• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 23:24:26
Алматы
+35°

28 Мамыр, 2019 Саясат

Рысбек Сәрсенбай: "Қосанов халықты билікке жығып беріп отыр" (видео)

Рысбек Сәрсенбайұлы алда келе жатқан кезектен тыс президент сайлауын Қазақстанда монархиялық билік орнатудағы әрекеттердің бірі санайды

Белгілі журналист Рысбек Сәрсенбайұлы алда келе жатқан кезектен тыс президент сайлауын Қазақстанда монархиялық билік орнатудағы әрекеттердің бірі санайды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы Рысбек Сәрсенбайұлы өзі жариялаған видео үндеу барысында айтты. Оның пікірінше, сайлауға Тоқаевты қатыстыру – сценаридің алғашқы қадамы. Сәрсенбайұлы одан кейін билік монархиялық жүйемен тапсырылады деп есептейді.

Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, бойкот – халық үшін қазіргі жағдайда ең тиімді нәрсе.

"Біз президенттік сайлауға бойкот жарялау арқылы билікке талап қоямыз. Заңдарды өзгертуді, заңдардағы азаматтық құқықты шектейтін баптарды алып тастауды талап етеміз. Президенттік, парламенттік, тіпті, мәслихат сайлауы болсын, қандай сайлау өткізсе де, халықты қатыстыру керек деген талап қоямыз. Сонда ғана халық мемлекеттік биліктің қайнар көзі болады", – деген Сәрсенбайұлы  халықты 1 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Халық құрылтайына қатысуға шақырып отыр.

"1 маусым Астана қаласында (біз оны Нұр-Сұлтан деп атауға қарсымыз) халық өзінің құрылтай -жиынын өткізеді. Бұл күні елдегі қазіргі жағдайды талқыға салады. Елдің ертеңгі жағдайы қандай болмақ, биліктің ұстанып отырған саясаты қаншалықты дұрыс, соған талдау жасалынады және әділетті баға беріледі", – деді Рысбек Сәрсенбайұлы. 

Сонымен қатар ол видео үндеуінде алда келе жатқан сайлауда "Ұлт тағдыры" қозғалысы ұсынған кандидат Әміржан Қосанов туралы да өз ойын білдірді. Рысбек Сәрсенбайдың ойынша, Қосанов сайлауға түсу арқылы халықты билікке жығып беріп отыр. 

"Егер Қосанов "мен қалайда жеңіске жетем, маған дауыс берген халық жеңіске жетеді және біз сол жеңісімізді қорғай аламыз, дауысты ұрлаған жағдайда ұрыларды қолынан ұстап ұрлығын бетіне басамыз, билік сайлауды бұрмалаған жағдайда қайтадан оны түзеттіруді талап етіп, біз жеңіске жете аламыз" деп айта алатын болса, біз де оны қолдар едік. Өкінішке қарай біз оның сырын білгендіктен һәм оның қандай іс-әрекетке бара алатынын бағамдағандықтан да біз оны қолдай алмай отырмыз", - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Видео Youtube-тан алынды

Дайындаған: Мият Кәшібай

 

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір