• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Мамыр, 17:48:47
Алматы
+35°

АҚШ президенті Джо Байден телефон арқылы Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонмен сөйлесіп, Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" жобасымен бәсекелес болатын ауқымды инфрақұрылымдық жоспар болуы керек екенін айтты.

АҚШ президенті Ұлыбритания премьер-министріне шалған екінші қоңырауында Бейжіңнің жобасы Қытайдың экономикалық және саяси ықпалын едәуір күшейтетініне алаңдаушылық білдірді.

– Мен демократиялық мемлекеттердің қолдауына мұқтаж дүниежүзілік қоғамдастықтарға көмектесетін осындай бастама көтеруіміз керек деп ұсындым, – деді Байден журналистерге.

Бір белдеу, бір жол жобасын 2013 жылы Қытай төрағасы Си Цзиньпин бастаған. Бұл Шығыс Азиядан Еуропаға дейін созылатын даму және инвестициялық бастамаларды қамтитын бірнеше триллион долларлық инфрақұрылымдық схема.

Бұған дейін Байден өзінің алғашқы толық баспасөз брифингінде әлем "төртінші өнеркәсіптік революциядан" өтіп жатқанын және Бейжің жаһандық үстемдікті орнатқысы келетінін айтқан.

– Мен Қытаймен қатаң бәсекелестікті көріп отырмын. Олар әлемдегі жетекші ел, әлемдегі ең бай мемлекет және әлемдегі ең қуатты мемлекет болуы үшін жалпы мақсат қойған. Менің кезімде бұлай болмайды, – деп мәлімдеді ол.

Байден осы аптада АҚШ-тың инфрақұрылымын жаңартудың бірнеше триллиондық жоспарын жарияламақшы.

Вашингтон кванттық есептеу, жасанды интеллект және биотехнология сияқты жаңа технологиялар инвестицияларының көбеюін қамтамасыз ететінін мәлімдеді.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп та Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасына қарсы жұмыс істейтінін айтқан. Алайда соңғы бірнеше жылда Латын Америкасындағы оннан астам ел мен Кариб теңізіндегі 10 ел Қытайдың жобасына қосылып үлгерді.

Оған қоса, Шығыс және Оңтүстік Еуропадағы НАТО-ға мүше елдердің барлығы дерлік Бейжіңнің жобасымен бірлестіктер құрды.

Refinitiv дерекқорының мәліметтері бойынша, өткен жылдың ортасына қарай 3,7 триллион доллар тұратын 2600-ден астам жоба "Бір жол, бір белдеумен" байланысты болған.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір