• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 17:25:00
Алматы
+35°

19 Сәуір, 2017 Әлеумет

60 жастағы ер адам 17 жыл бойы құлдықта болғанын мәлімдеді

60 жастағы Юрий Тырловты біреулер осыншама уақыт жұмысқа жегумен келіпті, деп жазады

60 жастағы Юрий Тырловты біреулер осыншама уақыт жұмысқа жегумен келіпті, деп жазады Қамшы АА. Тек қолына күрек ұстай алмайтын халге жеткенде, әлгі қожайындары оны бостандыққа жіберген көрінеді. Ескі мекен-жай бойынша үйіне тартқан жарымжан азамат, баспанасын да орнынан таппай қалған. Құжаты да, жақындары да жоқ ол қазір ауруханада жатыр.

КТК арнасының хабарлауынша, оған жұмыс ұсынып, шалғайдағы ауылға алып кеткен. Ол жерді өзі Жамбыл облысының Қордай ауданы деп отыр. Содан бері Юрийдің көрмеген қорлығы қалмапты.

 «Бәрін істедім. Қойларды бақтым, тамақтандырдым, тазаладым, айтқандарының бәрін істедім», дейді Юрий Тырлов тілшіге берген сұхбатында.

Осылай жылдар бойы жұмысқа жегілген. Тек денсаулығынан айырылып, еңбекке жарамсыз күйге жеткенде ғана, қожайындары Алматыға әкеліп тастапты. Ал 17 жыл бойғы жұмысы үшін қолына ұстатқандары – мың теңге ғана. Онсыз да азаптан әрең құтылған Юрий Тырлов мұнда келгенде де қиындыққа тап болған.

Юрий Тырлов: «Қайтып келсем, үйім жоқ. Менің жеріме балабақша салып тастаған».

Енді Юрийдің құжаты да, жақындары да жоқ. Ал денсаулығы сәл де болса түзеліпті. Мұнда ол жедел жәрдеммен өлімші күйінде жеткізілген екен.

Ер адамның қазіргі жағдайына қатысты невролог Күләш Бабаева былай дейді:

- Келген кезде есін дұрыс білмейтін. Мұрыны жарылған. Беті қан. Көп нәрсені айта алмайтын.  Ол кісіде сол жағындағы қол мен аяғы сал болып қалған. Тілі күрмеледі.

Қазір палатадағы өзге науқастар керек-жарағын алып, оған барынша көмектесуде. Юрий де тек соларға мұңын шағыпты.

Алматы қаласының тұрғындарының айтуынша, ер адамның ересек балалары бар, оны солар ұрған көрінеді. Ал, шешесі Қытайдан келген екен. Юрийге адамдардан гөрі қойлар жолдас болған.

Енді санаулы күндерден кейін қария бұл жерден шығарылады. Бірақ, барар жері болмағандықтан, дәрігерлер оны медбикелік күтім ауруханасына жібермек. Онда да тек 10 күндей паналай алады.

Сондықтан, дәрігерлер қазір құзырлы орындармен бірігіп, Юрий Тырловтың жақындарын іздеп жатыр. Қорлық көрген азаматтың өзі сотқа шағымданбақ. Сөйтіп, құлдыққа жеккендердің жазаға тартылғанын қалайды. Ал олардың түр-түсін де, әлгі ауылға барар жолды да білемін деп отыр.  


 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір