• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 15:31:29
Алматы
+35°

18 Мамыр, 2019

Тілдің түйткілі: Бізге мемлекетқұрушы ұлттың мүддесін көздейтін жаңа заң қажет

1997 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Тілдер туралы» заңмен әлі өмір сүріп келеміз

Қазақстанда да соңғы он жылда демографиялық ахуал түзеліп, мемлекет құрушы ұлттың басымдығы анық байқала бастады. Билік үштұғырлы саясатты жүргізгеннің өзінде, бәрібір алдағы он жылда қазақ тілінде сөйлейтіндердің қатары көбейеді. Біз мұны барған сайын айқын сезініп келеміз. Мемлекеттік және атқарушы билік пен қоғамдық орындарда қаракөздердің басым болуы бұл заңды құбылыс. Бұған елімізде тұратын басқа диаспора өкілдерінің  де барған сайын көздері үйреніп, мемлекет құрушы ұлттың демографиялық басымдығын мойындап келеді. Тіпті өзге тілде сөйлейтін мамандардың өздері мұның анық-қанығына көз жеткізіп, алдағы уақытта демографиялық тасқынның қазақ халқының үлесінде болатынын айтуда. Мысалы, Sputniknews   ақпарат агенттігіне берген сұхбатында қазақстандық демогроф – ғалым Федор Алексеенко таяудағы жылдарда қазақ ұлтының салмағы өсіп, елде олар басым ұлтты құрайтынын айтты. Бірақ оның пікірінше, «қазіргі қазақ әйелдері 2-3 баламен шектеліп жүр. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында бір отбасында 6-7 баладан кем болмайтын.

– Сол кезгі қарқын мен қазіргі қазақ отбасындағы бала санын салыстырсақ туу көрсеткіші әжептәуір төмендегенін көреміз, – дейді Алеексеенко. –

Дегенмен де енді 10 жылдан кейін Қазақстандағы халықтың ұлттық құрамы өзгеріп, қазақтардың үлес салмағы 80 пайызға жетеді. Өзге ұлттар 20 пайыз, оның ішінде орыстар – 15 пайыз, өзгелері – 5 пайыздың  төңірегінде тұрақтайды. Айтпақшы, әлгі 5 пайыздың ішінде өзбектер көп, –дейді ғалым Алексеенко. 

 Демограф  тіпті  20 жылдан кейінгі Қазақстандағы халықтың ұлттық құрамы қалай өзгеретініне болжам жасаған.

– Бұдан кейінгі өзгерістер жедел жүреді. Қазақстанда тұратын қазіргі жас шамасы 40-50-дің төңірегіндегі орыс ұлтының алды қартая бастайды. Елдегі халық санының өсуіне, тұтастай алғанда туу көрсеткішіне қазақтар ықпал ететін болады. Енді 20 жылдан кейін қандай да бір сыртқы фактордан сақтаса, қазақтар Қазақстандағы халық санының 90 пайызын құрайды. Орыстардың үлесі 5-7 пайыздың шамасында қалады. Мұндай мемлекетті моноұлтты деп айтуға әбден негіз бар. Былайша айтқанда, Қазақстандағы орыстар жедел  қартайып,  ал  қазақ ұлтында демографиялық дүмпу болады, – дейді демогроф-ғалым. 

Федор Алексеенконың айтуынша, өткен ғасырдың 80 - жылдарында да қазақ арасында туу көрсеткіші жоғары болған. Әзір сол жылдары өмірге келген буынның балалары аяқтанып, туудың үшінші толқыны басталып кетті.  

– Қазақстанның моноұлтты мемлекетке айнала бастағаны қазірден-ақ аңғарылады. Қазақтар ешкімге тізесін батырып жатқан жоқ. Бәрі өз ретімен, табиғи түрде жүріп жатыр. Бұл үрдіс 50-60 жылдары басталып кеткен. Сол жылдар қазақ демографиясы үшін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» уақыт болды. 1960-1990 жылдардың аралығындағы айналасы 30 жылдың ішінде қазақтың саны 2,5 жарым есеге өскен, – дейді ол. 

Айта кетелік, қазір Қазақстанда 18 миллионнан аз асатын халық тұрады. Орташа есеппен алатын болсақ, жылына елден 15 -20 мың аралығында адам көшіп жатыр. Көшкендердің 90 пайызы ТМД елдерінен тұрақ тауып отырғаны байқалады. Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Алдағы он жылда демографиялық салада қазақтың салмағы күрт артады. Бұл елдегі тілдік қатынасқа да орасан зор ықпалын тигізеді. Оны сондай-ақ мына бір деректерден –ақ аңғаруға болады.

Мысалы, жыл сайын мектепті қазақ тілінде бітірушілердің саны артып келеді. 2018 жылы ҰБТ-ға қатысуға өтiнiш берген мектеп бiтiрушiлер саны – 102 мың 442 немесе жалпы бiтiрушiлер санының 70 пайызын құрады. Оның iшiнде ҰБТ-ны оқушылардың 75 пайызы қазақ тiлiнде, 25 пайызы орыс тiлiнде тапсырды. Демек, демографиялық өсім мен қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны барған сайын артып келеді.

Расында да «алдағы уақытта қазақ халқының саны қаншалықты өседі?» деген сауалға біз бекер алаңдап отырған жоқпыз. Бұл ең алдымен тілдік мәселеге қатысты. Қазақ ұлтының үлесі артқан сайын сайын, өз тілімізде сөйлейтін азаматтардың саны да көбейе түседі. Бұл қуанарлық мәселе, әрине.

–Жалпы, халықтың орташа жылдық өсімі 1,2 пайызды құрап отыр. Оған себеп болған еліміздегі жалпы халықтың табиғи өсімі, яғни 2001 жылмен салыстырғанда соңғы кездері 3 есеге дейін санымыздың артуы болып отыр. Екіншіден, аймақтардағы халықтың өсу қарқыны әртүрлі болды. Мысалы, ең жоғары өсім – Астана қаласы мен Маңғыстау өңірінде. Бұл жерлерде  халықтың саны 15 жылда 2 еседен жоғары көрсеткішті көрсетті. Осы болжамдарды негізге алсақ, 2030 жылы халықтың саны 20 млн 560 мыңға жетуі мүмкін. Бұл тұрғыда Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында бұл кезеңде де халықтың азаюы жалғаса береді. Мұнымен қоса, 2030 жылға дейінгі мерзімде Шымкент қаласы мен Астана қаласында халықтың қарқынды өсуі байқалмақ, – деді парламенттік тыңдауда Жұмыспен қамту саласындағы ұлттық сарапшы Жақсыбек Күлекеев.

Ақиқатында, Қазақстанда қазақ ұлтының демографиялық өсіміне мән беруіміз бекер емес. Өйткені біздің санамызда «көпұлтты мемлекетпіз» деген ұғым қалыптасқан. Бұл түсінікті енді мүлде жою керек. «Конституцияда қазақ тілі –мемлекеттік тіл» деп жазылса та, билік те, басқа да орыс тілінде сөйлейтіні рас. Осыдан келіп, туатын бір нәрсе, демографиялық салада қазақ ұлтының үлесі басым болған сайын, біз де өз тілімізде көбірек сөйлейтін боламыз. Бұл орайда мамандардың пікірі мен болжамы жағымды. Оның үстіне келер жылы елімізде халық санағы өтеді. Бұл мәселе алдағы уақытта болатын демографиялық, демократиялық және стратегиялық мүмкіндіктерді толық айқындайды.  Билік өз тілінде сөйлемегенімен, халық ана тілінде сөйлеп отыр. Сондықтан бізге ең алдымен қоғамдық ортадағы тілдік қажеттілік  маңызды болып тұр.

-Қажеттілік болмаса, ешкімге, ешбір тілді үйрете алмайсыз. Оның қажеті жоқ… Қажетке жарамайды… Демек бүгінгі қоғамның басты мәселесінің бірі — «қазақ тіліне деген қажеттілікті қалай жасауға болады?» деген сұрақ деп білемін. Барлық өркениетті, құқықтық елдерде Тілге деген қажеттілік тек заңдық жолмен жасалынады... Жаңа заң атауынан бастап, соңғы нүктесіне дейін қайта жазылған жаңа заң керек, – дейді «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім. Ол үшін...

Мысалы, соңғы 25 жылдың ішінде Литва, Латвия, Эстония, тіпті өзбектер мен тәжіктердің өзі "Тіл туралы" заңын 3-4 рет өзгертті. Өйткені бұл – заман талабы. Ал біз болсақ, 1989 жылдың күзінде қабылданып, 1997 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Тілдер туралы» заңмен әлі өмір сүріп келеміз. Заман өзгерді. Қазақ тілінде сөйлейтіндердің үлесі  артты. Демек бізге де мемлекетқұрушы ұлттың мүддесін көздейтін жаңа заң қажет.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір