• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 06:42:38
Алматы
+35°

05 Сәуір, 2017 NEWS

«2017 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙГЕ ҚОСЫЛАДЫ» ДЕП САНДЫРАҚТАҒАН СӘУЕГЕЙЛЕР ҚАЗАҚСТАН ШЕКАРАСЫНА КІРГІЗІЛМЕУІ ТИІС

...Қадым заманда қытайың мен орысың, моңғолың мен қызылбасың Еуразия құрлығын Ұлы Даланың дауылпаз да жауынгер жұрты қазақтан ғана қаймығып (өзбек пен...

...Қадым заманда қытайың мен орысың, моңғолың мен қызылбасың Еуразия құрлығын Ұлы Даланың дауылпаз да жауынгер жұрты қазақтан ғана қаймығып (өзбек пен қырғыздан, түркімен мен тәжіктен емес), басакөктеп жаулай алмап еді. Тарих – бұл ақиқатқа анық куә!..

Ә дегенде, Қазақ елінен жас тоқал тапқан көріпкел, қазақша айтқанда, «сайтанның сапалағы» Павел Глоба деген біреу сандырақтап шыға келді. Мінезі бірде алай-дүлей, бірде бейқам-мамыражай қазағым Астананың бір қызын ұнатып қалып, отбасынан ажырап, Астана мен Мәскеудің ортасында қыдырыстап жүрген Павел ГЛОБА деген бір сәуегейдің «2017 жылы Қазақстан Ресейге қосылады» деген сандалбайына міз бақпай, дым естімегендей, есінеп отыра берді...

Астролог Павел Глобаның аңыздық сандырағы, дәлірек айтсақ, идеологиялық терактісі былай дейді: «2017 жылы...
1. Американың доллары құнын жоғалтып, «әлемдік валюта» деген атынан да, абыройынан да айырылады. … Еуро валютасы тұрақтайды, жиған-тергеніңізді еуроға ауыстырып үлгеріңіздер...
2. «Қара алтын» – мұнайдың «тамырына қан жүгіреді». Құны өседі. Кремль қаржылық дағдарысты еңсеріп шығады.
3. Жылдың екінші жартысында әлем астан-кестен болып, Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетуі мүмкін. Мұсылман елі (бұл Иран болуы мүмкін) бүлік шығарады. Парсылар түріктерге тап береді.
4. Ушығып кетуге әзір тұрған жағдайды Ресей өзінің бақылауына алады. Оның данагөй көсемі осы жағдайға әділ төрелік етіп, тиісті шешім шығарады. Өзінің атақ-абыройы мен ақыл-білімінің арқасында Путин Үшінші дүниежүзілік соғыстың алдын алады.
5. Ресейде жаңа діни қозғалыс құрылып, ай­наласы бірнеше жылдың ішінде бұл ағым хрис­тиан және ислам діндерін «отарлап», «бір­тұтас әлемдік дін» деген атаққа ие болады.
6. Қазақстан Ресейге қосылады. Қазақстан мен Беларусь Ресейдің күші асып-тасып бара жатқанын көріп, Ресейдің қолтығына кіргісі келетінін айтады. «Америка мен ЕуроОдақтың өзі «Үш мемлекетен құралған державаның» жанында «ойын баласы» болып қалып, аз уақыттан кейін бұларға Әзірбайжан мен Армения қосылады...»

Міне, ғасырлық сандырақтың АТАСЫ!

Жалпы, Ислам діні – көріпкелдікке, палшылыққа, сиқыршылққа үзілді-кесілді қарсы!

...Тағы бір харамнан нан тапқыш сиқыршы, әзірбайжандық көріпкел Зираддин РЗАЕВ былайша соғады: «Мен түс көрдім. Бір тылсым дауыс маған бұл көргендерімді уақытынан ерте айтпау керектігін ескертті, дегенмен, оны халыққа жеткізуді жөн санадым...
...АҚШ басшысы Дональд Трамп өзін көгілдір экранда көрсетіп жүргендей адам емес, ол өте ақкөңіл адам. Ресейді қолдайды және әлемде бейбітшілік орнағанын қалайды.
...Ресеймен көршілес мемлекеттер Қазақстан, Молдова, Өзбекстан елдері Украинаның кебін киюі әбден мүмкін. Дональд Трамп ислам мемлекеттеріне қарсы жоспар құрып отыр...»

Көрдіңіз бе, екеуі де Ресейдің «мықтылығын» ай­тып, «орыс жерінде ғана жұмақ орнайды» дейді...

Басқа-басқа, «іштен шыққан шұбар жылан» өз жерлесіміз, сиқыршы, көріпкел Бақыт ЖҰМАТОВА «бәлкім, рухани өскендігімнен болар, мен үш жылға болжам жасадым» – деп бір желпініп алады да, «Солтүстіктегі байлығымыз – нан, оңтүстікте – жемістер мен көкөністер, Алматы қаласында алма өсіріледі» – деп, «адамның ойына келмейтін» «жаңалық» ашады. Одан әрі «ірік ауыздан – шірік сөз шығып», «Бұл жыл өте ауыр жыл болады» – деген екпінмен аузына келгенін лақ еткізеді:
«1. Судың бағасы үлкен мәселе тудыруы мүмкін, су тапшылығы басталады.
2. Біраз уақыт өткеннен соң, елде бірде-бір банк қалмайды.
3. Біз рубльға ауысамыз. Рубль доллар мен евродан да қымбат валюта болады...»
...Сыртқы дұшпанның арамдығы түсінікті, ал, мынадай өз ішімізден шыққан ашық сатқындыққа қалай шыдарсың?!.
Мен осы сандырақшыларды үш айдан астам уақыт бойы тыңдап, зерттеп, шыдап бақтым. Бәрі қазақтың ұлты мен мемелекетіне қарсы сөздер айтты. Бір сөзбен қорытсақ, «ҚАЗАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ» дегенге сайды...
Сонда өз ішімізден шыққан сатқындарды пайдаланып жатқан дұшпанның қысастығын кім қадағалайды? Әлгі Жириновский деген аусарды «жынды» деп, жеңіл жауып қоя салдық...
Қазақ елінің ұлттық Қауіпсіздік қызметі, прокуратура, құқық қорғаушылар қайда қарап отыр? Қазақ елін кешегі озбыр совет өкіметі кезіндегідей «өндіру цехы» есебінде пайдалануды армандап-аңсаған сасық пейіл арандатушыларды (олардың басқаға бүйрек бұрған біздегі қолпаштаушыларымен қоса) дереу анықтап, неге жауапқа тартпайды? Бұларды тайлы-тұяғымен «тұрақтылыққа қауіп төндіруші», «арандатушы һәм экстермистік топ» деп бағалап, неге қатаң шара қолданбайды? Қашанғы шыдаймыз? Қанша күтеміз?..

...Байқап қарасаңыз, сәуегейлер сандырақшыл болғанымен, өлетін жерлерін де әбден біледі. Орыстың басшысы туралы айтқанда ақырын жүріп, мысықша жұмсақ мәймөңкеге көшеді. Тіпті, «Қорғай гөр және сақтай гөр!» («Спаси и сохрани!») – деп, Путинді Иса пайғамбарға дейін теңейді. Демек, Павел Глоба Ресейдің немесе Қытайдың, болмаса Американың арнаулы барлау қызметтерінің (бәлкім, үшеуінің де бірдей) жансызы (шпион) болуы мүмкін ғой...

Бұл мәселелерді Ұлттық Қауіпсіздің Комитетінің (Басшысы Кәрім Мәсімов) «Қарсыбарлау» (контрразведка) басқармасы тиянақтап тексеруге тиіс. Сірә, қымбатшылықтан қысылып, көшеге шыққан ат төбеліндей 5-6 зейнеткерді аңдып-андыздай бергеннен – елдің іргесінің бекімейтіні белгілі...

Дінге жауапты министріміздің өзі: «Маш-Алланың» орнына – «Құдай қаласа» деп айтуға болады ғой...» – деп, мөңкігенде; ол – ол ма, БҚО-ның Орал қалалық мәслихатының хатшысы Аккали Аубекеров өзін Ресейдің Федеральдық Жиналысының төменгі палатасындамын деп «қиялдап»: «Депутат, узнав о существующей проблеме, направляет из Думы запрос в компетентные госорганы» – деп жазып жүргенде, арамза-дұшпан сыналап кіріп, арамызды ажыратып кетпесін!

Қазақстанды Ресейге қосу туралы айту, елдегі ұлттық-патриоттық рухты сөндіруге ұмтылу, қаймана қазақты жік-жікке бөлуді көздеу – Ресейдің пайдасына жұмыс істеп жатқандардың арандату әрекеті ғана емес, Қазақ мемлекетінің біртұтастығына нұқсан келтіру деп бағалануға тиіс.

Сондықтан, қазақ елінің тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіргені үшін ресейлік сиқыршы Павел Глоба мен әзірбайжандық сиқыршы Зираддин Рзаев біздің елімізде қажетсіз (зиянды) бірлік (persona non grata) саналып, ел шекарасына кіргізілмеуі керек.

Ал, батыс өңірінің сиқыршысы Бақыт Жұматова мен батыс өңірінің қиялшысы Аккали Аубекеров қазақ ұлтынан ресми кешірім сұрасын және мұндай бассыздықтың қайталанбауына уәде берсін!

Меніңше, бұл – мейлінше әділ әрі адамгершілікке тән талап пен шешім.

Қажымұқан Ғабдолла

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір