• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Мамыр, 05:37:51
Алматы
+35°

03 Қазан, 2023 Барлық аймақтар

Алматы ма, Мумбаи ма? Мопед – еріккенің көлігі емес

Карантиннен бері жеткізу қызметі қарқынды дамып келеді. Қазір тек ішер ас-суды ғана емес, дәрі-дәрмектен бастап қажетті бар дүниені тапсырыс беріп, үйден алуға болады. Бизнестің жаңа форматына сай, жеткізудің ең оңтайлы тәсілі – мопед пен электрлі самокат жүргізетіндер көбейді.

Фото: kolesa.kz сайтынан алынды

Көлік құралының бұл түрін қолданушылардың дені 16-18 жас арасындағы жеткіншектер мен жастар. Жаз бойы құрылыс пен жол салудан басқа ақша көзін таппағандар енді бұл кәсіпті тұрақты етті. Қымбатшылық заманда күнкөрістің қамын жасап жүр. Бірақ жол-көлік апаты көбейіп, «мопедшілердің» өзі мен маңайындағыларға қауіп төндіретіні рас.

Қалада мопедпен жүрмесең, үлгермейсің. Бірақ мопед пен самокатқа қатысты заңдар мен талаптар күшейтілуде. Алайда қамшының бір ұшы адам еркіндігін шектеп, жастардың ақша табуын қиындатпай ма?

Жалпы жеткізу қызметінде жүрген жастар кімдер? Ауылдан, не өзге қаладан үлкен шаһарға білім іздеп, оқу үшін келгендер. Стипендиясының мөлшері 30 мың теңгенің айналасы. Жатақханадан орын жетпей, пәтер жалдап, өлместің қамын көріп жүрген жастар оқумен қоса жұмыс істеуге мәжбүр.

            Мопед жөндейтін кішігірім орталықтар да бар. Солардың бірінің иесі қазіргі жолдағы ушыққан жағдайға қытайлық мопед мінген, ережесіз жүретіндер кінәлі дейді. Айтуынша, жеткізу қызметімен бірге пайда болған бұл кәсіпте жүргеніне үш жылдан асты. Курьер балалардың дені алыстағы әке-шешесіне салмақ салмай, адал еңбекпен өзіне ақша тауып, артылғанын үй ішіне беріп жүр.

– Жол ережесін бұзатындар тек модепшілер ғана емес. Кәдімгі көлік жүргізетіндер де талапқа бағынбай жатады. Жол ортақ. Сондықтан бәріне мопед мінген балаларды кінәлау дұрыс емес. Жаяу жүргіншілерге жол бермей, бұрылуға тыйым салынған жерден бұрылып кететін, шлемсіз жүретіндер бар – соларды жазаға тарту керек. Бірақ «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, сондайлардың кесірі бәріне тиіп жатыр. Мопедпен қанша күрессе де, мопед мүлдем жоғалып кетпейді енді. Заман талабы осы. Онлайн сауда мен жеткізу қызметіне тыйым сала алмайсың, – дейді кішігірім кәсібін дөңгелетіп отырған қария.

Нұрлан, жеткізу қызметінде істейді, 20 жаста:

– Жұмыс уақытым түскі 12-ден кешкі 8-ге дейін. Орташа есеппен күніне 20-25 мың теңгенің көлемінде табамын. Мопедке бөліп сатып алу арқылы қол жеткіздім. Жалға алғаннан гөрі осы тиімді, себебі кейін көлік қолымда қалады. Ипотека мен  кредитім бар, сол үшін оқудың соңынан жүру қиын деп шығып кеттім. Колледжден соң түскен оқуым болатын, бұйырса, алдағы жылы қайта тапсырармын. Әзірше күнкөрістің көзі осы болып тұр.

Хан,  жеткізу қызметінде істейді, 22 жаста:

– Жеткізу қызметіне келген бетім осы. Қаражат қажет болғанда істеймін, негізгі жұмысым бар. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мекемесінде қызмет етемін. Айлығы орташа, шығынымды өтемейді. Бұрын құрылыста істегенмін, жан азабы сол, белімді зақымдап, денсаулыққа кесірі тиді.

Айтбек, жеткізу қызметінде істейді, 23 жаста:

– Отбасылы адаммын. Әйелім мен баламды асырауға бір жұмыс жеткіліксіз, арасында таксист болып адам тасимыз, жеткізу қызметінде де жүремін, көлік жөндеймін. Көлік жүргізу куәлігім бар, арасында полиция қызметкерлері тоқтатып, тексеріс жүргізіп тұрады. Бастысы, ереже сақтау керек. Табыс әртүрлі: арамызда жүрген кейбір жігіттер айына 1 млн табады, енді бірі 600-700 мың теңге көлемінде ақша жинақтайды. Әркім өз қажеттілігіне сай график жасап алған.

Билік не дейді?

Бұл мәселе биліктің жіті назарында. Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаевтің айтуынша, соңғы екі күнде мопедистердің кінәсінен 3 адам қаза тапты.

«Биыл 30 тамызда Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп әзірленген заң жобасы қабылданды. Онда электрлі самокат ұғымы, жүріп-тұру ережелері, сондай-ақ олардың жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері бекітілген. Бұл шаралар олардың жүрісін реттеуге мүмкіндік берді, ал полицияда ықпал етудің нақты тетіктері пайда болды», – деді М. Қожаев Үкімет отырысындағы баяндамасында.

Бірінші вице-министрдің мәлімдеуінше, қыркүйек айында ғана самокат жүргізушілері тарапынан 1,7 мыңнан астам бұзушылық анықталды.

«Оның ішінде 562 факті бойынша кәмелетке толмағандар болып шықты. Бұл мәселені полиция арқылы шешу мүмкін емес. Әкімдіктер тарапынан инфрақұрылымды дамыту бойынша шаралар қажет, бөлінген жолақтарды жайластыру, жеке веложолдар салу, электрлі самокаттардың қозғалысына тыйым салынған аймақтарға бөлу керек», – дейді ол.

Бірақ бұл жаңа заң жүзеге асуы қаншалықты мүмкін болмақ?! Қоғамдық көлік пен автомобильдер сығылысып, кептеліссіз бағытыңа жетпейтін Алматының негізгі көшелерінің бір шетін бөліп бере ала ма?

Көп мопедшілер жол ережесіндегі өздеріне қатысты талаптарды білмейді. Көліктердің арасынан зулап, сең соққандай жүреді. Жүргізушілік тәжірибесі болмағандықтан, ағылған машиналардың қозғалысын аңдап, болжай алмайды.

Жаңа заң. Жаңа талап

– Мопедтерге қатысты нормалар жол ережесінің 16 және 24-бөлімінде жазылған. Бұрынғы ережеде мопедшіге жолдың оң жақ шетімен, қоғамдық көлік жолағымен жүруге рұқсат етілген еді. Бұл талап 18 қыркүйекте ережеден алынып тасталды да, тек  24-бөлімнің 168-тармағындағы тыйымдар ғана қалды. Енді мопедпен жолдың кез келген бөлігімен жүруге болады.

– Мопедшіге автомобилистер сияқты қарсы жолаққа шығуға болмайды. Бірақ бұл үшін оларды жауапқа тарту қиын, себебі жүргізуші куәлігі жоқ.

– 30 тамызда күшіне енген «Жол жүрісі туралы» заңдағы өзгеріс пен 18 қыркүйекте жол ережесіндегі жаңа талапқа сай мопедші тротуар немесе жол жиегімен ғана емес, веложол және веложолақпен де жүре алмайды.

– Жаяу жүргіншілер өткелімен және автомагистральда жүруге тыйым салынады (Қапшағай тас жолы немесе Үлкен айналма жолмен жүруге болмайды). Бұл тыйым жол ережесінің 16-бөлімі 118-тармағында жазылып тұр.

– Енді жол ережесінің 24-бөлімі 171-тармағының 8-тармақшасында мопедшіге шлемсіз жолға шығуға тыйым салынады.

Жаңа талапқа көнуден басқа амалы жоқ мопедшілер осылай күнелтіп жүр. Көпті сансыратқан, демалыссыз жұмысқа салған кредит пен пәтер ақысы. Ал көлік шуынан онсыз да мезі болған қала халқының енді зырылдап өтетін мопедтің ащы дауысына да құлағы үйренді. Тек бірер жылда кептелістен қорлық көрген жүргізушілер түгел мопедке ауысып, Алматы Мумбаиға айналып кетпесе сәрі.

 

Әсем Жұмақан

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір