• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Мамыр, 06:52:08
Алматы
+35°

02 Қазан, 2023 Саясат

«Жаңа Қазақстанда» жаңғырған ССР-дің ғылым академиясы

Тәуелсіздік ала тұра әлі күнге дейін Лениннің ескерткіші, совет одағының жазуынан құтыла алмай келе жатқанымыз – сонау бодандық кезеңді еске түсіріп тұратындай көрінеді

Сурет ғылым академиясының сайтынан алынды

Алматы қаласындағы Шевченко көшесінде орналасқан ғылым академиясы бар. Сол ғимараттың маңдайында «Қазақ ССР Ғылым академиясы» деген жазу бірден көзге түседі.

 

Бұған дейін бұл мәселеге ардагер ұстаз Мырзахан Қабасов: Алматының қақ төрінде, үлкен ғылым ордасының маңдайында ССР деп жазылған сөзді құптамаймын. Біз ол советтік кезеңнен өтіп, Тәуелсіздігімізді алғалы қай заман?! Ал бұл ғылым академиясының маңдайындағы жазу біз үшін қаншалықты қажет? Бұл мәселені тез арада көтеріп, ол жазудың көзін құрту керек, деп бастама көтеріп келген болатын.

Алайда ғылым ордасы былқ етпеді. Жаздан бері ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді, ғимарат сырты басқа түске боялғанымен, қасбеттегі жазу әлі күнге өзгермепті. Мұны аңғарған қоғам қайраткері, жазушы-публицист Марат Байділдаұлы қасбеттегі жазудың саяси қате екенін айтады.

  • Үйдің жанында болған соң қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Ұлттық Ғылым академиясының ғимараты жанынан жиі өтемін. Әншейінде зер салып қарай бермейді екенбіз. Кеше Шевченко көшесінен өтіп бара жатып, қарасам ғимараттың қасбетінің маңдайында қазақша «Қазақ ССР Ғылым академиясы» деп, астында орысша «Академия наук Казахской ССР» деген көне жазуы көзге ұрып тұр. Бұл жөндеуден өткеннен соңғы қалпы! Оның бұрынғы атауын қазіргі тәуелсіздік кезеңіне кім тықпалап жүр?
  • Марат Бәйділдаұлның авторлық суреті
  • Марат Бәйділдаұлының авторлық суреті

  •     Иә, Қазақ ССР Ғылым Академиясы арнайы қаулымен 1946 жылғы 1 маусымда құрылғаны баршаға мәлім. Ол 1993 жылы 21 қаңтарда Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» болып қайта құрылған. Яғни, мемлекеттің тәуелсіздік алуына байланысты мәртебесі өзгертілді. 2023 жылғы 27 наурызда «ҚР Ұлттық ғылым академиясының кейбір мәселелері туралы» ҚР Президентінің №152 Жарлығымен «ҚР Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып өзгертілді. Араға жарты ай салып, Үкіметтің де осындай қаулысы шықтыМарат Бәйділдаұлының авторлық суреті
  • Марат Бәйділдаұлының авторлық суреті
        2023 жылы 11 сәуірде Күнсұлу Дальтонқызы Закария  «Қазақ ССР Ғылым академиясының» емес,  Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалды. Дәл бүгінгі таңда бұл ғылым ордасының атауы ресми құжаттарда көрсетілгендей «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы!»
       Ал жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан ғимараттың маңдайшасындағы  қазақша «Қазақ ССР Ғылым академиясы» деп, орысша «Академия наук Казахской ССР» деп жазылған жазулар саяси қате! Бұл кешегі кеңестік отаршыл жүйенің қалдығы! Сондықтан ғылымның қасиетті қара шаңырағындағы қасбет жазуы түзетілуі тиіс, – дейді қоғам қайраткері.

Бұдан бөлек, елімізде ССР деген жазу әлі күнге кейбір мекемелердің құжаттарында жазылып жүргенін естіп, көріп жүрміз. Тіпті туу туралы куәліктерімізде де бұл жазу бар. Сондай-ақ тәуелсіздік ала тұра әлі күнге дейін Лениннің ескерткіші, совет одағының жазуынан құтыла алмай келе жатқанымыз – сонау бодандық кезеңді еске түсіріп тұратындай көрінеді.

Бифат Елтаева

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір