• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 18:29:25
Алматы
+35°

27 Желтоқсан, 2018 NEWS

52 мигрант өртеніп кеткен автобус иесі Қазақстанға қайтарылды

"Техникалық ақауы бар автобусты заңсыз пайдаланған" деп күдікке ілінген 46 жастағы Ордухан Мехтиев - Қазақстан азаматы.

Ақтөбеде биыл қаңтарда өртеніп, "салонындағы 52 өзбек азаматы тірідей жанып кеткен" автобустың иесі Өзбекстаннан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы 26 желтоқсанда Қазақстанның Бас прокуратурасы хабарлады.

"Техникалық ақауы бар автобусты заңсыз пайдаланған" деп күдікке ілінген 46 жастағы Ордухан Мехтиев - Қазақстан азаматы. 2018 жылғы 18 қаңтар күні жолаушылар автобусы өртеніп кеткен соң Мехтиев қазақстандық құқық органдарына келмей, тергеуден қашып жүрген. Кейін Түркістан облысының Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасы оған халықаралық іздеу жариялап, Қылмыстық кодекстің "Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару" туралы 348-бабының 4-тармағы бойынша айып таққан. Ордухан Мехтиев 20 қарашада Ташкенттің Сергелі ауданында ұсталған.

Қазақстан Бас прокуратурасы Ордухан Мехтиевтің 26 желтоқсан күні Шымкент қаласындағы тергеу изоляторына жеткізілгенін мәлімдеді.

Биыл 18 қаңтарда Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықта Шымкент - Самара жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.​

Кейін Ақтөбеде қайғылы оқиғаға байланысты іс қозғалып, бес адам қамалған. Аман қалған үш жүргізуші биыл қараша айында бес жылға, автобусты жалға алған "Азия транзит сервис" компаниясының құрылтайшысы мен автбоус механигі үш жарым жылға сотталған.

Сот шешімімен сотталушылар қайтыс болған Өзбекстан азаматтарының туыстарына 2 млн теңгеден ($5400) моралдық өтемақы төлеуі тиіс.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір