• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 23:46:52
Алматы
+35°

15 Мамыр, 2019 Экономика

Сайлаудан кейін бір девальвация болатыны даусыз — сарапшы

Кеше ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков сайлаудан кейін теңгенің бағамына қатысты айтарлықтай өзгерістер бола қоймайтынын айтты.

Кеше ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков сайлаудан кейін теңгенің бағамына қатысты айтарлықтай өзгерістер бола қоймайтынын айтты.  Банк төрағасының орынбасары айтуынша, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жарияланған төлем балансының статитикасы бойынша тауарлар мен қызметтердің айырбасы +800 миллион АҚШ долларын құрайды. 

«Мәселен, өткен жылы бірінші тоқсанда 900 миллион доллар болған. Негізі, төлем балансының тарихына қарасақ, бізде ағымдағы операциялардың «дефициттік есепшоты» жиі болады. Бұл дегеніміз елге келетін валютаға қарағанда ақша жұмсауымыз басым. Ал өткен жылдың төртінші тоқсанында +1,5 миллиард АҚШ доллары болды. Оған бірінші тоқсанның +800 миллионын қосыңыз, сонда таза 2,4 миллиард доллар елге келіп отыр» - деді Олег Смоляков.

Бағамдасақ, біздің ішкі нарығымызға енетін шетелдік валюта сұранысымзға қарай жылдан жылға көбейіп кетіп отыр. Нарық заңдылығы бойынша сұраныс көбейсе, ұсыныстың да бағасы өсетіні даусыз. Дегенмен, Смоляковтың пайымынша, қазіргі мұнай бағасы, рубльдің бағамы, депозиттердің динамикасы және тағы басқа факторлар бір қалыпты және теңгенің бағамына айтарлықтай әсер етіп тұрған жоқ.

«Бүгінде түрлі қауесеттер девальвация туралы әңгімені көбейтіп отыр. Ұлттық банк валютаның бағамын реттемейді. Біздің негізгі міндетіміз — инфляция. Оны проценттік мөлшерлеме арқылы реттеп отырамыз. Ал айырбас курсын реттеуге қатысты ешқандай міндетіміз жоқ. Курс күнде өзгеріп жатады. Бірақ айтарлықтай өзгерістер болмауы керек» - деп атап көрсетті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Осы арада Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі экономист, сарапшылардан мәселенің мән-жайын сұрастырып көруді жөн көрді. Мәселен, бұл ретте қаржыгер Арман Мусин «ай сайын бір доллардың көлемін 380 теңгенің көлемінде ұстап тұру үшін ғана Қазақстанға 2-3 млрд доллар шығынға батуға тура келеді. Сондықтан да Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберіп отыр. Болашақта теңгені одан әрі құнсызданбаса, құна арта түспейді.  Себебі ұлттық валютаны тежеп ұстап тұру ұлттық экономикаға ауыр тиеді» дейді. 

Сөйтіп, мамандардың байыптауынша, Қазақстан нақ қазір теңгені тежеп ұстап тұрудан тек қана шығын көреді. Себебі, мұнай бағасының құбылуы, рубльдің құнсыздануы өз алдына елде отандық бизнестің де бәсекеге қабілеттілігі өте төмен. Бұған қатысты мамандар «мұнай бағасы түсіп, көрші Ресейдегі жағдай қиындай бастаса да, отандық өндіріс, отандық бизнес бәсекеге бәс тіге алатын болса онда теңгені тежеп ұстауға болатын еді. Мұндайда «біз отандық кәсіпорындардан, отандық бизнестен түсім түсіп отыр» деп сенімді болар едік. Өкініштісі, біздің отандық бизнес бәсекелестерінің қалтарысында қалып жатыр» дейді.

Сөйтіп «осы факторларды ғана есепке алсақ, сайлаудан кейін теңгенің құнсыздануы әбден мүмкін» дейді мамандар.

Сарапшылар атқарушы билік күтпеген, болжамаған бірқатар жағдайлар экономикамызға қазірден салмақ салып жібергенін айтады.

Мәселен, экономист-сарапшы Жаңабай Алдабергенов

«Бұл жерде атқарушы билік халықтың белсенділігі деген жайтты ескермеді. Мысалы, Ресей рубльі түсе бастаса болды, Қазақстандағы шағын кәсіп иелері бар, қарапайым халық бар барлығын арзан рубльді көсіп алып, Ресейден  арзан тауар тасуды бастайды. Арзан көлікті де, арзан техникалық жабдықтарды да Ресейден әкелетіндер қазір артып кетті. Ал осы тұста атқарушы билік Қазақстан мен Ресей арасында кедендік бақылау орнату қажеттігіне назар аудармады. Ресейден келетін арзан  тауарларға дер кезінде шектеу қойғанымызда отандық өндіріске салмақ түспейтін еді. Қазір отандық өндіруші кәсіпорындардың біразының салы суға кетіп отыр. Аграрийлеріміздің жағдайы тіптен мүшкіл. Тіпті  қазірде Ресейден арзан ұн, арзан агро-өнімдер, айран, қаймақ дүкендерімізде қаптап тұр. Бұл біздегі аграрийлердің жағдайын ауырлатып отыр. Бұлайша емін-еркін Ресейден арзан тауар енгізу отандық өндіріске соққы болды. Өзіміздің отандық тауар өтпей қалады, Сондықтан мұнайдың түсуі бар, рубльдің құлдырауы бар, отандық өндірістің жұмысының бәсеңдеуі бар барлығы қосылып шығынды ақтамай отыр. Мұның барлығы ұлтты валютаны, ұлттық экономиканы әлсіретеді»,- деді.

Осылайша мамандар «Ресеймен арада дер кезінде Кедендік бақылау орната алмауымыз жағдайды ушықтырып жіберді» деседі.

Ал қаржыгер, сарапшы-маман Арман Мусин: 

«Ұлттық банк қанша жерден теңге құнсызданбайды десе де, баяулап долларға бір теңгеден қосылып келеді. Мұны біз байқап отырмыз. Бұл ерте ме, кеш пе бір девальвацияның болатынын көрсетеді. Ал енді бұл арада бізге мынаны ескеру керек, Ресей өз экономикасын әлдендіру үшін енді болашақта арзан импортын одан әрі бізге тоғытып біздің ішкі нарықты одан әрі жаулай түседі. Бұл біз үшін өте қауіпті тұс. Егер Ресейден арзан тауар одан әрі ағыла беретін болса онда отандық өндірістің тауар өтімділігі одан әрі төмендейді. Осылайша Ресей қазақстандық нарыққа келіп барынша кірігуді, сол арқылы көрші ел өндірісшілері елімізден өздеріне жайлы экономикалық орта қалыптастыруды ойластырып отыр. Сондықтан қазір экспорттаушылармызға долларды қымбаттату тиімді болмақ. Экспорт, импорт қатынасында отандық өнідірісшілер доллармен айырбас жасайды. Экспорттаушылардың пайдасын еселеп, бюджетке түсетін түсімді көбейту үшін атқарушы билікке амалсыз теңгені құнсыздандыруға тура келеді. Олай етпесек, экспорт-импорт қатынасында бізге пайда келмейді. Бұдан отандық кәсіпорындардың табысы азайып, өндірістің аяқ алысы кері кете бастайды. Сондықтан отандық өндірісті қолдау үшін де, экспорт-импорт қатынасынан пайда көру үшін де долларды қымбаттатуға мәжбүрміз. Теңгені қолдау үшін, отандық өндірісті қолдау үшін бізге алтын-валюта қорынан, Ұлттық қордан қатарынан бірнеше жыл қаржы алып отыруға тура келеді. Ал бұл тіпті шығынға батыратын құбылыс. Сондықтан сайлаудан кейін  бір девальвация болатыны даусыз»,- деді.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір