• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 04:40:06
Алматы
+35°

31 Мамыр, 2017 Ұлы көш

Кейбір азаматтар Қытайға кеткен туыстарының негізсіз қамалып, оралмай жатқанын айтады

Бүгін бірнеше ондаған Қазақстан азаматы Қытай елшілігіне дат айта барды деп хабарлайды

Бүгін бірнеше ондаған Қазақстан азаматы Қытай елшілігіне дат айта барды деп хабарлайды Qamshy.kz тілшісі.

Белгілі болғандай Қытайдың Алматыдағы елшілігіне Қытай билігі өкілдерінің делегациясы келіп, Қазақстан азаматтарының, Қазақстандағы Қытай азаматтарының құжаттық қиындықтары мен мәселелері туралы базыналарын тыңдайтын болған. Осындай хабарлама соңғы аптада әлеуметтік желіні кезіп кеткен. Осыған орай арасында БАҚ өкілдері бар қарасы көп қауым бүгін Қытай елшілігі алдына жиналды.

 

Ал, Раушангүл есімді ханым Қазақстанға көшіп келгеніне 12 жыл болғанын айтады. Оның күйеуі Қазақстан азаматтығын алған қазақ. 23 наурызда Үрімжіге туризм компаниясына жиналысқа кеткен күйеуі сол күйі оралмаған. «Күйеуім жиналыстан соң өзіміздің ауыл Тұрпанға барған. Сол жерден Қытайдың адамдары келіп алып кетті. Одан бері 2 ай болды. Естуімізше Қарамайлы түрмесінде жатыр екен. Менің айтпағым үш балмен қалдым. Күйеуімнің қандай кінәсі бар екенін айтпастан, ешқандай айыпсыз қамауда ұстап отыр. Күйеуімді қайтарса, өтінейін, мен қиналып кеттім», - дейді үш баланың анасы.

 

Алауыраяқ келіншек Жазира Мұқашқызы енесінің құжаттар шаруасымен Қытайға кеткенін, барған соң барлық құжаттарын жергілікті биліктің алып алғанын айтады. «Ол кісінің барар жері, басар тауы жоқ далада қалды. Үш айдан бері кімге жүгінерімізді білмеймін. Өзімнің азаматтығым Қазақстан азаматтығы. Енем Қытай азаматы. 98 жылы Қазақстанға көшіп келген. Бала-шағамыз да толықтай Қазақстан азаматы. Енем бала-шағасын асыраймын деп Қытайда 35 жыл педагог болып заңды түрде зейнетке шыққан. Құжаттарының бәрі дұрыс болса да бала-шағасының ортасына енді келіп-кетіп жүргенде оны жібермей отыр. Осының себебін түсіндірсе екен», - дейді келіні.

Бұл жиналған қауымның тек екеуінің базынасы. Осындай талап-тілегі бар елдің қарасы көп. Түрлі облыстар мен ауылдардан да жиі хабарласады. 

60-қа жақын адам талап-арыз жазып қол қойған хат Қытай елшілігіне табысталған. Халық алдына шыққан делегация өкілі тек хатты алып кіріп кеткен. Ешқандай да түсініктеме жасамаған.  Елшілік ғимаратына  делегация өкілдерімен кездесу үшін «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігі өкілдері мен бірнеше азамат кірген.

Ерлан Төлеубай

 

ҚХР делегация өкілдеріне

Қазақстан Республикасының

азаматтары атынан

 

Құрметті делегация өкілдері!!!  Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы ежелден тату көрші, әрі дос ел. Біз осыған дейін Қытай Халық Республикасында туып өсіп, ҚХР әділ саясаты астында емін-еркін, баяшатты өмір сүріп келдік, осы уақытқа дейін төмендегідей заңнан тыс, адамдардың құқығын шектеген жағдайларды көрмеген едік.

Төменде ҚХР ШҰАР-ға қарасты аудан- аймақ жергілікті өкіметі тарапынан жасалып отырған заңсыз саясаттары туралы сіздерге мәлімдейміз;

  1. Қазақстан Республикасында түрлі кәсіппен айналысып жатқан, қолдарында заңды төлқұжаттары бар Қазақ азаматтарының төлқұжаттарын белгісіз себеппен жиып алып, түрлі сылтаулармен уақытында төлқұжаттарын қайтарып бермей отыр, бұл ҚХР азаматтардың шетелге емін-еркін кіріп-шығуы заңнамасына қайшы келіп отыр;
  2. Бір отбасының барлық төлқұжаттарын жинап алып, ішіндегі бір мүшесіне бермей, олардың Қазақстанға отбасымен толық шығуына тиым салып отыр;
  3. Төлқұжаттарды толық және уақытында бермеу себепті алып қойған виза кезегіне уақытында бара алмай, виза аштыруына кедергі болып отыр;
  4. ҚХР да зейнетке шығып, заңды түрде Қазақстан Республикасына көшіп келген зейнеткерлерді белгісіз себеппен қайтадан шақырып алып, оларды Қазақстанда тұрақты тұруына рұқсат бермей, отбасынан айырып тек ҚХР-да тұруға мәжбүрлеп отыр, егерде олар ҚХР-ға бармаса және ҚХР азаматтығынан шығып ҚР азаматтығын қабылдаса олардың зейнет ақысын тоқтатып отыр, бұл туралы ҚХР заңында шет ел азаматтығын алған азаматтардың зейнет ақысы тоқтатылмайтыны анық жазылған;
  5. ҚХР-ның Қазақстандағы елшілігі тек Қазақстанның жергілікті тұрғындарына ғана топтық виза беріп, ҚХР-нан келіп Қазақстан азаматтығын алғандарға белгісіз себептермен виза бермей отыр;
  6.  ҚХР-нан келіп Қазақстан азаматтығын алғандарға виза беру үшін ҚХР дан туыстық байланысы туралы анықтама талап етіп отыр, бірақ бұл анықтаманы ҚХР жергілікті өкіметі бермей отыр;
  7. Қазақстан Республикасының азаматтығын алған адамдардың ҚХР жергілікті өкіметі шақыртып алып, оларға өзі тұрған орыннан тіркеуін (напосын) өшіруін талап етіп отыр, бұл ҚХР заңы бойынша азаматтарды тіркеуден өшіру жергілікті өкіметтің құзырындағы жұмыс.
  8. ҚХР дағы қазақ қандастарымызға түрлі үрей тудыратын, ауызша бұйрықтар жасап оларға Қазақстандағы туыс-туғандарымен байланыс орнатпауға, Wechat, WhatsApp сияқты байланыс құралдарындағы топтардан шығуға мәжбүрлеп, ұлттық мерекелермен құттықтауға тыйым салып, халықты үрейлендіріп Қазақстан мемлекетін жергілікті қалыққа қорқынышты етіп көрсетуде;
  9. ҚХР-дағы Қазақ азаматтар балаларын Қазақстанның бала-бақшаларында, мектептерінде, жоғары оқу орындарында оқытуына тыйым салып отыр, әрі Қазақстанда оқып жатқан оқушыларды қайта шақырып жатыр;

Жоғарыдағы қолдан жасалып отырған заңсыздықтар ҚХР –ның халықаралық беделіне нұқсан келтіріп, ҚХР-ды Шетелге қорқынышты, диктатуралық қатігез мемлекет ретінде көрсетіп отыр әрі екі ел азаматтарының сауда-саттық, іскерлік әріптестігіне қиындық тудырып отыр.

            Құрметті делегация өкілдері сіздерден осы заңсыздықтардың қатаң тексеріп, жауапты адамдарды жазалап, екі ел достығын одан ары нығайту, халықаралық байланысты қалпына келтіру жолында өз ықпалдарыңызды көрсетулеріңізді сұраймыз!!!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір