• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 12:16:24
Алматы
+35°

10 Мамыр, 2019 Әлеумет

60 жастан асып, танымал болған тұлғалар

60 жастан асқаннан кейін жетістікке жетуге бола ма?

60 жастан асқаннан кейін жетістікке жетуге бола ма? Бұл сауалдың жауабы көпшілігімізді қызықтырады. Сол себепті Qamshy.kz ақпарат агенттігі сіздерге іскерлік өмірі 60 жастан асқаннан кейін басталып, айтарлықтай жетістікке жеткен тұлғалардың үздік ондығын ұсынады.

Фрэнк Маккорт (әдебиет)

Фрэнк Маккорт (әдебиет)

Фрэнк Маккорт (1930-2009) 27  жыл бойы орта мектепте ағылшын тілінен сабақ берген ұстаз. Ол 1996 жылы зейнеткерлікке шыққаннан  кейін уақытын текке өткізбестен жазушылыққа ден қоя бастайды. Ақыры Фрэнк Маккорт «Анжеланың күлі» (Прах Анджелы) атты кітабын жарыққа шығарды. Сәтті жазылған туынды миллиондаған тиражбен тарап, көп ұзамай бестселлерге айналды.

Осы еңбегі үшін Пулитцер сыйлығын және Кітап сыншыларының ұлттық қауымдастығының жүлдесін иеленген.

Ол қарапайым ұстаздық қызметінде жүрген кезден бастап, 60-тан асқанда үлкен жетістікке жетерін іштей сезген екен.

Бхактиведанта Свами Прабхупада (дін)

Бхактиведанта Свами Прабхупада (дін)

Бхактиведанта Свами Прабхупада (1896-1977) Үндістанда дүниеге келіп, өмірінің жартысынан көбін осы елде өткізген адам. Алайда 69 жасында өмірін түбегейлі өзгертіп, «Үндістанның қасиетті даналығын тарату» мақсатында АҚШ-қа келеді. Ол АҚШ-қа келген кезде қалтасында артық бір тиын ақшасы болмағанын ескере кеткен жөн.

Алайда ол еңбектік арқасында өз қауымдастығын құрып, әлемді он рет шарлап шыққан. 2000 жылдардың басында Прабхупаданың кітаптары 60 тілге аударылып, 500 млн. тиражбен тараған.

Оның артынан ерген адамдардың әрекетін түсіну қиын, әрине. Оларды адасқандар деп те айтып жатамыз. Бірақ оның 69 жасқа келіп мүмкін емес нәрсені мүмкін еткенін жоққа шығара алмаймыз.

Мэри Делани (өнер)

Мэри Делани (өнер)

Мэри Делани (1700-1788) – ағылшын суретшісі. Ол 72 жасында өзі ойлап тапқан қағазға түсірілген коллаждардың авторы. Мэри өсімдіктерге өзінше жан бітіріп,  коллаж бен аппликацияларды зерттей келе өсімдіктердің өзгеше суретін сала бастады.

Тіпті III Георг патша мен Шарлотта патшайым Виндзорда орналасқан керемет үйді Мэриге сыйға тартқан. Ол сол үйде өмірінің соңына дейін бақытты күндерін өткізді.

Лора Инглз-Уайлдер (әдебиет)

Лора Инглз-Уайлдер (әдебиет)

Лора Инглз-Уайлдер (1867-1957) — американдық жазушы. «Шіркеудегі шағын үй» атты балаларға арналған кітаптар сериясының авторы. Өзінің мансап жолын 65 жасында бастап, көп уақыт өтпей есімі таныла бастаған.

Оның кітаптары көптеген тілдерге аударылып, түрлі баспаларда жарық көрген. Тіпті АҚШ-та жазушының атындағы кітап жүлдесі тағайындалған.

Эстель Гетти (театр)

Эстель Гетти (театр)

Эстель Гетти (1923-2008) — американдық актриса. Ұзақ жылдар бойы оның рөлдерін ешкім көзге ілмей келген. Алайда ол «Алтын қыздар» атты телевизиялық сериалда София Петриллоның рөлін сомдағаннан кейін оны әлем таныды.

Ол кезде актрисаның жасы 63-те болатын.

Фауджа Сингх (атлетика)

Фауджа Сингх (атлетика)

Фауджа Сингх (1911) – Үндістанда дүниеге келген, алайда Ұлыбританияның азаматы. Өте ерекше жағдай... Өйткені ол өзінің алғашқы марафонын (42 шақырымдық) 89 жасында жүгіріп өткен. Ең қызығы ол осындай іс-шараларға қатысуын әлі де тоқтатпаған.

2011 жылы толық марафонды жүгіріп өткен 100 жастағы «Ең қарт марафоншы» ретінде Гиннестер рекорды кітабына енді.

Қазір Сингхтың жасы 108-де, алайда ол күн сайын 5-8 км-ге жүгіруді әдетке айналдырған. «Ақтық демім қалғанша жүгіруді тоқтатпаймын», - дейді ең қарт марафоншы.

Клара Пеллер (поп-өнер)

Клара Пеллер (поп-өнер)

Клара Пеллер (1902-1987) – американдық актриса. 81 жасқа келгенде Wendy’s мейрамханалар желісі үшін түсірілген жарнамаға қатысқан.

Жарнама ролигі өте қарапайым болса да көрермендердің көңілінен шыққан. Біршама жасқа келгеніне қарамастан, ірі компаниялардың бірінің бетке ұстар имиджіне айналған.

Мозес әжей (өнер)

Мозес әжей (өнер)

Мозес әжей (1860-1961) – американдық әуесқой-суретші, американдық суреттегі примитивизмнің негізгі өкілдерінің бірі. Оның құрметіне Шолпан жұлдызындағы кратер Мозес деп аталады.

Атақ пен абырой оған 78 жасында келді. Ол өнердің нағыз шеберіне айналды. Алайда, мұның барлығы кездейсоқ жағдайдан басталған.

1938 жылы танымал коллекционер Мозестің жұмыстарын байқап қалып, Нью-Йорк қаласындағы Заманауи өнер мұражайына қоюды шешеді. Содан кейін әжейдің жұмыстары почта хаттарында, арнай постерлерде және ыдыс-аяқтардың сыртында пайда бола бастады.

Содан кейін ол туралы арнайы өмірбаяндық фильм түсірілді, ал 93 жасында Time журналының мұқабасына шықты. Мозес әжей дүние салғанда Америка мен Еуропаның бірқатар басылымдары ол туралы жазып жатты.

Гарри Бернстайн (әдебиет)

Гарри Бернстайн (әдебиет)

Гарри Бернстайн (1910-2011) – Ұлыбританияда дүниеге келген американдық жазушы. 93 жасында өзінің «Көрінбейтін қамал: кедергілерді жеңген махаббат хикаясы» атты кітабын жазған. Кітапты басып шығару мүмкін емес болған. Өйткені барлығы кәрі шалдың шимайына бас қатырғысы келмеген.

Күдерін үзбеген қарияның арманы 96 жасында орындалды. Кітабы жарыққа шығып, Гарридың атағын әйгіледі.

«Полковник» Гарланд Сандерс (бизнес)

«Полковник» Гарланд Сандерс (бизнес)

Харланд Дэвид Сандерс (1890-1980) – әлемдегі ең әйгілі ресторатор, Kentucky Fried Chicken (KFC) фаст-фуд мейрамханалар желісінің негізін қалаушы.

Өңі жылы, жүзі жарқын бұл ақсақалды танымайтын адам жоқ шығар. Ал ол өз кәсібін 65 жасында бастаған. 10 жылдың ішінде 600 мейрамхана ашып, желідегі өзінің үлесін 2 миллион долларға сатқан.

Бүгінде оның бейнесі KFC-дің фирмалық брендіне айналған.

Біз 60 жасында атағын аспандатқан танымал тұлғалардың тек ондығымен ғана таныстырдық. Қартайғанда жетістікке жетіп, кәрілікті іскерлікпен өткізіп жатқан адамдар бұдан да көп. Бірақ өміріңізді өзгертіп, толағай табыстарға жеткіңіз келсе, 60 жасты армандап жатудың қажеті жоқ. Бүгіннен бастап іске кірісіңіз!

Дайындаған: Маржан Сәбет

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір