• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 21:25:51
+35°

10 Маусым, 2019 Ғылым-білім

Сайлаудағы әділетсіздік үшін ұстаздар жауапты ма? (видео)

Сайлауға қатысты әділетсіздік болды деген халықтың көпшілігі бұл олқылықтарға мұғалімдер қауымын да кінәлі деп есептейді.

Өйткені сайлау учаскелерінің көбі білім мекемелерінде орналасқан. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде мұғалімдердің бақылауында заң бұзушылық фактілері бар видеолар тараған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Мәртебесі жоғары, абыройы асқақ ұстаздың бүгінгі қоғамдағы беделі төмен. Ата-ана, оқушы тіпті басшылық ұстаздардың еңбегін бағаламауға айналған. Сайлау науқаны болады деген күннен бастап, ұстаздар көше-көшені аралап кететіні жасырын емес.

9 маусымда өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты жұмыстарға мұғалімдерді күштеп тартып жатыр деген мәліметке қатысты Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Үкімет кулуарында бұған дейін пікір білдірген еді. Құзыретті органдар еліміздің сайлау заңнамасына сәйкес жұмысын істейтінін ескерсек, «Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасына сәйкес, сайлау комиссиясы ел тұрғындарын тартуға құқылы. Сондықтан мұның барлығы заң аясында болады», - деп қысқа қайырған болатын.

Көше кезіп аралап, әркімнің есігін бір қағып, «сайлауға келіңізші», - деп жалынып жүрген ұстазды кім сыйласын?! Ұстаздарды биліктің қол бала қылғаны жаныңа батады. Тіпті сол сайлау науқаны кезінде жүргізген жұмыстары үшін бір тиын ақша да алмайды, тек істеп жүрген жұмысынан айырылып қалмаудың амалынан мәжбүрлі түрде атқарылады. Өйткені мектеп басшылығы әр ұстазға осындай талап қояды. Сайлау науқанына араласқан барлық азаматтарға арнайы ақша төленуге тиіс. Өйткені, биылғы кезектен тыс сайлауға мемлекеттік бюджеттен 9 млрд 348 млн теңге бөлінді, оның 70 пайызы еңбекақы үшін қарастырылған.

Елорда әкімдігі биылғы президент сайлауына мектеп мұғалімдерінің араласпайтыны жайлы мәлімдеме жасаған болатын. Бұл тек Нұр-Сұлтан қаласының мұғалімдеріне ғана қатысты артықшылық болатын.

Біз сайлау комиссиясының құрамына кіруге ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Сайлау комиссиясы тиісті тәртіп бойынша әр бес жыл сайын жаңартылып отырады. Қазіргі комиссияның ішінде әр түрлі санаттағы адам бар. Мұғалімдер де, басқа да мекеме ұйымдардың қызметкерлері кірген", - деді қала әкімі аппараты басшысының орынбасары Азамат Ахмеджанов.

Өзінің есімін жарияламауды өтінген Назым (аты өзгертілген) есімді мұғалім: «Амал жоқ, көшелерді аралап тізім жасауға мәжбүрміз. Аралап жүріп, елден сөз еститініміз тағы бар. Бұның бізге қаншалықты қажеті бар, неге қайта-қайта келіп тіркейсіңдер деп ұрса жөнеледі. Әркімнің есігін қаққан оңай емес. Күндіз шәкірттеріңе білім беруіміз керек, түнімен отырып сайлауға шақыру қағаздарын жаздық. Сонымен қатар Күнделік.кз электронды журналды да толтырып отыруымыз керек. Мұғалімдердің барлығы кіріп электронды журнал толтыратындықтан, жүйеге кіру өте қиын. Тіпті кейде интернет дұрыс істемей жатады. Біздің де бала-шағамыз, отбасымыз бар. Оларға көңіл бөлуді мүлдем ұмыттық», - дейді.

Алайда сайлау учаскелерінде болған заңсыздықтарды айғақтайын әлеуметтік желіде тараған видеолардан ұстаздардың үлкен қылмыс жасағанын көруге болады. Мұғалімдер сайлауға келмегендердің атынан бюллетеньдерді толтырып, сайлау жәшігіне кезек-кезек салып жатыр. "Неге олай етесіздер?" деген сауалға жауап бере алмайды. Тек көздерінен "мәжбүрміз" деген ойды оқуға болады. Осыны көрген желі қолданушылары «алдағы уақытта ұстаздарды қалай сыйлаймыз?», «Қазіргі ұстаздардың не себепті сыйсыз екенін енді түсіндік» деп реніштерін білдіруде.

Әлеуметтік желіге тараған видеоға қатысты пікір білдірген мектеп директорлары "бұл араңдатушылық" дейді. Яғни, ешқандай мектептерде заң бұзушылық болып жатқан жоқ.

Ұстаздардың дәл осындай жағдайға дейін төмендеуіне не себеп? Осы жағдайға қандай да бір түсінік беруге барлығы қорқады. Ешкім қалыптасқан жүйеге қарсы шыққысы келмейді. Барлығы мәжбүрлі түрде болып жатыр. Тіпті әр мұғалім 10 адамның атынан дауыс берген. Сайлаудағы әділетсіздік үшін мұғалімдер жауапты ма? Әлде ұлағатты ұстаздар айдағанның жетегіне еріп, тапсырманы мінсіз орындай беруі керек пе?

Пікір сұрағанымызда жауап беруден жалтарған ұстаздарды да түсінуімізге болады. Өйткені бәрінің басы екеу емес. Әрқайсысының артында асырайтын баласы, үміт артып отырған туысы бар.  Ескі жүйені өзгертуге дәрменсіздік танытқан құлдық санадан арылатын күн де туар. Бірақ, біз не себепті ұстаз деген ұлы есімнің асқақ рухын түсіріп жібердік? Билік басындағы биік мансапты шенеунік те, қарапайым халық та сол ұстаздың арқасында білім алып, әріп таныды емес пе!? Биліктегілер мұғалімнің мәртебесін көтерсе, ұстаздар да өз кезегінде заңсыз әрекеттерге барудан бас тартса мұндай жағдай болмас еді ғой деген ой туындайды.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір