• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 22:47:56
Алматы
+35°

12 Маусым, 2019 Саясат

Тоқаев айтқан Қоғамдық келісім ұлттық кеңесіне кімдер кіргені дұрыс?

Мемлекет басшысы елімізде жаңа органның құрылатыны туралы мәлімдеме жасады. Ол - Қоғамдық келісім ұлттық кеңесі.

Мир 24

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатын болды. Қазір  Президент әкімшілігінің өкілдері  саяси партиялар, үкіметтік емес ұйым басшыларымен, азаматтық сектор және қоғам белсенділерімен кеңесті құру және қалыптастыру жөнінде талқылау өткізуде.

Президент Тоқаев атап өткендей, жаңа орган билік пен қоғам арасында диалог орнату үшін құрылады. Кеңеске жастарды қоса алғанда барлық қоғам өкілдері қатысады. Президент Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы 2019 жылдың тамызында өтетінін атап айтты.

–Мен Қоғамдық келісім ұлттық кеңесін құруға шешім қабылдадым. Кеңес құрамына қоғамдағы барша таптың өкілдері, сонымен қатар, жастар кіреді. Жаңа органның алғашқы отырысы тамыз айына жоспарланған. Билік халық алдындағы уәдесін орындауы тиіс, - деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы "Астана Опера" театрының ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне 9 маусым күні дауыс беруге келген күні де елді ауызбіршілікке шақырып, кез-келген оппозициялық күшпен және жастармен ашық диалог өткізетінін тағы мәлім етті.

– Мен жастар санатына кіретіндердің барлығы халқымыздың алдында тұрған маңызды мәселелерді шешу жолында бірігетініне сенемін. Әлем тұрақсыз болып барады. Соған қарамастан, біз адамдардың пікіріне құрметпен қараймыз. Біз билікке қарсы адамдармен де, қолдайтындармен де ашық диалог жүргізуге дайынбыз.  Кешірілмейтін қылмыстар да болады, әрине. Бірақ пікір айтуға барлығы құқылы. Мен жастарды билік бағытына сабырмен қарауға шақырамын. Біз елімізді дамыту үшін бәріміз бір болуымыз керек, ашық диалогтар ұйымдастыруымыз керек", - деді президент.

Шындығында да Қазақстан халқының басым бөлігінің даусын алып, қызметіне кіріскен Тоқаевтың бұл бастамасы өте дұрыс. Елді мәмілеге шақырған Қасым-Жомарттың бұл бастамасы қоғамнан қолдау тапты. Қазіргі уақытта барлық деңгейде талқылау жұмыстары жүргізілуде. Ұсыныстар мен пікірлерді Президент әкімшілігінің өкілдері ескеруде. Әрқайсысымен кездесу өткізуде. Бұл әрине  елімізде азаматтық қоғамды қалыптастыру мен дамыту үшін өте керек.

Жастардан жаңашылдық көріп, олардың мемлекетті дамытуға қатысты пікірін біліп, сезіп отырған Тоқаевтың бұл қадамы құптауға тұрарлық. Бұл елді жаңаша құруға арналған бетбұрыс деп атау керек.

Дұрыс. Қостаймыз. Бірақ аталған кеңестің мәртебесі қандай болуы керек? Оған кімдер кіргені дұрыс? Бұл – ең басты мәселе. Тағы оған қартайған "қайраткерлер" кіре ме? Мұндай кеңеске елдің мұң-мұқтажы мен  сөзін айтатын халық өкілдері енуі тиіс. Тамызда отырысы басталатын кеңес шын мәнінде елдің сеніміне ие болуы қажет. Бұл кеңеске айтарын айтып болған бата бергіш шалдар мен коммунизм дәуірін көрген қарасақалдарды мүлде кіргізуге  болмайды.

Ел жастары нені қалайды, орта буындағы азаматтардың көзқарасы қандай? Олар еліміздің дамуын болашақты қалай көргісі келеді? Мұның барлығы кеңесте ашық талқыланып қана қоймай, таяу болашақта жүзеге асуы қажет.  Сондықтан бұл кеңесте халықтық өкілдердің, креативті жастардың көбірек болғаны жөн және талқыланған жайттардың жүйеленіп,  жүзеге асқаны дұрыс.

Мәмілегер саясаткер Президент Тоқаев айтқан сөзін орындайды және кеңесте талқыланатын халықтық  пікірге құлақ асады деп ойлаймыз.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір