• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

02 Мамыр, 08:02:57
Алматы
+35°

04 Шілде, 2019 Айтты-ей, бауырың!

"Жиеннен жеру" жөн білгендік пе?

"Жиен ел болмайды, желке ас болмайды" дейді қазақ.

Қарға тамырлы қазақтың туыстық қарым-қатынасы, жік ажырату жүйесі соңғы уақыттарда қалыптан ауытқығандай. Қыздың жатырынан тараған өзге қанды өзінің немересі көретіндер туралы Батырболат Айтболатұлы өз парақшасында тамаша жазба жариялаған. Qamshy.kz ақпарат агенттігі сол жазбаның мұртын бұзбай оқырмандарға беруді жөн көрді. 

Соңғы жылдары жиі аңғарылатын жөнсіз үрдістің бірі – үлкен буынның, жасамыс аға-апалардың "жиен" деген сөзден жаппай жеріне бастауы. Олар жиенін "немере" деп атағанды айрықша артықшылық көретін тәрізді. Тіпті ел танитын, жастарға жөн көрсетеді-ау деген сыйлы-беделді кісілердің өзінен соны байқаймыз. "Жиен" деген сөз бейне айтуға ауыз бармайтын ұятты атау сияқты өз-өзінен бүгежектеп, ең жоқ дегенде міндетті түрде "жиен немере" деген ойдан шығарылған "жаңа" атаумен қосақтап айту әдет болып барады. Біздің ойымызша, бұл дағды негізінен өз кіндігінен өрген ұлы жоқ, ішкі қорсыну-комплексі барлардан шыққан болса керек. Кейін үлкен-кішінің бәріне "жұқты".

Әрине, ата-ана ұлы болмағанына жазықты емес. "Ал сонда қызынан туған, ол да Құдай берген ұрпағына "жиенім" деп еміренген бұрынғылар жазықты ма?" деген орынды сауал туады. Әлде олардан біздің бірдеңеміз артық па? Жоқ, әлбетте. Ендеше, әр нәрсені өз атымен атау керек қой, қазақы ұғымда жиен бөлек те, немере бөлек емес пе?!

Құдайға шүкір, қазақ тілі өзге халықтардағыдай туыстық атауға кедей емес, барлық туыстық жіктің жеке-дара өз атауы бар. Бір ғана "брат" деген сөздің алды-артына түсініктеме беруге мәжбүр немесе келін мен қалыңдықты "невеста" деген бір ғана сөзбен атайтын орыс тілінен гөрі қазақ тілі туыстық атауға бай. Ғылыми тілмен айтсақ, олардың функциональдық қызметі де соншалықты нақты айқындалған, жетілген.

Халқымыздың ежелден бауырмал, туысшыл, қаншыл болмысы мен мал шаруашылығын кәсіп еткендігінен қазақта туыстық атаулар мен малға қатысты атаулардың, анатомияның, тағы басқа біраз сала атауларының айрықша молдығы және мейлінше жетілгендігі белгілі. "Аңғалдық-ай, аңғалдық, үстінде отырып алтынның, басқаның күмісіне таңғалдық" деп Есенғали ақын айтпақшы, қыз бен ұлдан тарайтын ұрпақтың ара-жігін ап-анық ажыратып тұрған "жиен" мен "немерені" жалғыз сөзбен "внук" ("внучка") деп таңбалайтын туыстық атауға кедей, жат тілдің "қаңсығын таңсық қылуға" бізді сонда не зор айдады?

Біздіңше, бұл қазақ қоғамының ең бір қаймағы бұзылмаған арнасы саналатын салт-дәстүр институтына да "орысшылдық" дертінің салқыны жіңішкелеп өте бастағанын көрсетеді. Әйтпесе, мұрагер ретінде ұлдың орнын бөлекше бағалап, өз басынан ұрпағының жалғастығын артығырақ көретін арлы қазақ "асыраушым, жанашырым болады" деп қыз балаға қаттырақ қуанатын жат жұрттың, өзге ділдің ықпалына бой ұрар ма еді?!

Мұның артында қазақ үшін маңыздылығы зор демографияның біраз түйткілді мәселесінің де құлағы қылтияды. Ол – өзінше бөлек әңгіме. Қалай болғанда да, нендей желеу айтса да, біз қазақтың қазіргі үлкендерінің жиенін жаппай «немере» деп бұрмалауын құптамас едік. "Қыздан туған немерем", "мен қыздан туған шөбересімін" деп сөйлейтін қазақтар көбейді. О, тоба, сондағы айтып отырған, алдыңғысы – жиен, кейінгісі – жиеншар. Қыздан туған соң-ақ ол немере, шөбере болмайды, жиен немесе жиеншар болады!

Ау, ағайын, "жиен" деген сөз қорлық емес қой? Әлде сіз басқаша ойлайсыз ба?

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір