• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 11:20:12
Алматы
+35°

05 Маусым, 2019 Ғылым-білім

Мәжіліс депутаттары білім және ғылым министрлігінен ағылшын тілін білмейтін мұғалімдерге үстемақы төлемеуді талап етті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан тілшісіне сілтеме жасап. 

Бүгін мәжілісте үкімет пен республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды. Сұрақ-жауап барысында депутат Жәмила Нұрмамбетова мектептерде үштілділікке көшу мақсатында мұғалімдерге ағылшын тілін оқыту мәселесін көтерді.

"Үкіметтің есебіне сәйкес, 2018 жылы тілдік курстан өткені туралы сертификат алған 6740 мұғалімге үстемақы төлеу үшін республикалық бюджеттен 1,6 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді. 6740 мұғалімнің бәрі B және одан жоғары деңгейдегі сертификат алған. Алайда олардың тек 818-і ғана, бұл нәбәрі 12 процент, сабақты толығымен ағылшын тілінде беріп жүр. Ал қалған 5922 педагог тек жарым-жартылай ғана, яғни сабақтың тек жекелеген элементтері ғана ағылшынша өтеді. Бірақ, осы екі санаттағы мұғалімдер айына бірдей үстемақы – 35 394 теңге алады", - деді депутат.

Нұрмамбетованың айтуынша, қолдарында сертификаты бар мұғалімдердің дені ағылшын тілін жетік меңгермегендіктен, сабақты бастан-аяқ ағылшынша өткізуге көше алмай отыр. Мұғалімдердің дені ағылшын тілін жетік меңгермесе де, 1,6 миллиард теңге үстемақы төленген.

"Ең қызығы, мұны ешкім проблема ретінде қарастырып отырған жоқ, тіпті мұғалімдердің өзі. Осыдан кейін үстемақы алудың жалғыз критерийі білім сапасы емес, сертификат қана ма деп қаласың. Осыған байланысты айтыңызшы, ағылшын тілін әртүрлі деңгейде оқытатын мұғалімдер неге бірдей ақша алады?", - деп сұрады ол білім және ғылым министрінен.

Шәмшидинова мектептерде пәндерді ағылшын тілінде оқытуға қатысты көп мәселе туындағанын атап өтті.

"Ағылшын тілінде оқыту, тым құрығанда, екі шартты орындаған кезде басталуы тиіс еді. Біріншісі – мұғалімдер дайын болған кезде, екіншісі оқушылардың дайындық деңгейі жеткілікті болғанда. Сол себепті биыл 352 мектепте ғана пәндер толығымен ағылшынша өтеді", - деді министр.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір