұрыннан келе жатқан салт-дәстүр ме?" деген сұраққа этнограф Бұлбұл Кәпқызы былай деп жауап береді:

Сурет ғаламтор желісінен алынды

Қыз алып қашу дәстүрге жатпайды

«Бірақ қыздың әке-шешесі, аға-бауыры келіспей, қыздың өзі келісіп тұрса, алып қашуға болады. Кей жағдайда қыз жақтың ұзатуға жағдайы келмесе, онда да өзара келісіммен қашып кететін жағдайлар да бар. Ал енді танымайтын қызды алып қашуға мүлдем қарсымын. Себебі, ол жастар бірін бірі танымайды. Ал танымай, алып қашқан қызы ертеңгі күні өзінің руласы, жақыны болып шықса қайтеді? Сондықтан екі жақ бір бірінің руын, шыққан тегін зерттеп, зерделеп, ата-анасының разылығымен отау құрғандарын құптаймын» дейді.

Иә, апаларымыздың көбін кезінде “алып қашқан”. Одан бәрі бақытты болып кеткен жоқ. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанның тұрғыны Хадиша апа алып қашудан кейінгі тағдырын күрсіне отырып былай айтады:

 

Қыз кезімде бақытты едім

«Аяқ астынан мені танымайтын, көрші ауылдың жігіті алып қашты. Сол кезде «үйге кетем» деп жер тепсініп жылағанымнан пайда болмады. Бұл жағдайға әке-шешем арланды ма? Әйтеуір, қайтып келуіме қарсы болды. Амал жоқ, өзім сүймейтін, өзімді сүймейтін адаммен бірге тұрдым. Жалпы, бұл өмірде махаббат дегеннің не екенін білмеймін, мен пақыр. Өйткені келін болғаннан өмірім тозаққа айналды. Күйеуім ішіп алса, төпелеп, ұра жөнелетін. Құдды сол үйдің құлы секілді қараушы еді. Жоқшылықтың қасіретін күйеуге шыққан соң білдім. Арасында төркінім көмектесіп тұратын. Бірақ олар қашанға дейін көмектесе береді? Қазір о шалым қайтыс болды. Құдай өзі кешірсін, қазір құлағым тыныш. Балаларым да бұрынғыдай боқтық сөзді, ұрыс-керісті естімейді. Шыны керек, өмірім енді түзеліп келеді. Сол үшін қазір барлық қызға «Танымайтын жерге барма. Алып қашып кетсе, тау қопарсаң да ол үйден кетіп қал» деп кеңесімді беремін. Өйткені барлық қыз бала бақытты әйел, бақытты ана болуға лайықты» деп өмірін жылап отырып, еске алды.

 

Ал 70 жастағы Раушан апа қыз алып қашу бұрыннан бар дәстүр болғаннан кейін бұл үрдіспен келісетінін айтты.

«Біздің кезімізде қыз алып қашу көп болды. Танысаң да, танымасаң да, ешкімнің шаруасы жоқ, алып қаша беретін. Мені де алып қашып келген. Бірақ ақ босағаны аттап қойғаннан кейін кері шегінерге жол жоқ. Кетейін десең, табалдырыққа ақ жаулығын жамылып алып, үлкен кемпірлер жатып алатын. Оның үстіне, «қайтып келген қыз жаман» деп өзге жұрттың да жақтыртпасы анық қой. Сондықтан «Бірінші бақ – бақ, екінші бақ көрбақ» деп бақытымызды осы бірінші аттаған шаңырағымызбен бастағаным рас. Қазір, шүкір балашағамды өсіріп, немерелерімді бағып жатырмын» дейді.

 

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

 

Бірақ қалай айтсақ та келісімсіз алып қашу – үлкен қылмыс әрі жабайылық. Мұның қылмыс екенін біле тұра, елімізде қыз алып қашу үрдісі әлі бар. Мұның себебін феминист һәм заңгер Әйгерім Құсайынқызы былай түсіндірді:

– Мен зерттеуші, феминист, әйел құқығын қорғаушы ретінде алып қашуға қарсымын. Бұл ешқандай дәстүр деп ақтауға жатпайтын, адамның бостандығына қарсы қылмыс деп есептеймін. Алып қашу дәстүрі неліктен жалғасып келеді деген сұраққа келсек, менің түсінігімше, қыз алып қашу және жігітке еріп, қыздың қашып кетуі деген екі ұғым бар. Қыздың келісімінсіз, еркінен тыс мәжбүрлі түрде алып қашу қылмыс. Ал жігітпен бірге қашып кетуі дегеніміз, қыздың ата-анасы рұқсат бермеген жағдайда, не жігіттің қалыңмал төлеуге жағдайы болмаған жағдайда өзара келісіп, қашып кетуі. Бізде осы екі ұғымды шатастырып жатады. Расында, қыз алып қашуға байланысты бөлек бап жоқ. Тек бізде ҚР қылмыстық кодексінің 125-бабында «Адам ұрлығы» деген бап бар. Онда субьективті жақтары жазылған. Бірақ қыз алып қашуға байланысты бөлек бап болмағандықтан, қызды алып қашып кеткеннен кейін қыздың туыстары арыз жазатын болса, жігіт «Адам ұрлығы» бабы бойынша жазаланады. Оның жазасы ауырлығына байланысты 3 жыл, 7 жыл, 12 жылға дейін болады. Бірақ Қазақстан бойынша қыз алып қашуға байланысты нақты статистика келтіре алмаймыз. Оны прокуратура да бере алмайды. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, қыз алып қашуға байланысты бөлек бап жоқ. Сондықтан біз заңгерлер осы баптың ҚР Қылмыстық кодексіне енгенін талап етеміз. Көрші Қырғызстан қыз алып қашуды қылмыстық кодекске енгізген. Нақты статистика бар, елде 5000 қызды алып қашты, оның мыншасы қайтпады, мыншасы арыз жазбады деп, БҰҰ Әйелдер құқығын қорғау комитеті нақты статистика айтып, кеңес береді. Яғни, олар бұл проблеманың бар екенін мойындап, оны шешуге тырысады. Ал Қазақстанда қыз ұрлауды қылмыс деп қабылдамайды. Жай ғана дәстүр деп, ақтап алуға тырысады.

Ал егер қыз ата-анасына салмақ салғысы келмей, жігітпен келісіп, бірге кететін болса, бұл алып қашу емес, қашып кету болып есептеледі. Ал танымайтын қыздың басына қап кигізіп алып қашып, «енді менің әйелім боласың, алдыңда 8 кемпір жатады» десе, бұл нағыз алып қашу әрі адам ұрлау қылмысы деп саналады. Сол үшін осы екі ұғымды дәстүрді қараламас үшін ажыратып алғанымыз жөн, – дейді Әйгерім Құсайынқызы.

 Қыз алып қашудың салдары туралы психолог Саян Рысбай былай дейді:

– Келісіммен алып қашу материалдық жағынан тиімді шығар. Ал еркінен тыс алып қашу психология жағынан да, дін жағынан да, заң жағынан да дұрыс емес. Бірін бірі танымайтын адамдар ертең үйренісіп кете ала ма? Қызға жігіт ұнамаса, ол адаммен қалай өмір сүреді? Мұндай адамдар үшін отбасын сақтап қалу өте қиын. Әрі мұндай отбасыда махаббат, береке, түсіністік болмайды. Шариғат бойынша да алып қашу дұрыс емес. Себебі, неке қиып жатқанда «сіздерде ортақ келісім бар ма, ешкім қинамады ма?» деген секілді сұрақтар міндетті түрде қойылады, – деді ол.

 

Отбасын құру осы екен деп, көрінгеннің етегін ұстап кете берген жөн емес! «Алып қашқаннан жаман болмадық» деп үлкендердің жас қыздың басын қатыруы – салт-дәстүріміз емес!

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір