• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 15:46:00
Алматы
+35°

07 Ақпан, 2018 Әлеумет

500 теңге дауы: Ұлттық банк Qamshy.kz порталының сауалына жауап берді

Ұлттық Банк үшін ұлттық құндылық емес, әсемдік маңызды болып тұр.

Даудың басы – ақшадағы «көгершін»

2017 жылы айналымға енген 500 теңгелік банкнот халықтың қолына тимей жатып сынға ұшырады. Ақшада бейнеленген көгершіндер кәдімгі шағала болып шыққан. Оның өзін ақша шығарушылар шетелдік фотографтардан ұрлаған деседі. Алайда Ұлттық Банк мұны теріске шығарды.

Алғашында швейцариялық фотограф Марсель Буркхард 500 теңгелік банкнотта өзі түсірген суреттің қолданылғанын айтты. Бірнеше күннен кейін оның қатарына канадалық фотограф Кейт Тестер қосылды. Ол да банкноттағы шағаланың бірі өзіне тиесілі екенін мәлімдеп, Ұлттық Банкке суреттің интернеттен алынғанын мойындауы керектігін ескертті. Фотограф өзінің Фейсбук парақшасында суретті 2010 жылдың тамызында Канададағы бір жағалауда түсіргенін жазған.

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің журналисімен тілдескен Марсель Буркхард та арнайы сертификат талап етті.

Екі фотограф банкнотта бейнеленген шағалалардың өздеріне тиесілі екенін мойындатып, еңбектеріне лайықты өтемақы алуды мақсат тұтқан. «Құстардың қимыл-қозғалысы ұқсас болады, дизайнерлер ешқандай графикалық бағдарлама қолданбай, суреттерді қолмен салады», - деп мәлімдеген Ұлттық банктің жауабына Буркхард пен Тестер қанағаттанбады. Олар шағаланы дәл осылай суретке түсіру мүмкін емес екенін алға тартып отыр. Осы орайда Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ұлттық Банкке ресми сауал жолдаған еді. Банктің жауабы араға 20 күн салып бірақ келді.

Қазақ теңгесіндегі «орыс астанасы»

Банкноттағы «Москва» бизнес-орталығы да халықтың ашуына тиді.

Былтыр желтоқсанда болған Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл банкноттағы бизнес орталықтың еш символдық мәні жоқ екенін баса айтқан.

«Жаңа 500 теңгеде кескінделген елордадағы «Москва» коммерциялық бизнес орталығының бүкіл Қазақстан үшін еш ізгі символдық мәні жоқ. Шындап келгенде, әлемде ұлттық валютада таңбаланатын бейне символдық мәнге ие болып келеді. Сондықтан оған қоғам да, орталық банктер де бей-жай қарамайды», - деген Смағұлов ұлттық валютамызда не бейнеленетінін қоғамдық талқыға шығару керектігін айтты.

Ал Ұлттық Банк бизнес-орталықтың архитектуралық әсемдігін ғана негізге алыпты.

«Егер «Қазақ елі» сериясының басқа банкноттарына қарасақ, олардың мемлекетке тиесілі – тиесілі еместігіне қарамастан, бет жағында Қазақстанның астанасы – Астана қаласының архитектуралық сан алуандығын көрсететін ғимараттар мен құрылыстар бейнеленген. Мәселен, «Қазақ елі» ескерткіші, Парламент Сенатының ғимараты, Тәуелсіздік сарайы, «Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Хан шатыр» сауда үйі.

«Москва» бизнес-орталығы елорданың кеңінен танымал ғимараты болып табылады және банкнотта бейнеленген кезде Ұлттық Банктің дизайнерлері бұған тек архитектуралық маңыздылығы тұрғысынан қарап, бейнені банкноттың бет жағына элементтерді көркемдік орналастыру сияқты эстетикалық қағидатқа сәйкес пайдаланды», - делінген Ұлттық Банктің жауабында.

Яғни Ұлттық Банк үшін ұлттық құндылық емес, әсемдік маңызды болып тұр.

Ұлттық Банк сертификат бермейді

Ұлттық банктен сарыла күтіп жүрген жауаптары шетелдік фотографтардың көңіліне жақпасы анық. Себебі шағалалардың әлгі фотографтарға тиесілі екенін банк мойындаудан бас тартты.

«Олар фотография болып табылмайды. Сонымен бірге Ұлттық Банк сертификат шығармайды», - деп жауап берді банк Qamshy.kz жолдаған сауалға.

Егер Буркхард пен Тестер сотқа жүгінсе, Ұлттық Банк өзін және ұлттық мүдделерді қорғау үшін заңды құқықтарды пайдалана алатынын айтты. 

Шетелдік суретшілер ендігі кезекте қандай амал қолданатындары белгісіз. Ұлттық Банк банкноттың дизайнын өзгертуді де жоспарламайды.

Ал осы кезге дейін қолданылып келген ескі ақша 2020 жылдың маусымына дейін айналымда болады. Одан кейін шетелдік фотографтардың шағалалары мен тарихи маңызы жоқ сауда үйі бар 500 теңгелік банкнотты қолдануға мәжбүр боламыз.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір