• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 21:11:27
Алматы
+35°

18 Сәуір, 2019

52 жылдан кейін "Қара қыпшақ Қобыланды" дастан-драмасы қайта сахналанды

Бұл спектакльге актерлық құраммен күні-түні дайындық жүргізгенін айтқан режиссер жастарға басымдық берілгенін атап өтті.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма ­театрында араға 52 жыл салып, «Қара қыпшақ Қобыланды» дастан-драмасы қайта сахналанды. Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі anatili.kazgazeta.kz сайтының дерегін негізге алып. 

Қойылымның актерлық құрамының ерекшелігі – жастар мен тәжірибелі сахна саңлақтарының біріктірілуі. Бұл спектакльге актерлық құраммен күні-түні дайындық жүргізгенін айтқан режиссер жастарға басымдық берілгенін атап өтті.

– Спектакльдің актерлік құрамы театр басшылығымен келісе отырып таңдалды. Биыл 2019 жыл «Жастар жылы» болғандықтан, басшылықтың талабы жастарды сахнада көру болды. Бұл ой маған өте ұнады. Болашақ жастардыкі. Жастар осындай үлкен мектепті көріп ары қарай дамуы керек. Кешегі актерлер ертең осы театрды алға сүйрейді деп сенемін, – деді Н.Жақыпбай.

Бұл қойылымнан жас актерлардың шыңдалып, тәжірибе жинақтап келе жатқанын көруге болады. Айта кетсек, Қобыланды рөлін жас актер – Ғалымбек Оспанов, Құртқа рөлін – Қазақстан ­Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының ­лауреаты Ләззат Қалдыбекова, Қара­манды – Мағжан Асаубай сомдады. Соны­мен бірге сахна майталмандары Айдос Бектемір, Болат Әбділманов, Дулыға Ақмолда, Назгүл Қарабалина, Баян Қажынабиева сынды актерлар өнер көрсетті.

Сахнаны декорациямен көркемдеген қоюшы суретші – Мұрат Сапаров. Оның қолтаңбасы шығарманың көрерменмен байланысына ықпал етті.

– Қобыландының бізге жеткен 29 нұсқасы бар. Біз қойған нұсқа Мұхтар Әуезовтыкі. Себебі жазушы сахналық нұсқасын дайындаған. Қойылым көрерменнің көңілінен шықпаса, телефон шұқылап отырады, кетіп қалады. Ал кешегі қойылымда жастар көп болды. Жастарға ұнаса өте жақсы. ­Жастар назарын қазір интернеттен, телефоннан театрға аудару өте қиын. Екі сағат қойылымды көріп отыру оңай емес, әсіресе жас буынға. Бірақ кеше көрермен жақсы қабылдағанын байқадым, – дейді қойылымның қоюшы суретшісі М.Сапаров.

Қойылымды қою үшін барлық мүмкіндіктер қолданылған. Жоғары көтеріліп-түсетін сахна, шеңбердің айналуы, Қобыландының ұшатын Тайбурыл аты… тағысын тағы дегендей. Жаңа қойылымда Тайбурылдың өзі негізгі кейіпкерге айналған. Ал Көклан шығар­мада жағымсыз кейіпкер болса, ол қойы­лымда өз трагедиясы бар, мәңгі жасайтын көріпкел бейнесінде сомдалыпты.

1967 жылы екінші рет қойылып, сахнада ұзақ жүрген пьесаның сөздері сол қалпында сақталған. Дегенмен, жаңа қойылым қазіргі заманға лайықталып берілді.

Айта кетейік, қойылым алғаш рет 1946 жылы Қапан Бадыровтың, ал 1967 жылы Әзірбайжан Мәмбетовтің режис­серлігімен қойылған. Араға 52 жыл салып қайта қойылған пьеса енді әкемтеатрдың репертуарынан берік орын алған.

Ұсынған: Әсел Болатқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір