• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

06 Мамыр, 04:48:06
Алматы
+35°

2019 жылдың 10-11 ақпанында, Алматы қаласында «Достық» үйінде Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) ұйымдастыруымен белгілі түрколог, қыпшақтанушы ғалым Иштван Мандоки Қоңырдың 75 жылдығына арналған «Ұлы дала және Мандоки мирасы» атты халықаралық ғылыми конференция өтті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Мандоки

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айтылған бастамаларды жүзеге асыру жоспары аясында аталмыш шараны Халықаралық түркі академиясы ұйымдастырды. Академия президенті Дархан Қыдырәлі Иштван Мандокидің түркілер мен мажарлар арасындағы тарихи байланыстарды зерттеуге, түркі халықтарының әдебиет, фольклор, поэзия үлгілерін мажар тіліне аударудағы және түрлі экспедициялар ұйымдастырудағы ерен еңбегін айрықша атап өтті. Сондай-ақ, ғалымның 16 мың кітаптан тұратын жеке кітап қоры 2014 жылы TWESCO кітапханасына табыс етілгенін еске салып, олар бүгінде Мандоки кітапханасының құнды жәдігеріне айналғанын айтты.  Иштван Мандокидің жұбайы Оңайша Мақсұмқызы: «Қазақ халқы өзінің дара перзенті, қыпшақ ұлы Қоңырды ұмытпағанына өте қуаныштымын. Ол қазақ жұртын ерекше сүйді. Қазақтың бай әдеп-ғұрпын, тарихын, мәдениетін өте жетік білді. Соны сыйлағандықтан қазаққа ғашық болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған ойлар тура Қоңырдың арман-мұратымен ұштасып жатқандай көрінеді. Бұл түркі халықтары үшін мәңгілік тақырып», – деді.

Конференция қарсаңында, Қоңырдың жұбайы Оңайша мен марқұмның достары, шәкірттері, Мажар елшісі Кенсайдағы Қоңырдың басына барып зиярат жасады. Алматыдағы Иштван Мандоки Қоңырдың зиратына гүл шоқтарын қойып, еске алу шарасы ұйымдастырылды.

Мандоки

Екі күн бойы өткізілген шараға түріктанушы ғалымдар, Мажарстан, Ресей, Қырғызстан және өзге де мемлекеттердің дипломаттары, қоғам қайраткерлері, ҚР ҰҒА президенті М. Жұрынов, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, ҚР ҰҒА академигі Ө. Айтбайұлы, А. Байтұрсынов Тіл білімі институтының директоры Е.З. Қажыбек, Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директоры, ҚР ҰҒА академигі Әбсаттар Дербісәлі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З. Қабылдинов, жазушы-журналист Б. Сапаралы, фольклортанушы ғалым А. Тойшанұлы қатысты.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ерден Қажыбек, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадырәлі Қонқабаев жүрекжарды естелік айтып, Қоңырдың атын барша түркі елдерінің жадында қалдыру мақсатында ұсыныстар жасады. Қоңырдың әріптестері РФ ҒА Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл, әдебиет зерттеу институты жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Фирдаус Хисаметдинова, Қ.А. Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университеті Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, қыпшақтанушы Сейсенбай Құдасов, тарихшы Марат Сембин, т.б. қатысушылар Иштван Мандоки Қоңыр туралы баяндамаларын оқыды. Мажарстан елшісі Барани Андраш қазақ тілінде құттықтау сөз сөйледі, Назарбаев Университетінің Түркітану кафедрасының меңгерушісі, американдық профессор, Қоңырдың шәкірті Юлай Шәмілоглу ұстазын "ХХ ғасырдың Радловы" деп атады.

Мандоки

Конференция барысында түркологияның өзекті мәселелері талқыланып, «Мандоки Қоңыр» фильмінен үзінді көрсетілді. Сонымен қатар, түркі интеграциясының нығаюы мен түркология ғылымынның дамуына үлес қосып жүрген ғалым-қайраткерлер Т. Жанұзақов пен Венгрияның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Барани Андрашқа Халықаралық Түркі академиясының арнайы алтын медалі, филология ғылымдарының докторы Ә. Жүнісбек В. Томсен медалі және тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Тоқтабай, тарихшы-зерттеуші, қоңыртанушы  Ернар Мәсәлім «Құрмет» грмотасымен марапатталды.

Ғалым Иштван Мандоки Қоңыр атындағы мектепте іс-шара жалғасын тапты.

***

Құдай бір ұлтты жазалағысы келсе, Ол әуелі оны тілінен ажыратады.

***

Тіл – бәрінің негізі. Сондықтан қазақтарға айтар бар тілегім – ана тілдеріңді сақтаңдар! Өркендетіңдер! Ары қарай байытыңдар!

Иштван Қоңыр Мандоки

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір