• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

17 Сәуір, 00:41:26
Алматы
+35°

25 Желтоқсан, 2017 Әлеумет

2017 жылы дүние салған қазақтың қайталанбас тұлғалары

2017 жыл қазақстандықтар үшін қуанышымен бірге, қайғысын да қоса әкелді.

2017 жыл қазақстандықтар үшін қуанышымен бірге, қайғысын да қоса әкелді. Қазақ өнері мен мәдениетіне үлес қосқан белді азаматтар өмірден озды.

Қазақ кино өнері орны толмас қазаға ұшырады

Киносыншы Бауыржан Нөгербек

Бауыржан Нөгербек

Маусымда Еліміздің Еңбек сіңірген қайраткері, өнертану профессоры, кинотанушы, кинотеорияшы, педагог әрі киносыншы Бауыржан Нөгербек 69 жасында ұзақ науқастан соң көз жұмды.

Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек 1948 жылы Қарағанды облысының Ұлытау ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілресейлік Мемлекеттік кинематография институтының сценарий-кинотану факультетін бітірді. Институттан соң Бауыржан Нөгербек «Қазақфильм» киностудиясы мультипликация бірлестігінің бас редакторы қызметін атқарған. 1981 жылы Қазақстан кинематографистер Одағының хатшысы болып тағайындалады, ал 1985 жылдан бастап Мұхтар Әуэзов атындағы Мәдениет және кино институты театр және кино бөлімінің жоғары ғылыми қызметкері болған. 1993-1994 ж.ж. кинотанушы Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның проректоры қызметін атқарды. Сонымен қатар, Бауыржан Рамазанұлы кинотану бойынша шеберлік сыныбын ашып, қазақ тілінде жазатын алғашқы кинотанушыларды оқытып шығарды. Кинотеорияшы өмірінің көп бөлігін ұстаздыққа арнады. Ол бар білгенін жас ұрпаққа үйретумен болды.

Қыз Жібек Төлегенінен, Меруерт Құманынан айырылды

Құман Тастанбеков

Қазақ халқы 17 желтоқсанда Кеңес кезінде түсірілген «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған Құман Тастанбековтен де айырылды. Қазақ киносы мен театрының майталманы Құман Тастанбеков 1945 жылы бұрынғы Талдықорған облысында дүниеге келген. Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Лениндік комсомол сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. 1969 жылы Қазақ Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетін бітірген. Ол сахнада О. Бөкеевтің «Құлыным меніңдегі» - Жан, «Вьетнам жұлдызындағы» - Ұшқыш, Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» - Тәңірберген, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» - Ақан, С. Мұқановтың «Шоқан Уәлихановындағы» - Шоқан, Т. Ахтановтың «Антында» - Сауран, М. Әуезовтің «Айман-Шолпанында» - Әлібек, Т. Ахтановтың «Жоғалған досында» - Естемесов, Ш. Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» - Қасым, «Ақ кемесінде» - Құлбек, Е. Домбаевтың «Біздің кластың қыздарында» - Төлеген, Б. Мұқайдың «Өмірзаясында» - Цезарь, Ф.Эрвенің «Түлкі бикешінде» - Флоридор, Н. Хикметтің «Фархад-Шырынында» - Фархад сынды негізгі рөлдерді сомдады.

Театр репертуарында жүріп жатқан спектакльдерде - Шахимарденнің «Томирисінде» - Балқаш, С. Торайғыровтың «Қамар сұлуында» - Омар, С. Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» - Жақыпбек, Т. Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» - Жалғасбек, Б. Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» - Қария, М. Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясында - Андрей, Г. Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» - Штейниц, Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» - Монтекки, Д. Кобурнның (ауд. Е. Аманшаев) «Жынойнағында» - Веллер Мартин (реж. Е.А маншаев, А. Кәкішева), А. Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» драмасында (ауд. Ә. Бөпежанова, реж. Р. Андриасян, А. Кәкішева) - Кулыгин рөлдерін сомдаған.

Джаз әнші Жанна Саттарова

Жанна Саттарова

Қазақстандық джаз әншісі Жанна Саттарова мамырдың басында қаза тапты. Соңғы екі жылда әнші онкологиялық аурумен күресіп келген.

Ауру екенін Жанна Саттарова 2014 жылдың қазанында білген. Оның ем алып, қайта қалпына келуі үшін достары мен туыстары қайырымдылық кештерін өткізген. Ақпанда қазақстандықтар Жаннаның емі үшін қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді. Алайда, туыстары мен достарының үсіті ақталмады. Қазақстан халқы әншімен мәңгіге қош айтысты.

«Қара бауыр қасқалдақ» әнінің авторы Ілесбек Аманов  

Ілесбек Аманов

Ақпанда желтоқсан көтерілісіне арналған «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің авторы Ілесбек Аманов өмірден озды.

Желтоқсан оқиғасынан тұп-тура бiр жылдан кейiн дүниеге келген "Қара бауыр қасқалдақ" әнінiң тарихы туралы, әннiң авторы, белгiлi сазгер Ілесбек Аманов көзі тірісінде «Жас алаш» газетіне берген сұхбатында былай депті: «Әннiң мәтiнiн жазған белгiлi ақын - Есенғали Раушанов. Жұлдыз журналын қарап отырып осы өлең жолдары көзiме оттай басылды.

Қара бауыр қасқалдақ

Қайда ұштың пыр-пырлап?

Сазың қалды сәбидiң

Еңбегiндей былқылдап. ...

Ұя қалса иесiз,

Айдын үшiн сол қайғы.

Қаңғып келген шүрегей,

Көлге пана болмайды, - деп ойын астарлап жеткiзген өлеңде автор қасқалдақ деп - Қонаевты, ал Колбиндi қаңғып келген шүрегей деп отырған астарын бiрден түсiндiм. Өлеңдi оқып отырып ән өзiнен-өзi шыға келдi. Бұл - 1987 жылдың 18 желтоқсаны болатын».

Спорт қайғысы

Қазақ футболының аңызы Тимур Сегізбаев

Тимур Сегізбаев

Кеңес футболисі, тренер, қазақстандық «Қайрат» футбол клубының жаттықтырушысы Тимур Сегізбаев 15 желтоқсанда 76 жасқа келген шағында бақилық болды.

Т.Сегізбаев «Қайрат» құрамында 12 маусымды өткізген. 200 астам матч ойнаған. 1964 жылы Кеңес одағы чемпионатында мәскеулік Спартаның қақпасына екі рет гол салып, көпшіліктің есінде қалды. КСРО спорт шебері, Қазақ КСР еңбегі сіңген жаттықтырушысы, ҚР Олимпиада Ұлттық комитеті Ордені иегері Тимур Сегізбаев 1973, 1986 жылдары «Қайрат» командасының жаттықтырушысы болған.

Үміт күткен спортшы ару Дана Ахметова

Дана Ахметова

Шілдеде еліміздің велоспорты үмітін арқалаған 17 жастағы белгілі спортшы Дана Ахметова көз жұмды. Велошабандоз кезекті жарыста ыстық өтіп қаза тапқан.

Орны толмас қайғылы оқиға бір апта бұрын жастар арасындағы спорттық ойындар трассасында болған. 30 градус ыстықта қатысушылар 24 шақырым қашықтықты бағындырулары тиіс еді. Бірақ, талай мәрені бірінші болып бағындыратын Дана Ахметова сол күні орта жолда дистанциядан ауытқып, есінен танып қалған. Сөйтіп есін жимастан ауруханада көз жұмды.

Дана Ахметова Солтүстік Қазақстандағы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектепте білім алған. Ол Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын 17 жасында иемденген. 2016 жылы Дана Олимпиадаға дайындық орталығының тізіміне енген болатын. 

Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева

Кәмшат Дөненбаева

Қарашада еліміздің дамуына ерен еңбегімен ерекше үлес қосқан, даңқты механизатор, тың ардагері, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Байғазықызы Дөненбаева 80 жасқа қараған шағында дүние салды.

Кәмшат Дөненбаева 1937 жылы Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Ленин совхозында туған. Еңбек жолын Ұзынкөл элеваторында бастаған. 1961 жылдан Қостанай облысы Боровский ауданы «Харьковский» совхозында механизатор болып еңбек еткен. Осы облыстың Меңдіқара ауданындағы «Каменьск-Уральский» кеңшарында механизаторлар дайындайтын курсты, кейін Қостанай ауыл шаруашылық техникумын сырттай оқыды.

Тың ардагері, ардақты ана, аяулы әже Кәмшат Байғазықызы қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмады. «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесінің мүшесі, Облыстық әйелдер ісі жөніндегі және отбасылық-демографиялық комиссияның құрамында бірнеше қызметтерді атқарды.

1980-1985 жылдары КСРО Жоғарығы Кеңесінің Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары болды. 1976 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Екі рет Ленин орденімен, Құрмет белгісі орденімен марапатталған. 1990-1993 жылдары осы кеңшарда қауіпсіздік техникасының инженері, 1993 жылдан шаруа қожалығын басқарады.

Қостанай облысының және Қостанай қаласының құрметті азаматы.

Қазақ әдебиетінің асқар биігі құлады

Мұзафар Әлімбаев

27 қарашада көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев 95 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Халық жазушысы, балалар әдебиетінің ақсақалы саналы ғұмырын ұлтымыздың жеткіншектерін зияткерлік деңгейге көтеруге арнады. Себебі, өзі жастайынан әкесі мен анасынан айырылып, тағдыр тауқыметін тартқан. Сондықтан, қаламгер «жастар қиындық көрмесе екен», деп рухани кемелденуіне бар күш-жігерін жұмсады. Әлімбаев 1958 жылы «Балдырған» журналы ашылған күннен бастап 1986 жылға дейін бас редакторы қызметін атқарған. Ол 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданы Маралды ауылында дүниеге келген. Соғыс жылдарында республикалық, майдандық газеттерде өлеңдері басылды. Алғашқы кітабы 1952 жылы «Қарағанды жырлары» деген атпен жарық көрді. Сондай-ақ, жазушы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған.

Қазақ журналистикасының орны толмас қазасы

Геннадий Бендицкий

Геннадий Бендицкий

3 желтоқсанда қазақстандық журналист Геннадий Бендицкий қаза тапты.

Геннадий Бендицкий 1990 жылдардан бастап КТК, 31-арна жеке меншік телекомпанияларында, "Караван", "Время" басылымдарында жұмыс істеді. 2013 жылы әріптестерімен бірге ratel.kz интернет-басылымын құрып, өмірінің соңына дейін осы ұжымда еңбек етті.

Ол журналистік зерттеу мақалалары үшін бірнеше жүлденің иегері атанған.

Рахат Мамырбек

Рахат Мамырбек

Сондай-ақ желтоқсанда белгілі журналист Рахат Мамырбек өмірден озды.

Рахат Мамырбек инсульт алып, ауруханаға түскен. Сол уақыттан бері есін жимастан бақилық болды.

Рахат Мамырбек 1978 жылы, 10 ақпанда Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы), Аягөз ауданы Тарбағатай ауылында дүниеге келді. Алматы мемлекеттік университетінің философия және саясаттану факультетін бітірді.

Рахат 2010 жылдан бері Азаттықтың Алматы бюросында редактор және жүргізуші болып қызмет атқарып келді. ҚазҰПУ-ді саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. "Қазақстан", "31-арна", КТК және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып тәжірибе жинаған. Жергілікті телеаудиторияға кең танылған "Күлтөбе" телехабарының авторы әрі модераторы болған.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір