• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 05:07:32
Алматы
+35°

04 Ақпан, 2019 Экономика

2019 жылы Қазақстанның зейнетақы қорына қауіп төне ме?

Бүгінде әлемдегі ең ірі зейнетақы қорлары экономикалық ахуалға байланысты қиындықтар туып отырғанын ашып айтуда

Бүгінде әлемдегі ең ірі зейнетақы қорлары экономикалық ахуалға байланысты қиындықтар туып отырғанын ашып айтуда. Мәселен, Жапонияның үкіметтік зейнетақы қоры 2018 жылы 136 млрд доллар жоғалтқан. Жапон ақшасына шаққанда бұл 14,8 тлрн иен тұрады. Сол тәрізді Италияның да инвестициялық зейнетақы қоры 2018 жылы 98 млрд доллар жоғалтқан. Қазір Италияда инфляция деңгейі өсіп, халық жаппай қымбатшылықты қатты сезініп отыр. Малайзия елінің де зейнетақы жүйесі шығынға кете бастаған.  Bloomberg экономикалық зерттеу орталығының сарапшылары  2019 жылы да бірқатар елдердің зейнетақы жүйесіне қауіп төне бастайтынын ашып айтып отыр.

Осы арада біз Қазақстандағы зейнетақы жүйесі жайында отандық мамандардың пікірін білдік. Отандық сарапшылардың пайымдауынша, біздегі зейнетақы жүйесіне де серпін қажет. Мамандардың пайымдауынша, зейнетақы қорындағы қаржыны дұрыс жұмыс істете алмауымыз бізді қатты алаңдатуы тиіс.

Қазір Қазақстандағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 9 трлнға жуық теңге бар. Әрине, бұл қаржы қорда текке жатқан жоқ. Аталмыш қаражат экономиканың белгілі бір салаларын қолдауға жұмсалып тұрады. Мәселен, 2017 жылы зейнетақы қорынан 50 млрд теңге алынып, теміржол саласын жаңғыртуға жұмсалса, 2018 жылы 300 млрд теңге көлемінде қаржы экономикалық жобаларды қаржыландыру мақсатында екінші деңгейлі банктерге беріле бастады.

Экономика ғылымының докторы,  профессор,  Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, болашақта бізге зейнетақы қорындағы қаржыны өзін-өзі ақтайтын салаларға бөлуді ойластыру қажет.

-Зейнетақы қорындағы қаражатты біз екінші деңгейлі банктерге қандай да бір жобаларды қаржыландыруға бөле бастадық. Бірақ біздегі банктер мен өндіріс орындарының арасында айтарлықтай тығыз қарым -қатынас жоқ екенін мойындауымыз керек. Банктерде қандай да бір өндіріс орындарына барып оның түсімін зерттеп, олардың шығындары өздерін өздері ақтай ма, жоқ па, оны тереңдеп білу тәрізді маркетингтік тәсіл жоқ. Олар қандай да бір құрылыс компаниясына үй салуға қаржы бөледі немесе бөлінген қаржыны депозитте сақтап, оны халыққа несие ретінде беру бізде кең орын алған. Біздегі зейнетақы активтерін ұқсатудың түрі осы. Негізінде бұл дұрыс емес. Жапонияда зейнетақы қорындағы қаржыны өндіріс+өнім деген формуламен ұқсатады. Қаржы отандық өнім шығаратын компаниялардың жұмысын жаңғыртуға бөлінеді. Соның өзінде жапондардың зейнетақы жүйесі ұтылып отыр. Сондықтан біз үшін болашақта зейнетақы қорын бақылау, қадағалау ісі маңызды, - дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Маманның пайымдауынша,  болашақта қандай да бір дағдару кезеңі орын алса, халықтың зейнетақы қорына жинақталған қаржысының құны кеміп кетпеуі үшін зейнетақы қорындағы қаржы табыс әкеліп тұруы керек. Бұл ретте маман, «қазір қорда жинақталған қаражат инвестицияға жарап, табыс әкеліп отырудың орнына өзінен-өзі кеміп, қымбатшылық салдарынан құнын жоғалтты» дейді.

-Қордағы қаржыны екінші деңгейлі банктерге беру де аса пайда әкелмейді. Қаржы расымен де экономикалық жобаларды оның ішінде отандық өнім өндірушілерді қолдауға сауатты жұмсалса жөн болар еді,-деді экономист-ғалым.  

Сондықтан болашақта мынадай ұсыныстарға мән бергеніміз абзал:

А) Еліміздің Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңесі «ҚазАгро» ұлттық холдингіне Бірыңғай жинатаушы зейнетақы қорынан алып 450 млрд теңге беруді мақұлдап отыр. Ұлттық қорды басқару кеңесі мамандарының пайымдауынша, бөлінген қаржы ауыл шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының борыштық жүктемесін азайтуға, ауыл шаруашылығына арзан несие беруге, валюталық тәуекелдердің азаюуына көмектеседі. Біз шаруаны несиеге байлап пайда таппаймыз дер едім. Қазір ауыл шаруашылығы кооперативтерінің 70 пайызы арзан несие алып, оны қайтара алмай жүр. Осыны ескере отырып, зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін ауыл шаруашылығын жаңғыртуға қатысты жобаларға бөлген жөн деп ойлаймын. Себебі халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі сала ауыл шаруашылығы. Ет, сүт өнімдерін алу, оны экспортқа молынан шығару жүйесі жетілу үшін бұл сала әрдайым қолдауды қажет етеді. Ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істейтін сала болғандықтан осы салаға түскен қаржы өзін-өзі ақтап, пайда әкеледі.

Ә) Зейнетақы қорындағы қаржыны инновациялық бағытты ұстанған салаға, инфрақұрылымды дамытатын салаларға  берудің де жемісі бар. Нанотехнология, биотехнологияны жетілдіру ғылымға көңіл бөлу қай кезде де өзекті мәселе. Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мәселесі қазір тіптен қажет. Сондықтан қаржыны осы мәселелерге бөліп оны нақты қадағалай алсақ ұтар едік.

Б) Бізде ең төменгі зейнетақы 28, 284 теңге. Атаулы әлеуметтік төлем 14 мың теңгенің айналасында. Мұны ескерсек, бізде жағдайы төмен бұқараны өзіндік дамыту үшін , әлеуметтік қолдау үшін қосымша қаражат керек екені даусыз. Жұмыспен қамту, шағын өнідіріс орындарын ашу жайын шеше алсақ бұл қаражат өзінен өзі жұмыс істей бастайды. Сондықтан болашақта халықтың зейнетақы қорындағы қаржысы құнсызданып кетпеуі үшін алдымен қолда бар қаржыны осы салаларға бөлуді қарастырған абзал.

Міне, мамандар атап отырған осы үш ұсыныс зейнетақы қорындағы жинақталған 9 трлн теңгенің жоқ дегенде 50 пайызы  тиімді инвестиция ретінде жұмсалып, кіріс кіргізіп тұруына ықпал етпек. Бұл ретте мамандар   «алдымен осы ұсыныстар ескерілетін болса,  жүйенің болашағынан күмән сейіледі,-деді.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір