• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 19:32:11
Алматы
+35°

Әлеуметтік желіде күніне сан түрлі алыпқашпа пікірлерге толы комментарийлер жазылады. Бірін қолдасаң, екіншісін жоққа шығарып жатасың. Бірақ кейде алаңдатарлық мәселелер жариялатыны да рас. Соның бір айғағы ретінде  ЮНЕСКО мамандары осыдан бірнеше ай бұрын күмәнді зерттеудің шетін шығарды. Олардың сөзіне сенсек, «Қазақ тілі болашақта жойылатын тілдердің қатарына жатады екен. Әрине, ақиқат деуге аузың бармайды. Дегенмен бұл мәселенің желіде аса қызу талқыға түскені рас.

Өзінің фейсбук парақшасындағы жазған мақаласында Руслан Түсіпбеков мұны жоққа шығарды және оған қарсы бірнеше дәлелдер келтірді. Бұған біз де қосыламыз.

«ЮНЕСКО қазақ тілін жойылып кету қаупі бар тілдердің қатарына енгізген. Жойылып кету қаупі бар тіл тек тұрмыстық жағдайда ғана қолданылады. Ал білім саласында, яғни мектептер мен ЖОО-да қолданылмаған тіл жойылып кету қаупі бар тілдердің қатарына енгізіледі. Қазір жойылу қаупі бар тілдердің қатарына қазақ тілінен бөлек беларус, башқұрт және чуваш тілі бар.

Иә, беларус тілінің жағдайы түсінікті. Белоруссия елінде тұрғындардың көпшілігі ана тілін біледі, алайда студенттердің 98 пайызы орыс тілінде білім алады. Сонымен бірге оқушылардың көпшілігі орыс мектебінде оқиды.

Қазақ тілін беларус тілімен салыстыру ақылға қонбайды. Себебі, Қазақстанда өзге ұлт өкілдерін қатар есептегеннің өзінде оқушылардың 75 пайызы қазақ тілінде білім алады. Ал қазақтардың қазақ мектебінде білім алу көрсеткіші 90 пайызға тең. Еліміздегі оқу орындарында да осындай жағдай. Жалпы есептгенде 70 пайыз студенттер қазақ тілінде білім алса, қазақ тілінде білім алатын қазақ студенттерінің таза көрсеткіші 85 пайызға жуықтайды.Тағы бір айта кетерлігі, беларус тілінде сөйлейтіндердің саны 6 млн адамға жуықтаса, қазақ  тілінде - 15 млн. Бірақ ең бастысы, тәуелсіздік алғаннан кейінгі аз ғана уақытта қазақ тілі қарыштап дамыды. Қазақстандағы қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың саны 2 есеге өсті және әлі де өсу үстінде. Ал қазақ тілін башқұрт немесе чуваш тілімен салыстыру мүлдем дұрыс емес. Қазіргі уақытта өкінішке қарай башқұрттар мен чуваштар өз тәуелсіздігін алған жоқ.

Сол себепті ЮНЕСКО қазақ тілін жойылып кету қаупі бар тілдердің қатарынан алып, қауіпсіз тілдер қатарына қосуды өтінемін». Міне Руслан Түсіпбеков өзінің әлеууметтік парақшасында осылай дейді. Әрине Русланның пікірі қосылуға тұрарлық. Алайда...

Қандай тілдер жойылады?

Тағы бір азаматымыз Асхат Қасенғали facebook –тегі парақшасында

«Тілдің де мамонты болады. Ғылымда өлген, яки өлу алдындағы тілдерді солай атайды» дейді.

«Әлемде жыл сайын бірнеше тіл жойылып кетеді. Өзінің мыңдаған жылдық қалыптасу тарихына қолды бір сілтеп, құлпытасқа айналып, жоқ болады. Африка мен Азия, Еуропа мен Америкада бұл үрдіс үздіксіз жүріп жатыр.

Бір тілдің жойылуы қандай қайғы? Одан асқан қасірет жоқ шығар мына өмірде?!.  Бір тіл жойылды,  демек бір ұлт жойылды. Сол ұлт қалыптастырған мәдениет, тарих жоқ болды деген сөз.

Африканы алып қарайықшы. Бишуо тілінде - 1, бераку тілінде - 2, нлуу тілінде - 3, мабире тілінде - 3, балдему тілінде - 5, ндай тілінде - 5, нджереп тілінде - 6, мпре және масалат тілдерінде - 10-12 адам сөйлейді. Ол адамдар өлген сәтте, бұл тілдер де жойылады. Мына әлем тіпті ондай тілдің болғанын да ұмытып кетеді. Өйткені осы уақытқа дейін жойылған 2000-нан астам тілдің қайсысына қайғырып, аза тұтқан едік?! Сондықтан тіл жойылды дегенде, ұлт жойылды деу керек.

Қандай тілдер жойылады? Бірде-бір ғылыми еңбек жазылмаған, бірде-бір мемлекеттік заң қабылданбаған, сөйлеу аясы күйбең тірліктің деңгейінен көтерілмеген тілдер сөзсіз жойылады. Уақыт кеңістігіне байланысты жаңа сөздермен толықпаған кедей тілдер жоқ болады. Сондықтан қазақ тілін ғылыми тілге айналдыру аса маңызды. Қазақ тіліне сапалы түрде кітаптарды аудару – соның бастамасы. Қазіргі «100 кітап жобасының» кітаптарына осы тұрғыдан риза болдым. Ендігі таңда мемлекеттік құжаттар мен заңдардың барлығы дерлік мемлекеттік тілде қабылдануы қажет. Сонда ғана қазақ тілінің рөлі арта түспек. Біздің тіл «мамонт тілдер» қатарынан табылмасына сенемін, алайда оның тек қана күйбең тірліктің тілі болып қалуын қаламаймын».

Асхат Қасенғалидың алаңдап отырғаны бекер емес. Қазіргі жаһандану дәуірінде тілдің түйткілі шешілмесе, ол міндетті түрде жойылады. Бірақ  ЮНЕСКО мамандарының жасап отырған болжамына еш сенуге болмайды. Өйткені біз тәуелсіз елміз. Дініміз, діңіміз, ықылым заманнан келе жатқан тарихымыз, салт-дәстүріміз, мемлекеттің тіліміз бар.

 «Ұлы даланың жеті қыры» немесе қазақтың тілі құнарлы

Президент Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы ретінде тағы да «Ұлы даланың жеті қыры» атты   ұлтқа қатысты бағдарламалық құжатын жариялады. Бұл бізге рухани бағдаршам іспетті.

«Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті. Біріншіден, қосқан үлесі кейінірек сөз болатын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр. Екіншіден, біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды. Үшіншіден, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Тіпті, қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды... Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек», - деді Президент.  Демек, Елбасы атап көрсеткендей, тарихы тереңде жатқан ұлттың тілі ешуақытта жойылмауы тиіс. Өйткені дүние жүзіндегі ең құнарлы тілдің бірінен саналатын қазақтың тілінің болашағы әлі алда.

Қазақ тілінде қанша сөз бен сөз тіркесі бар?

Мысалы, 2015 жылдары баспадан шыққан 15 томдық Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне 150 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесі енгізілген. Ал сол 15 томдықтың 2017 жылы жарық көрген сығымдалған үлгісі ретінде шығарылған Қазақ тілінің бір томдық үлкен түсіндірме «Қазақ сөздігінде» 106 мың атаулы сөз бен 48 300 сөз тіркесі қамтылған.

Мәселен, қырғыз ағайындардың шығарған 2 томдық түсіндірме сөздігінде 50 мыңнан астам ғана сөз бен сөз тіркесі бар екен. Өзбектердің 5 томдық түсіндірме сөздігіне 80 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі енген. Стамбұлда әбден толықтырылған 11-ші  редакциямен шыққан түрік тілінің түсіндірме сөздігіне 92 мың атау сөз кірген, сөз тіркестерін қоса есептегенде 130 мыңның маңайында шығады.

Ал қазақ тілінің бір томдық үлкен түсіндірме «Қазақ сөздігінде» 106 мың атаулы сөз бен 48 300 сөз тіркесі қамтылған. Бұл – қазақ тілі дүние жүзінің 30-дан астам халықтарының тілдері ішінде ең бай тіл екендігін дәлелдейді. Мамандардың айтуынша, дүние жүзіндегі ең бай тіл – араб тілі болып есептеледі. Онда 12 млн 300 мың сөз бар. Бұл көрсеткіш ағылшынша 700, қазақша 600 мыңды құрайды. Cонымен қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің қатарында болып есептеледі.

Демек, бұдан шығатын қорытынды: қазақ тілі жойылады деу күпірлік, мүмкін емес әрі жүзеге аспайтын нәрсе.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін қалай көтере аламыз?

Ол үшін ең алдымен өзіміз талапшыл болуымыз керек. Жалпы біз «мемлекеттік тіл –қазақ тілі. Сондықтан қызметтің барлығы да қазақ тілінде болуы керек» деп ойлаймыз. Тіл туралы мәселе көтеріп, оның орындалуын талап еткенде бір нәрсені ескере бермейміз.

Жалпы тілге қатысты кез келген әрекетіңіз  дәлелді болуы үшін болған оқиғаны алдымен бейнекамараға түсіріп алғаныңыз жөн. «Тіпті оқиғаны бейнекамараға түсіретініңізді де ескертіп қойғаныңыз да» артықтық етпейді.

Содан кейін сіздің сотқа түсірген талап арызыңызда өзіңізге қатысты ақпараттардың толық болғаны дұрыс. Егер арызда өтініш иесінің толық аты-жөні, тұрғылықты мекенжайы, ЖСН, телефон нөмірі көрсетілмесе, аноним болып есептеледі. Мұндай өтініш ескерілсе де, қарастырылмайды.

Сондай-ақ, «Тiл туралы» заңды бұзғаны үшiн жауаптылық Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 75-бабында атап көрсетілген. Жауапкершілікке тартылғандар Тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін 10-20 аралығында АЕК мөлшерiнде айыппұл төлейді. «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» және «Тіл туралы» заң да бар. Осы заңдарда «өтініш, арыз, сұрау қай тілде түссе, сол тілде жауап беріледі» деп көрсетілген. Демек, бұдан шығатын қорытынды қандай? Кез келген азамат қазақ тілінде жауап алуы үшін сұрақты немесе талап-арызды тиісті орындарға қазақ тілінде қоюы немесе жазуы керек. Жаныңызда болған азаматтар оқиғаның куәгер болса, оны да тіркеуге болады. Сонда ғана мәселенің толыққанды орындалуына көзіңіз жетеді. Жалпы мұның барлығын да байбаламға салмай, сауатты түрде осылай заңның аясында шешуге болады.

Бізде тіл үшін күресіп жүрген тұлғалар жетерлік. Мысалы, Оғыз Доған, Руза Бейсенбайтегі,  Дос Көшім және тағы басқалар. Белсенділігіміз артсын!

Қазақ тіліне құрмет – өзімізден...

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында  Қостанай облыстық филармониясының баспасөз хатшысы Алла Чечеткина Ассамблея делегаттары мен Тұңғыш президент Назарбаевтың алдында жалынды сөз сөйледі.

–Мен Қостанай облысының  Амангелді ауданы Тасты ауылының тумасымын. Ұлтым –молдаван. Аты-жөнім  – Алла Чечеткина. Өзім қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетінен сусындап өскен баламын. Негізі, қазақ тілін білу үшін, мен сияқты, көрші Күміс әженің мыжымасын жеп өсу керек. Ал сіздер, мыжыманың қандай ас екенін білесіздер ме? Қолдың сары майы қосылып, мыжылған ыстық таба нанның дәмі әлі күнге таңдайымнан кетпейді. Дегенмен, өз ата-анама да алғыс айтқым келеді. Сол кісілердің ақылымен мен қазақ сыныбында оқыдым. Сақыпжамал деген алғашқы ұстазымның арқасында қазақ тілінің қасиетін сезіндім. Қазіргі таңда Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде Журналистика мамандығы бойынша магистратурада оқимын.

Мен, қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, ең алдымен қазақ тіліне құрмет көрсетілуін талап етемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, біздің тәуелсіздігімізге, егемендігімізге қосқан үлесіміз немен өлшенеді? Барлық қандас бауырларымды қазақ тілін білуге, сүюге, өміріне рухани азық етуге шақырамын. Жаһандану заманында қазақы тәрбие ұмытылмаса деген тілегім бар. Біздің ауылда қыз баланың кешкі уақытта көше кезіп жүргені ұят, ерсі саналатын. Өзімнен кейін өсіп келе жатқан сіңлілерім де осы тәрбиеден алшақтамаса екен деймін, –деді Алла Чечеткина.

Димаш - әлемді қазақша сөйлетіп жатыр!

Әлеуметтік желідегі кейбір пікірлерді қарап отырсақ, біз құрдымға кетіп бара жатқандай көрінеміз. «Тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан асса да, мемлекеттік тілде неге сөйлемейміз?», «Қазақтың тілі құрыды».  «Бәріне кінәлі – билік, олар Ресейдің тілінде сөйлейді». Бірақ бұлай деп байбалам салғанымызбен,  тілдік жағдай түзелді ме? Жоқ.

Негізі ниет еткен адамға қазақтың құнарлы тілі мен сөз мәйегін үйрену түк қиындық тудырмайды. Тек әрекет, тағы да ниет керек. Бір ғана мысал қазақтың талантты баласы Димаш Құдайберген Алла берген талантының арқасында   төрткүл дүниені қазақ әнімен мойындатты. Оның мықтылығына қазір бәрі бас ұрады, мойындайды және бағалайды. Тіпті Димаштың фанаттарының өзі қазір қазақ әнін шырқай бастады. Қарапайым адамдарды былай қойғанда, португал әншісі Лара  Aлeйxo Димаш айтып жүрген халық әні «Дудар –ай» мен ««Ұмытылмас күнді» қазір қалай нәшіне келтіріп орындайды?! Рас, жұдырықтай ұлымыздың арқасында қазақ мәдениеті мен қазақ тілі әлем сахнасында экспансияға шықты. Бұған тек  қуануымыз керек. Демек, эволюциялық жолмен де тіл, әуен, әуез арқылы да әлемді жаулап алуға болады.

–Димаш - әлемді қазақша сөйлетіп жатыр! Ағылшын тілін бір Димаштың ысырып шығаруға қабілетті! Шетелде жаппай қазақша үйрену Димаштың арқасында жүріп жатыр. Туа бітті, қазақ жерінде тұрып сөйлемегендерге ақша шығын еткенше, әлемді қазақша сайратып жатқан Димашқа қаржы құю өте тиімді, –дейді өнер саласының маманы, театртанушы Сая Қасымбек.

Демек, тілің барда тіршілігің одан ары жалғаса береді. Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі - әлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдылығы жағынан алғашқы ондыққа енді. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің және мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр. Ал мұндай құнарлы және қадірлі тіл ешқашан жойылмайды.

Ұлтқа ұлттық идеология керек

«Тіл бесікте бекиді, үйде қалыптасады, бойға ұялайды, шаңырақта шыңдалады, мектепте дамиды, сөйлегенде жетіледі, жазғанда қалыптасады» Бұл тіл жанашыры Асылы Османованың түйінді сөзі.

–«Қазақстанда ұлттық идеологияның жоқтығы ұлтаралық қарым-қатынасты бүлдіріп барады. Таяуда дәріханаға кіріп, қазақша дәрі сұрасам, сатушысы: "Я ваш язык не понимаю" дейді. "Сіз Қазақстанда тұрасыз, сондықтан қазақша білгеніңіз жақсы десем, " әлгі қыз мізбақпастан "Знать ваш язык не обязана!" деп қарап тұр. Өңінен байқап тұрмын, орыс емес - ұйғыр ма, әзірбайжан ба, бірдеме. Өмірде осындай жағдаймен жиі кездесеміз.

Басқа ұлт өкілдерінің көбі Қазақстанда осы мемлекеттің иесі қазақ халқы екендігін ұққысы келмейді. 
Бұл ненің салдары? Бұл биліктің ұлттық мемлекет емес АҚШ-тағы сияқты азаматтық мемлекет құру бағытын ұстанып отырғанының салдары. Қазақ халқын диаспора деңгейіне түсіруге ұмтылу - баяу жарылатын мина. Әрі мұндай саясат түптің түбінде ұлтаралық қақтығыстарға соқтыратыны өкінішті.

Іс жүзінде біздің елімізде 130 ұлт тұрады деген бекер Үнемі айтып келеміз. Қазақстанда жалғыз ұлт Қазақтар ғана тұрады (!!!) және басқа ұлттардың диаспоралары мекендейді. Диаспоралар мемлекет құраушы ұлт бола алмайды. Біздегі немістердің – Германиясы, орыстардың – Ресейі, өзбектердің – Өзбекстаны, поляктардың –Полониясы, гүржілердің - Гүржістаны, т.б. диаспоралардың тарихи Отандары бар. Қазақтың басқа Қазақстаннан басқа Отаны жоқ.

Бүгінде Қазақстандағы қазақ халқының саны 72 пайызға жуықтады. Біреулер қалай тосқауыл қойғысы келсе де, Қазақстанда қазақ мемлекеттілігі дамитын болады. Халықаралық нормалар бойынша халқының үштен екі бөлігі жергілікті ұлт болса, ол мемлекет көпұлтты емес моноұлтты мемлекет болып саналады. Сондықтан Қазақстандағы  ұлт саясаты жалған "көп ұлттылықтан", "көп этностықтан" барлық диаспораларды мемлекет құраушы қазақ халқы мен мемлекеттік тілдің төңірегіне топтастыру саясатына ауыстырылуы тиімді! Президенттіктен үміткерлер алдағы уақытта осыны ескеруге тиіс!». Бұл– қоғам қайраткері,  публицист Марат Тоқашбаев ағамыздың сөзі.

...Бұған біздің де алып қосарымыз жоқ. Мемлекеттік тілдің мерейі өссін! Ендеше тіл үшін күрес тоқтамай, жалғаса береді.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір