• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

07 Мамыр, 01:49:13
Алматы
+35°

Риэлторлар мен жылжымайтын мүлік агенттіктерін «алаяққа» теңейтіндер, «қызмет құны тым қымбат» дейтіндер көп. Ал шын мәнінде қалай? Көрсеткен қызметі үшін «атасының құнын» сұрайтын риэлторлар алаяқ па? Әлде жылжымайтын мүлік агенттіктері риэлторлардың арқасында ауадан ақша жасап отыр ма? Алданып жүрген кім? Төменде осы сұрақтарға нақты жауап береміз.

Құрылысы мен көші-қоны қарқынды жүріп жатқан Нұр-Сұлтанда жылжымайтын мүлік агенттіктері жетерлік. Олардың негізгі жұмыс бағыты екеу: пәтерді сату және жалға беру. Клиент тауып, біреудің пәтерін жалға беруден қомақты табыс түспейді. Мұндай қызметі үшін 15-50 мың шамасында ғана комиссия алады. Сол себепті көптеген агенттіктерге бұл бағыттағы жұмыс тиімсіз. Олардың негізгі табыс көзі – пәтерді сату-сатып алу келісімшарттары.

Әр агенттіктің пәтерді сатқан кезде алатын комиссиясы әртүрлі. Біреуі сатушы мен сатып алушыдан 1 мың доллардан алады. Оның 40 %-ы риэлтордың еңбегіне төленеді. Ал екінші бір агенттікте  нақты белгіленген баға бар. Және бұл баға пәтер бағасына байланысты өзгеріп отырады. Мәселен, Нұр-Сұлтандағы ірі агенттіктің бірі 50 миллионға дейінгі пәтер үшін сатушы мен сатып алушыдан 300 мыңнан алады. Яғни, бір пәтерден 600 мың пайда көреді. Бұл 600 мыңның 45%, яғни 270 мың теңгесін риэлтор алса, қалған 330 мың теңге агенттіктің шотына түседі.

Элиталық пәтерлердің мөлшерлемесі басқа. Құны 50 миллионнан асатын пәтердің сатылған сомасынан агенттік 1%-ын алады. Мысал үшін, HighVill тұрғын үй кешеніндегі құны 140 млн болатын пәтерді сатса, сатушы мен сатып алушының әр қайсынан 1 млн 400 мың теңгеден комиссия ұстайды. Сонда комиссияның жалпы құны 2,8 млн теңге. Мұндай элиталық пәтер сатқан риэлтор табыстың 50%-ын алады. Яғни, 1,4 млн теңге риэлторға тиесілі. Сол себепті де қатардағы қарапайым пәтерлерден гөрі, ауқатты клиенттермен жұмыс істеп, «майбидай» пәтерлерді сатқан әлдеқайда тиімді.

Бұл комиссиялар қалай белгіленеді? Агенттіктердің қызметіне осындай қомақты қаражат сұрауы қаншалықты заңды? Бұл сұраққа заңгер Абзал Құспан жауап берді:

 

– Дамыған Еуропа елдерінің бәрінде риэлторлардың қызметін реттейтін арнайы заң бар. Бізде жоқ. Сондықтан «күмәнді риэлторлар» көп. «Қара нарық» өте жақсы дамып тұр. Арнайы заң болмаған соң, олар заң бұзған болып саналмайды. 300 мың ба, 600 мың ба, қанша ақша алса да құқылы. Ол – ол ма, үйдің нақты бағасын бір тарапқа басқаша айтып, екінші тарапқа басқаша айтып, екі ортадағы маржасын ұстап қалады. Сондай жағдайдың өзінде олар қылмыс я алаяқтық жасаған болып есептелмейді. «Өз қызметім үшін алған маржам» дейді. Оған түк те істей алмайсыз. Бұл арада салық органдары салықтан қағылып отыр. Арнайы заң болса, салық органдары болсын, ішкі істер органдары болсын, сол заңның талаптарын сақтауды талап етер еді. Мұнда үш тарап бар: мемлекет, риэлторлар және тұтынушылар. Заңның жоқтығынан осы үш тарап та зардап шегеді: мемлекет ешқандай шара қолдана алмайды, тұтынушының қалтасы қағылады, риэлторлардың өздеріне де тиімсіз. Себебі салық төлеп, адал жұмыс істегісі келетін риэлторлар, шынайы бәсекелестік болмаған соң «күмәнді риэлторлардың» қызметінен қиындыққа ұшырайды. Ол риэлторлардың өздері де клиентке үй тауып беріп, шапқылап жүргенімен жұмыс істейтін агенттіктерінен ақшасын ала алмай қалса оған да ештеңе істей алмайды.  Ресми статистика бойынша осы саладағы нарықтың 80%-ы заңсыз жұмыс істейді. Осының бәрін реттейтін арнайы заң қажет.

 

Риэлтор жұмысы неден басталады?

Риэлторда белгіленген жұмыс кестесі жоқ. Күнделікті жұмыс таңғы тоғыздан басталады. Әр риэлтор кеңсеге келе салып, ОЛХ, krisha.kz сияқты жарнама платформаларына шолу жасап, «үй сатамын» деп жаңадан жарнама берген пәтер иелеріне қоңырау соғып, өз қызметін ұсынады. Мұндағы мақсат – өтімді пәтерлерді басқа әріптестерінен бұрын «иемденіп алу». Себебі бағасы да, орналасқан жері де ыңғайлы, күйі келісті пәтерлерді басқа риэлторлар қағып кетуі мүмкін. Ал қаланың бір шетінде, өзі ең үстіңгі қабатта орналасқан пәтерлерді сату қиын. Ол өтпейді, өтпеген соң табыс та жоқ.

Осылайша әр риэлтор өз базасын жасақтайды. Әрқайсының базасында кемі 15 пәтер болады. Пәтер иесімен келіскен соң, арнайы барып, суретке түсіріп, қажетті ақпаратты алып қайтады. Содан кейін пәтерді өзінің базасындағы клиенттеріне ұсынады, инстаграм, телеграм, ОЛХ, krisha.kz сияқты алаңдарына жарнамалауға кіріседі. Ақылы түрде, әрине. Және оған кететін қаражат риэлтордың өз қалтасынан шығады. Әр риэлтор айына кемі 20 мың теңгені жарнамаға жұмсайды. Неғұрлым көбірек жарнамаласа саудасы соғұрлым жүрмек.

Жарнаманы орналастырғаннан кейін үй іздеушілердің қоңырауына жауап беру, оларға пәтерді көрсету жұмыстары басталады. Яғни, пәтер сатылғанға дейін басы-қасында жүреді. Сатып алушы табылса, екі тараптың құжаттарын түгендейді. Пәтерге мұрагерлік талас жоқ па, құжаттары заңды ма, коммуналдық қарызы қанша, осындай факторлардың бәрін агенттіктегі арнайы базалар мен нотариус арқылы тексереді. Үйді несиеге алатын сатып алушыларға қажетті кеңес беріп, қаржылық мүмкіндіктерін есептейді. Клиент пәтерді қолма-қол ақшаға алса, бұл процесс бір айда аяқталады, ал несиеге рәсімдеген жағдайда 2-3 айға созылады.

Сол себепті де риэлтор болғысы келетін адамның қалтасында алғашқы екі айдағы күнкөрісіне жететін қоры болуға тиіс. Агенттік риэлторына көк тиын бермейді, тұрақты жалақы жоқ. Жұмысқа тұрған күннен бастап барлық шығынды риэлтор өзі көтереді. Бір-екі пәтер сатып, табыс табамын дегенше бірнеше ай өтіп кетуі мүмкін. Осындай қатері көп, мазасыз жұмыс болғандықтан мұндағы жұмысқа көп адам да шыдамайды. Риэлторлардың келуінен кетуі жылдам. Ал агенттіктер еңбекқор, пысық риэлторларға зәру. Жұмысқа қазір барсаңыз қазір алуға дайын.

Екі жылдан бері риэлтор болып жұмыс істеп жүрген Назира Құлманова кәсібі жайлы былай дейді:

 

– Біздің жұмысымыз – елге ең бір сүйкімсіз жұмыс сияқты көрінеді. Ал біздің біреудің пәтерін сатып бергеннен басқа, біреуге пәтер тауып бергеннен басқа жазығымыз жоқ. Адамдардың бізді неге «сұмырай» санайтындарына таңғаламын. Себебі біз ешкімді алдамаймыз. Әуел бастан қызметіміздің құнын ашық айтамыз, ештеңені жасырмаймыз. Клиенттер өздері соған келіседі. Жұмысымыз заңды. Шындығында бәрі керісінше, бізді әуре-сарсаңға салып, арамтер қылатындар көп. Үздіксіз қоңырауға жауап беру, әр клиентке бар ақпаратты жеткізу, олардың қалағанындай пәтер табу оңай шаруа емес. Жұмыс күні кешкі алтыда аяқталса да, өзіміз үшін түнгі он, он бір демей клиенттерге пәтер көрсетіп жүреміз. Себебі күндіз елдің бәрі жұмыста. Пәтерді кешкісін немесе демалыс күндері ғана көрсете аласың. Қала үлкен. Көбіне таксимен жүреміз. Үйді көретін клиенттер «келемін» деп алады да, не келмей, не телефонға жауап бермей қояды. Әуре болып, шығындалып тағы қайтасың. Көп пәтер иелері пәтерлерін жалға беріп қойған. Ондағы жалдап тұратын адамдар да бара берсең жақтырмайды. Боқтық сөздер айтып, ит теріңді басыңа қаптайтындары аз емес. Сөйтіп шапқылап жүрсең кейбір пәтер иелері, саған айтпай, өзі клиент тауып, пәтерін сыртыңнан сатып жібереді. Мұндайда жігерің құм болып, еңбегің еш кетеді. Біздің қоғамға жауапкершілік, адалдық, уәдеде тұру, келісімді бұзбау, айтқан уақытта келу, мәдениетті сөйлесу деген қасиеттер жетіспейді. Мұның бәрі жүйкені жеп қояды. Бірақ қанша шаршасаң да, мол табыс табуға мүмкіндік бар. Жұмыс істеп жүрген екі жылда ең аз алған айлығым 400 мың, ең көбі 2,5 млн теңге болды. Неғұрлым көп пәтер сатсаң табысың да соғұрлым жоғары. Тұрақты 100-200 мың айлыққа қарап отырмайсың. Артықшылығы сол».

 

Ақбота ӘБІЛТАЙ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір