• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 05:08:36
Алматы
+35°

16 Маусым, 2019 Саясат

Басшылар басқосуы. Путин мен Рахмон құшақтасып, Тоқаев топтан тысқары жүр (видео)

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) V саммиті  өтті.

15 маусымда Тәжікстан астанасы Душанбеде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) V саммиті  өтті. Оған  Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Саммитке Тоқаевтан бөлек, Владимир Путин, Си Цзиньпин, Хасан Рухани, Шавкат Мирзияев, Абдулла Абдулла және басқа да 27 елдің басшылары қатысқан. Тәжікстан астанасында осындай өкілдік делегация алғаш рет жиналды. Сондықтан болар саммит өтерден бір күн бұрын, яғни,14 маусымда  Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысушылар үшін "Достық кешін" ұйымдастырды. Душанбе маңындағы Варзоб шатқалында орналасқан ел резиденциясында саммитке жиналған мемлекеттердің президенттерін қабылдау өтті.  

Ресейлік журналист Дмитрий Смирнов өзінің Twitter парақшасында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның  Ресей президенті Владимир Путинді құшақтаған сәтін "Путин мен Рахмон Душанбеде: президенттік деңгейдегі құшақтасулар" деп жазған. 

Ал Қазақстандағы әлеуметтік желілерде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттер басқосуында топтан тысқары жүрген суреті қызу талқыланды. Фейсбук қолданушылары Тоқаевты Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев сияқты "президенттер басқосуында топтың ортасында жүріп, көпшіліктің назарына түсе алмады" деп сынап жатыр.

Тоқаев

Ақорданың жазуынша, Тоқаев Тәжікстанға барған сапарында бірнеше елдің басшыларымен кездесті. Олардың қатарында Катар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Тани,Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бар.

Тоқаев өз баяндамасында Эмомали Рахмонға қонақжайлылығы, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және президент болып сайлануымен құттықтағаны үшін ризашылық білдірді. Сонымен қатар, ол Тәжікстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығы Кеңесті Азия аймағындағы өте маңызды мәселелерді шешу ісіне белсенді жұмылдыруға септігін тигізетінін айтты.

Тоқаев 1992 жылы БҰҰ-да Қазақстанның алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес өткізу жөніндегі ұсынған идеясы Азия құрлығының тарихында жаңа кезеңге жол ашқанын айтты.

"Бүгінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес – Азия өңіріндегі 35 мемлекетті және жер шарындағы халықтың жартысына жуығын біріктіріп отырған тиімді көпқырлы құрылым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті қақтығыстардың өрши түскенін, қауіпсіздік механизмдерінің эрозиясын, сауда және санкциялық соғыстарды, сондай-ақ, халықаралық терроризмнің белең алғанын атап өтіп, өңірдегі қауіпсіздікке төнген қатердің, идеологиялық, этникалық және дінаралық қайшылықтардың өршіп келе жатқанына алаңдайтынын айтты. Осыған орай, ол Азиядағы қауіпсіздіктің түйткілді мәселелерін шешу үшін жүйелі әрі кешенді әдістердің қажет екеніне тоқталып, аталған проблемаға байланысты Қазақстанның ұстанымын жеткізді.

"Барша достарымыз бен серіктестерімізді Форумның тиімділігі мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін күш-жігер жұмылдыруға шақырамыз. Толыққанды өңірлік ұйым болу үшін бізге кеңесті рет-ретімен, біртіндеп трансформациялау қажет. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті институционалды түрде қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған, құқықтық базасы әзірленген, оның тұрақты құрылымдары жұмыс істеп жатыр", – деді Тоқаев.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір