• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Мамыр, 00:25:02
Алматы
+35°

19 Қыркүйек, 2023 Түркістан облысы

Түркістан балаларына бақша бар, ақша жоқ

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының назарына!

Фото: ашық дереккөзден

Qamshy-ның хат қоржынына Түркістан қаласындағы балабақшалардың құрылтайшылары атынан «Ашынғаннан жазылған ашық хат» деген тақырыппен ащы жанайқай жетті.

Түркістан балаларына бақша бар, ақша жоқ па?

Ол хатта былай делінген:

Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы №381 бұйрығына сәйкес, биыл маусым айында Түркістан облысы бойынша жекеменшік балабақшаларда тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға (2-6 жас, 8532 жаңа орынға) конкурс жарияланды.

gov.kz

https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-adami-aleuetti-damytu/press/news/details/565572?lang=kk

Міне, мына конкурс өткізу туралы хабарландыру министрліктің ресми сайтына ілінді. Бұл өзі түрлі жағдайларға байланысты 3 жылдан бері алғаш рет ұйымдастырылып отырған конкурс еді. Өз қызметін бастап жіберген кәсіпкер үшін үлкен қолдау. Бәріміз қуандық.

Қош, конкурс жарияланды. Жеңімпаз болудан дәмелі жанның бәрі 3 күннің ішінде құжат тапсырдық. 2023 жылдың 6-12 маусым аралығында ұсынылған құжаттар Комиссиямен қаралады деген талап одан әрі күшейтіліп, әр кәсіпкер комиссия алдында өз балабақшасына презентация жасау керек, фотоесеп пен видеоролик жасалсын деген шарт қойылды. Алланың қалауымен бұдан да өттік. Сәйкестікті анықтау мақсатында комиссия ұйымдарды аралады. Кәсіпкерлер тарапынан ешқандай кедергі болмады, талапқа сай, 381-ші бұйрық орындалды.

Ендігі іс тек комиссия құрамында қалды, Хаттама шығару. 22 маусымда шығатын Хаттама 13 қыркүйекте ілінді, алып тасталмаса екен деп, итпен қарауылдап отырмыз. Өйткені бұған дейін ілінген 2 хаттама ізім-қайым жоғалып кетті. Жоғалған хаттаманы итпен іздеп Басқармаға бардық, сөйтсек техникалық қателіктер кетіпті-міс. Бір емес, 2 рет қателікке жол берген Білім басқармасына айтар сөзіміз жоқ. Білім басқармасында осындай қателіктерге жол берілсе, қол астындағы балабақшалар, 1000-нан аса мектеп пен пәленбай колледждердің жағдайын айтпай-ақ қойсақ болатын шығар?!

Одан кейін мекеме атауы өзгеруіне байланысты тағы күтуге тура келді. Осы екі аралықта алдыңғы комиссия құрамының 2 рет ілініп, жоқ болған шешімі өз күшін жойып, комиссия құрамы қайта құрылды. Кәсіпкерлер аяғынан тозды, басқармада жауап беретін адам жоқ, мұны қалай түсінеміз?

Басқарма басшысы демалыста, міндетін уақытша атқарушы қолын сілтейді, жұмысы көп. Алдыңғы комиссия төрағасының орынбасары Б.Ахметов «комиссиядан шеттетілдім, жауабын Садықова Ардақ Мәдіханқызынан сұраңдар» дейді. Ал басқарма басшысынан жауап жоқ.

Қолына билік тиген Садықова Ардақ Мәдіханқызы Комиссия құрамын қайта құрып, қайта отырыс өткізіпті. Не үшін? Алдыңғы шығып үлгермеген хаттама өз күшін жойды.

Хаттаманың кешігуі қаулыны кешіктіреді, қаулының кешігуі қаржының кешігуіне әкелетінін Садықова ханым білмейді емес, біліп отыр. Саналы түрде кешіктіріп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Өз арасындағы алауыздықтың зардабын кәсіпкерлер тартуда. (Бұған куә де болдық.)

Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді демекші, енді ашынған кәсіпкерлер Садықова Ардақ Мәдіханқызына ащы сөздерін ұялмай айтатын болды. Жұмысты ұйымдастыра алмасаң, орныңды босат, әкеңнен мұраға қалмаған шығар деген сөздерді көзіне де, әлеужелі арқылы да айтуда.

Білім басқармасы қоржынына түскен ақшаны "балалатқысы" келіп отыр ма?

Былыққа батқан басқарма екені тағы да дәлелденді. Қазір әділдік іздеген балабақшалардың соңына түсу операциялары басталып отыр.

Ол туралы келесі хатымызда жариялайтын боламыз.

P.S. Хаттама, Қаулы сұраған кәсіпкерлерге бұл күнде басқарма басшысының м.а. Садықова ханым қолын сілтейді. Не деген мәдениетсіздік? Басқарманың жауапсыздығынан кәсіпкерлер өздеріне тиесілі қаражаттан қағылып отыр.

Қаржы жоқ емес, қоржында тұр ғой? Әлде оны үлестірудің басқа жолын таппай жатыр ма? Маусым болмаса да, шілдеден бастап қаржыландыруға ілінетін мүмкіндіктен айырған Садықова ханымға сөз таппағандықтан, кәсіпкерлерге өз датын министр мен әкімге жолдауға тура келді. 

«Байқоныс» 2 балабақшасының құрылтайшысы Стамбекова М.Б.

«Айналайын» бөбекжай-балабақша меңгерушісі Тулеуова Э.Т.

«Ж.Маханбетова атындағы балабақша» меңгерушісі Ергубекова Ж.С.

Қасымхан Бегманов атындағы мектеп-гимназия және бөбекжай-балабақша құрылтайшысы Т.Көшенова

«Сүйкімді балақай - 2» балабақшасының құрылтайшысы Б.Алтынбаева

 

Осы мәселеге байланысты айтар уәждері болса, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі мен Түркістан облысы Білім басқармасының жауаптарын Qamshy.kz жариялауға дайын.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір