• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:19:59
+35°

22 Ақпан, 2018 Алаш-Орда

Алғашқы сақшыларымыз – Алаш милициясы!

Қазақстан тарихындағы алғашқы тәртіп сақшыларымыз 20-жылдары құрылған "жұмысшы-шаруалар" милициясы емес, Алаш жасағы болған.

Біздің баса мән беріп, аса дәріптеуге тиісті бір мерекеміз – Алашорда үкіметінің 100 жылдығы. Әрине, өзіміз алашордашыларды көрген де, кезінде оларға көңіл бөлген де жоқпыз. Сондықтан ел үшін еткен еңбектерін елеген тарихшылар мен алаштанушылардың азды-көпті зерттеу жұмыстарына сүйенеміз.

Мәселен, қазақ жерінде осыдан бір ғасыр бұрын Алаш милициясын құру туралы үндеу жарияланғаны белгілі. Бұл тұрғыдан «сараң сөйлеп тұрған» сары беттерді парақтасақ, «Алаш милициясы, халықтық милиция – 1917 жылы желтоқсанның 5-13 күндері Орынборда өткен ІІ-жалпықазақ съезінің шешіміне сәйкес құрылған Алаш автономиясының қарулы жасақтары» деген анықтаманы көреміз. Ал «Алаш автономиясының әскері» кітабының құрастырушысы, журналист Болат Мүрсәлім осы дәйекті нақты дерекпен толықтыра кетті.

Алаш милициясы

«Съездің күн тәртібіндегі 10 мәселенің төртіншісі «милиция туралы» болды. Осы мәселе бойынша Алаш қозғалысының белгілі өкілі Халел Ғаббасов баяндама жасады. Съезд Алаш автономиясы аталған ұлттық мемлекетті аяғынан тік тұрғызу үшін және тек кеңестік негіздегі автономияларды ғана қорғап-қолдауға бейім тұрған «бостандықтың жауы – болшевизммен күресу үшін» «халықтық милиция» атанған ұлттық әскер құру бағдарламасын бекітті», – дейді Болат Мүрсәлім. Оның айтуынша, Әлихан Бөкейханның 1919 жылғы ақпанның 11-інде Колчак үкіметінің ресми делегациясымен жүргізген келіссөздерінде келтірілген мәліметтеріне қарағанда, сол кезде азамат соғысы майдандарында Қызыл Армияға қарсы күреске қатысқан Алаш қарулы күштерінің саны 3 мыңнан асқан. Осы келіссөз барысында Алашорда делегациясының басшысы Әлихан Бөкейханов Сібір үкіметі өкілінің «Милицияны қалай түсінуге болады?» деген сұрағына: «Милиция – біздің әскеріміз. Ол қазір іс жүзінде бар...», – деп жауап берген. Сол себепті, журналист кітаптың атауын «Алаш автономиясының милициясы» емес, «Алаш автономиясының әскері» деп қойып отыр. Сонда да біз қалай құрылғанын қайта-қайта тілге тиек ете бергеннен гөрі, сол саптағылардың не сарбаз, не сақшы болғандығын ажыратып алғымыз келеді.

Неге десеңіз, кезінде алашордашылардың ұлттық әскерді ең алдымен халық милициясы ретінде құруға талпыныс жасағаны байқалады. Мәселен, алашордашылардың І-жалпықазақ съезіндегі ресми хаттамасында: «Анархия болу қаупі бар. Сол себепті, осы күнгі әскер орнына халық милициясы құрылсын!» деген сөз болса, ІІ-жалпықазақ съезінде қатталған құжаттың қысқаша мәтіні мынадай: «Елге қорған болатын халық әскерін жасау керектігі қайта жаңғырып, милиция құрудың мақсаты анықталды. Қазақ милициясын құру жоспары жасалып, бекітілді». Бұл негізді тарихшы Күлпаш Ілиясованың уәжі де қуаттай түседі. Оның айтуынша, Алашорда әскері «халықтық милиция», «халық әскері», «Алаш әскері», «қазақ полкі» деп әртүрлі аталғанмен, бастапқы қолданыстағы «милиция» сөзінің астарында елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын әскер ұғымы жатыр. Бұған тарихшы Сейітқали Дүйсеновтің де бір сөзі дәлел. Ол өз жазбасында: «Алаш әскерінің атқаратын басты міндеті: ақтар мен қызылдардың арасындағы соғысқа бару емес, елінің тыныштығын сақтау, сырттан келген жауға қарсы тұрып, еліне қорған болу» дейді. Аз оқып, көп сөйлейтін әлдебір әріптестер «интернетке иек артып отыр» демес үшін бұл дерек-дәйектердің кітаптар мен жеке архивтегі мерзімді басылымдар қиындысынан келтірілгенін ескерте кетейік. Ал ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы қарсаңында біз Торғай даласына жасаған сапарымызда белгілі қоғам қайраткері, алаштанушы Берік Әбдіғалиұлын осы мәселе бойынша әңгімеге тартып көрдік. Сол сәтте ол да Алаш милициясының басты мақсаты «қызылдармен» қырқысу ғана болмағанын айтты. «Қанды қырғын қызу жүріп жатқан шақта Алаш арыстарының большевиктерге қарсы әскери әлеует танытуы – екінші міндет. Ең бастысы, олар қоғам тыныштығын күзететін милиция жасақтады», – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Сонымен, атты әскер түрінде жасақталатын халықтық милиция қатарына әскери қызметті атқаруға жарамды 20-35 жас аралығындағы ер-азаматтар алынатын болды. Бөкей, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстарындағы милиция қызметкерлерінің жалпы саны 13 мың 500 болсын делініп, әр облыс бойынша әскер қатарына шақырылғандар саны белгіленді. Алашорда үкіметі бұл бағыттағы жұмыстарды тек Орынбор қазақ әскерінің басшылығымен ғана емес, сонымен қатар, Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелерінен тұратын үкіметпен және Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен бірлесе жүргізген. Алайда, нашар қаруланған, соғыс тәжірибесі жоқ халықтық милиция бөлімдері Қазақстандағы азамат соғысының күш алуына ықпал етпеді. Алашорда үкіметінің құлауымен қатар таратылып кетті. Егер солар жеңіске жеткен болса, «халықтық милиция» атауы шынымен де іс жүзінде қазіргі қазақ полициясының алғашқы іргетасын бекіткен жасақ ретінде қалыптасар еді. Әрине, жоғары билік большевиктер қолына өткен соң, 20-жылдары құрылған «жұмысшы-шаруалар милициясын» тұңғыш деп таныдық. Жоғымызды түгендеп, барымызды бағалай бастағанымызға ширек ғасыр ғана болды ғой. Енді «Алғашқы сақшыларымыз – Алаш милициясы болған» деп асқақ рухпен айта алатын кезең шығар бұл?!.

 

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

Erkegali Bolatuly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір