• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:30:32
Алматы
+35°

13 Қараша, 2018 Ұлы көш

Шетел қазақ әдебиетінің тамырластығы

Шыңжаң қазақтарының қилы тағдыры салдарынан аумалы-төкпелі кезеңдерде шетел асқан қазақтар да аз болмады.

Шетелдегі қазақ әдебиетінің түп-төркіні мен қара шаңырағы – қазақ әдебиеті десек те, салыстырмалы айтқанда олардың өзара сабақтастығы да бар.

Ежелгі түркі жерінің бір бөлігі болған Алтай, Тарбағатай, Іле тауларының баурайын жайлаған қазақтар әдебиеті бір-бірімен тамырласып, тағдырласып жатты.

Соның ішінде күллі қазақ әдебиетіне ортақ белгілі тұлғалар да шоқтықты көрінді. Айталық, қазан төңкерісінің және кеңестік ұжымдастыру кезеңдерінің алды-артында Қытай асқан Ж.Шайхыслам, Ә.Найманбайұлы, А. Апашбайұлы, т.б. ақындар мен Шынжаң топырағында өсіп өнген  Т.Бөжекұлы, Ш.Көмекұлы, А.Үлімжіұлы, К.Маралбайұлы, Т.Жолдыұлы, А.Татанайұлы, Н.Мыңжани, Қ. Шабданұлы, Р.Әпшеұлы, Қ.Қозыбаев, М.Разданұлы, т.б. ақын-жазушылар бастаған әдеби қауым Қытай еліндегі қазақ әдебиетінің ортақ тұлғаларына айналды.

Шыңжаң қазақтарының қилы тағдыры салдарынан аумалы-төкпелі кезеңдерде шетел асқан қазақтар да аз болмады. Біз жалпы қазақтар өміріндегі қуғын-сүргінді сөз еткенде кеңестік саясаттың құрбандарын көбірек тілге тиек етеміз. Шын мәнінде, Шыңжаң қазақтарының басында да қытайлық қуғын-сүргіндер өте көп болды. Бүгінде дүниенің түкпір-түкпіріне шашылып, әлемнің қырық неше еліне шашылған қазақтардың, ең кемінде отыз бес еліндегі қазақтар арғы жағы Қытай елінен қашып барғандар саналады.

Қытайдың Шыңжаң жағдайынан алғанда қазақтардың шетелге асуын бірнеше кезеңдермен көрсетуге болады.

 

Бірінші кезең – Чиң патшалығы (1864-1912) дәуірі.

Бүгінгі Моңғолия қазақтарының 60 пайызы осы жылдар ішінде Қытайдың Алтай аймағы өңірінен Моңғолия жағына асқандар есептеледі. Базарқұл Көбеш батыр Айтбайұлы, шеруші Ақтай, Бозтай Көбегенұлдары, Қожамжар (Өжеке) төре, қарақас Тілеуді би бастаған көш, тарихқа «Бөке ауған» деген атпен қалған Бөке батыр Жырғалаңұлының Алтайдан ауған жылдары осы кезеңде болды. Алтайдан ауып Үрімжіге жақын өңірге барып, одан ары Тибетке дейін босты. Тибетте қытай қуғыншылары өлген Бөкенің басын кесіп алып, тозған елді Шынжаңға қарай қайта айдап келгенде, ішінара ауылдар тағы да Моңғолия асты.

Осы дәуірдің көркем әдебиеттегі бейнесін шыңжаңдық жазушы Шәміс Құмарұлы «Бөке батыр» романында бейнеледі.

Моңғолия жерінде туындаған 1911 жылғы өзгерістер «Жалама айдаған», «Өрікті көл» оқиғалары да осы дәуірдің соңғы жылдарынан бастау алды.

Ақыт Үлімжіұлының Қобда жеріне барып, ұстаздық және пошталық қызметтер атқарып, алғашқы рет қажыға баруы, «Қажыбаянды» жазуы осы жылдарға тура келеді.

 

Екінші кезең – Яң Зыңшин (1912-1928), Жин Шурын (1928-1933) дәуірі.

Бұл дәуірде Қытайдағы патшалықтың құлап, жаңа үкіметтік биліктің орнауы,  қазан төңкерісі, бірінші дүниежүзілік соғыс, кеңес қызыл үкіметінің орнауы, Моңғолия жеріне Т.Рысқұлов бастаған екінші интернационалдың келуі, «Жантайлақтың басының алынуы», «Зуқа батырдың басының алынуы», «Әліп шабылған» т.б. сан түрлі оқиғалар туындап жатты.

Шыңжаңдық жазушы Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» романы сол дәуір суреттеріне құрылды.

Жоғарыда айтқан Бөке батырдың ұлы Рабай бастаған көш, жәнтекей ауылдары, сарбас, молқы, шеруші, т.б. руды қамтыған қазақ көштері ілгерінді-кейінді Алтай өңірінен Қобда жеріне өтті. Моңғолиядағы қазақтардың 20 пайызы осы кездегі көшіп барғандар саналады.

 

Үшінші кезең – Шың Шысай (1933-1944) дәуірі.

Қазақтың қанды балақ соғыстарының көбі осы кезеңде туды. «Баркөл елінің Гансу-Чиңхайға аууы», «Алтайдағы Оспан төңкерісі», «Қазақтардың Гималай асып Үндістан-Пәкістанға өтуі», Моңғолия жеріндегі «Кенжебек айдаған», т.б. сан түрлі оқиғалар орын алып, бүгінгі Түркия-Еуропа қазақтарының қалыптасуының алғашқы легі осы кезде пайда болды. Бұл көштің куәгері ретінде Халифа Алтай «Атажұрттан Анадолыға дейін» (Анкара,1981ж), «Естеліктерім» Стамбул, 1980 жыл; Алматы, 2002 жыл),, «Алтайдан ауған ел» (Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы. 2000ж) кітаптарын жазды.

 

Төртінші кезең – Шығыс Түркістан (1944-1949) және жаңа ҚХР құрылған  жаңа (1949) дәуірі.

«Шығыс Түркістан Республикасының құрылуы», «Оспан мен Чойбалсанның кездесуі», «Сауан ауданының әкімі Қалибектің көшуі», «Құсайын, Солтаншәріп тәйжілердің көші», «Оспан, Жәнімхандардың атылып, Жәнімханұлы Дәлелхандардың шетке қашуы», т.б. көптеген оқиғалар осы кезеңде туындады.

Шыңжаңдық жазушы Шәйсұлтан Қызырұлының «Дабыл», «Бұлаң дүние», «Қайқая шапқан Қаракер», «Қайрылар ма екен қайран ел» романдары сол 1938-1950 жылдардағы оқиғаларды қамтыды.

Жоғарыда аталған қазақ көшінің қайраткерлерінің бастауында Гималайды екінші рет асқан көш алдыңғы көштің ізімен Үндістан-Пәкістанға жетіп, екі көш сонда қосылып 1953-1954 жылдары Түркияға жетті. 

Бұл көш хақындағы әдебиеттерден – Хасан Оралтай, «Елім-айлап өткен өмір», (Алматы, Ғылым, 1997ж), ««Елім-айлап өткен өмірден» соң» (Түкия Ізмір, 2006ж); Хызырбек Ғайретолла, «Алтайдағы қанды күндер», (Стамбұл.,1977ж), Дәлелхан Жаналтай «Қилы заман қиын күндер» (Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы. 2000ж). Нұрғожай батырдың естеліктері – «Азаттықтың өшпес рухы» (Алматы: Сардар, Құраст: Әбдіуақап Қара. 2008 жыл), Құланбай қажы Нәзір «Қилы жылдар шежіресі» (Алматы, 2011 жыл), «Қалибек Хакім туралы естеліктер», (құраст: Ә.Ілиясұлы, Алматы, «Білім», 2009ж), Әбдуақап Қара «Қазақтардың Түркияға көші» (Қожан Уәзір ақсақалдың ауызша деректері, Алматы-2016 «Орхон» Баспа үйі), т.б. шығармалар өмірге келді.

Біз жоғырыдағы жылнамалар мен оқиғаларға байланыстыра отырып, шетелдегі қазақ әдебиетінің тамырлас болуының тарихи негіздерін көрсеттік.

Енді сол тамырластықтың, ортақтықтың мысалдарына аялдай кетейік.

Қытайдағы қазақтардың әдебиеті мен Моңғолиядағы қазақтардың әдебиетін зерттеп, зерделегенде олардан көптеген ортақ тұлғаларды тауып аламыз.

Моңғолия қазақтарының әдебиетінің қалыптасуы сөз болғанда оның басында Ақыт Үлімжіұлы тұрады.

Ақыттың  «Жиһанша», «Ахиретбаян», «Сәйпілмүлік–Жамал» дастандарының Қазан баспасында басылған алғашқы нұсқаларының көшірмелері, «Абақ керей шежіресі», «Ер Жәнібек», «Алтай» сияқты толғау өлеңдері Моңғолия қазақтары арасында қолжазба түрінде кеңінен тараған. А.Үлімжіұлы  бастаған 30-дан астам халық ақындарының шығармалары жинастырылып, зерттеліп, ел игілігіне айналған. Олардың ішінде Шыңжаң қазақ әдебиетінің өкілдерінен Төлебай Бөжекұлы(1858-1924), Мешел Қожекеұлы (1858-1928), Отарбай ақын(1882-1953), т.б.лар кездеседі.

1955 жылы Моңғолияда қазақ қаламгерлері үйірмесі орнап, 1957 жылы жылына 4 мезгіл жарық көретін «Жаңа талап" альманахы (қазіргі «Шұғыла") шыға бастады. Осы тұстағы Кеңес Одағы мен Шыңжаң жағынның қарым-қатынастары негізінде Қытай қазақтары мен Моңғолия қазақтары арасында да барыс-келістер мен аздаған көші-қон орын алды.

Кейінгі жылдары Шыңжаңда жарық көрген рулық шежірелі еңбектерде Моңғолия қазақ әдебиетінің өкілдері саналататын – А.Бабиұлы (1897-1973), Қ.Мұқамадиұлы – (1923-1964), А.Жұмажанұлы, Д.Дікейұлы, И.Байбатырұлы, Ш.Қатшанұлы,  Д.Қалаубайұлы, Ж.Байыт, И.Жәбенұлы, Қ.Кәп, М.Егеухан, А.Қауия, І.Яки, Ж.Кәкей, Ш.Зуқай, Р.Шынай, І.Кеңес, Қ.Тойлыбай, Қ.Бодаухан, О.Солдатхан, Ж.Қуанған, М.Зүлкафил, Б.Мұрат, Ә.Дәулетхан, Р.Зұрғанбайұлы секілді қаламгерлер есімі кездеседі.

Моңғолиядағы қазақ қаламгерлерінің көрнекті шығармаларынан Елеусіз Мұқамадиұлының «Қобда қойнауында», Шабдарбай Қатшанұлы «Жырақта қалған жылдар», Мағауия Сұлтанияұлы «Ұрпақ тағдыры», Ісләм Қабышұлы «Ұрпағың үзілмесін», Жамлиха Шалұлы «Үлкен үй», Қауия Арысбайұлы «Жиекте», Сейітхан Әбілқасымұлы «Қара боран», Сұлтан Тәуекейұлы «Мұнар таулар», «Ақыр Жәнібек» романдары да Шыңжаң жағына әр түрлі жолдармен жетіп тұрды. Соның ішінде Ислам Қабышұлының «Керейлер керуені» кітабы зерттеу еңбектеріндегі әдебиеттер тізіміне кірсе, Сұлтан Тәуекейұлының «Мұнар таулар», «Ақыр Жәнібек» романдары Қытай қазақтарының төте жазуында басылып таратылды.

1976 жылы шетелдегі қазақтармен мәдени байланыс орнату мақсатында Қазақстандағы «Отан» қоғамының жанынан шыққан «Біздің Отан», кейіннен «Шалқар» газеті де шетел қазақтарының бір-бірімен байланыстыратын көпірге айналды.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін әлемнің әр шалғайынан жеткен қандастар атажұртта бас қосып, бір-бірімен сұхбаттас, мәжілістес болатын болды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төңірегінде өткен іс-шаралар олардың басын қосып қана қалмай, әдеби-мәдени байланыстарына да жол ашты.

Айталық, осы жолдардың авторы куә болғандай, 2000-2008 жылдары Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанынан құрылған «Атажұрт» баспа орталығынан – Д.Жаналтайдың «Қилы заман, қиын күндер», Х.Алтайдың «Алтайдан ауған ел», С.Жанболатовтың «Елжау күнби», Б.Құсбегиннің «Зуқа батыр», Ж.Сәмитұлының «Қытайдағы қазақтар», Т.Жолдыұлының таңдамалылары, Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс», «Пана», Су Бихайдың «Қазақ мәдениеті», О.Айтанұлының «Тырналар»,  А.Үлімжіұлының «Жиһаншах», С.Әбілқасымұлының «Қуғын», Ж.Шәкенұлының «Қытайдағы қазақтар», З.Қинаятұлының «Моңғолиядағы қазақтар» (II кітап), М.Разданұлының «Алтайдың Ақиықтары», А.Татанайұлының «Ел қорғаны –  Абылай», Ж.Сәмитұлының «Атамекен», Қ.Жұмаханұлы «Құстар қайтып барады»  кітаптары ілгерінді-кейінді жарық көрді.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының сәйкесуімен Т.Жолдыұлы, А.Татанайұлы, А.Үлімжіұлы сынды тұлғалар мен атажұртқа оралған Т.Рыскелдиев, С.Әбілқасымұлы, Ж.Сәмитұлы, О.Егеубай, Ж.Маманұлы, З.Сәнік, Р.Төкеева, т.б. ақын-жазушылардың мерейтой және басқа да іс-шаралары да салтанатты түрде атап өтілді.

          М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Шетелдегі қазақ әдеби мұрасын» жинау, топтау, шығару істері де сәтті қадамдар жасады.

Бұдан басқа да алыс-жақын шетел қазақ әдебиеті төңірегінде Қ.Жұмажановтың «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті: (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысы арасындағы ақын-жыршылар мұрасы), Зұфар Сейітжановтың «Шыңжаң қазақ әдебиеті», «Ақыт ақын», Ислам Жеменейдің «Тараз –парсы ақындарының жыр шумақтарында», «Иран қазақтары: тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрі», «Иран және иран қазақтары», Дүкен Мәсімханұлының «Сөз желкен», «Сарап», «Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық», «Еуразиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай халықтарының рухани қарым-қатынасы», Жәди Шәкенұлының «Жалғыздың үні», «Қытайдағы қазақтар», Қайырбек Кемеңгердің «Омбыда оқыған қазақтар», «Олжабай Нұралыұлы», Ерболат Әбікенұлының «Шетелдегі қазақ әдебиеттануы», Ө.Əлімгереевтің «Еділ жайлаған қазақтар», Қ.Байтанасованың «Эмиграциялық әдебиет: жаһандану үдерісі мен көркемдік сабақтастық», Диқан Қамзабекұлы құрастыруымен жарық көрген «Омбының Алаш дәптері: Өлең-жырлар», Тұрсын Жұртбай жетекшілігімен дайындалған «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» көп томдығы т.б. еңбектері шетелдегі қазақтардың рухани тұтастығы мен өзара әдеби сабақтастығы хақында мағлұматтар береді.

Осылардың ішінде З.Сейтжанұлы «Қытай қазақтары әдебиетінің туып, даму жолдары» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. М.Шыңдалиева «Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы (Омбы қазақтарының әдеби мұрасы ХYІІІ-ХХ ғ.ғ.)»), Д.Мәсімханұлы «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары)» (1999), Е.Кәпқызы «Моңғолия қазақтарының проза жанры: қалыптасуы және дамуы», Ж.Шекенұлы «Моңғолдың құпия шежіресі: фольклорлық, әдеби негіздері», Е.Арыққарақызы «Моңғолия қазақтарының поэзиясы және Кәкей Жаңжұңұлының шығармашылығы», С.Ысқақұлы «Таңжарық Жолдыұлы және оның ақындық ортасын зерттеудің өзектілігі» (2008), Дәулеткерей Кәпұлы Ақыт шығармашылығы тақырыптарында кандидаттық диссертациялар жазды.

Шетелдегі қазақ әдебиеті тағдыр-талайына қарай өзге топырақта өркен жайып бүрлесе де, өзінің жемісін атажұртына – Қазақ еліне ұсынды. Тамырластық тағдырдың бас қостыруымен атамекен әдебиеті болып, алып діңді бәйтерекке айналды. Түп-тамырының бір екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

 

 

Жәди Шәкенұлы

Қазақстан Жазушылар одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

 Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі.

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір