• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 00:20:15
Алматы
+35°

22 Желтоқсан, 2017 Саясат

2017 жылы айтылған 5 күлкілі ұсыныс...

Үздік бестіктің орнын нанның қадірін білетін  шенеунікпен бастасам деймін. Қазақ халқы тойшыл халық екені рас. 365 күннің 360-ы мереке, туған күн, той...

Кей адамдардың қолына билік тисе өзінен төменгілерді билегісі, өзгелерді өзінің алдында зыр жүгіртіп, «билеткісі» келіп тұрады. Қолында билік бар кей шенділер елге жақсылық жасағысы келгендей кейіп танытып, ақылға қонымсыз  ұсыныс жасайтыны тағы бар. Осындай ұсыныстарды естіген халық әлеуметтік желіде өз наразылығын білдіріп, күлкіге айналдырады.  Менің кімдер туралы айтқым келіп отырғанын іштей түсініп те отырған шығарсыздар. Иә, билік басында отырған, 500 мыңнан кем жалақы алғысы келмейтін шенділер туралы сөз қозғамақпын. Жылдың басында айтарлықтай белсенділік танытпаған кей билік өкілдері жылдың соңы таяп қалғанда «ұят болды, бір нәрсе жасау керек, бір ұсыныс айту керек», деп ойланды ма екен белгісіз жылдың соңына таман көптеген күлкілі ұсыныстар айтылып жатты. Ендігі кезекте жыл соңында күлкіге қалған шенділердің үздік бестігін Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі оқырман назарына ұсынады.

5-орын: Үздік бестіктің орнын нанның қадірін білетін  шенеунікпен бастасам деймін. Қазақ халқы тойшыл халық екені рас. 365 күннің 360-ы мереке, туған күн, той. Той-думанның арасында жүріп жұмыс жасаймыз. Осы мерекелер жетпей жүргендей Парламент мәжілісінің депутаты  Владислав Косарев Қазақстанда нан күнін белгіліп, мереке ретінде жыл сайын тойлайық деген ұсыныс жасады. Депутат жылдың соңы таяп қалғандықтан қандай ұсыныс айтарын білмей ойланып жүрген кездегі, ойына келгені осы ұсыныс болды ма деп те ойлап қоямын. Сондағы айтқан бар сылтауы немесе себебін былай түсіндірді: «Италияда «Қызанақ күнін», Грекияда «Шарап күнін», «Голландияда «Қызғалдақ мен ірімшік күнін» атап өтеді.  Ал Германияда «Сыра күнін» тойлайтыны сияқты біз де нан мерекесін бекіту арқылы ең басты асымызға үлкен құрмет көрсете аламыз». Депутаттардың түсіне нан кіріп жүр ме, әлде бала кезінде ата-аналары нанның қадірі туралы лекцияны көп айтты ма белгісіз, нан туралы ұсынысты Косарев алғаш рет жасап отырған жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын, Парламент Мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров нанның бағасын 300 теңгеге көтерейік деп ұсыныс жасаған болатын. Оның да айтқан сылтауы, халық нанның қадірін білмей жүр екен-мыс. Нанның қадірін түсіндіру үшін наның бағасын көтеру керек деген ұсынысты Парламент Мәжілісінің депутаты айтса, қалғандары туралы мүлдем сөз қозғамай-ақ қойған дұрыс.

4-орын: Билік басында «ерекше» ұсыныстарымен көзге түсіп, білім реформасын қалай дамытуды ойлап  бас қатырып жүрген министрдің бірі де бірегейі - Ерлан Сағадиев. 2015 жылы ғасырлық тарихы бар «Әліппені» түсініксіз «Сауат ашу» деп өзгертті. «Сауат ашуды» оқып жүрген оқушы 2 жыл бойы не оқып жүргенін түсінбей келді. Ерлан мырзаның аталмыш пәнді, ең маңыздысы қатесі бетіне шығып тұрған реформаны қандай мақсатта енгізгені де түсініксіз. Осыдан біраз уақыт бұрын Ерлан Сағадиевті Бекболат Тілеухан да, Мұхтар Тайжан да пікірталасқа шақырған болатын, алайда Ерлан мырзаның ұсақ-түйек дүниелерге уақыты жоқ екен-мыс. Ең қызығы оның 2017 жылдың қыркүйек айындағы мәлімдемесінде, 2019 жылы өзі енгізген «Сауат ашуды» қайтадан «Әліппе» деп өзгертетінін айтты. Енді сұрақ. Сағадиев мырза не үшін ғасырлық кітапты «Сауат ашу» деп өзгертті? Үнсіздік... Жауап жоқ... Ал «Сауат ашуды» не үшін «Әліппе» деп өзгертті? Менің жауабым: Сағадиевтің жаңа реформасы қызу талқыланып, 2 жылдың ішінде өз қателігін түсініп, қатесін дұрыстамақ болды. Себебі оңы мен солын танымайтын балаға «Сауат ашуды» оқыту ақылға қонбайды. Осындай ұсыныс жасаған Сағадиев қалайша білім және ғылым министрі болған? Тағы да үнсіздік... Мүмкін, ол білімнен гөрі ғылымға жақынырақ па? Олай дейін десең тағы болмайды. Себебі ғылымның айналасында да көзге көрінерліктей жұмыс атқарып жатқаны шамалы...

3-орын: Мәжілістің вице-төрағасы Владимир Божко қыркүйекте ақылға сыймайтын ұсыныс жасап, көпшілікті қатты ашуландырған болатын. Өз жерінде жүргендей Владимир мырзамыз өзіміздің жастарға шектеу қойды. Абу-Даби Плазада қазақ жастарын индустардың басынғаны аздай, Божко «ауыл жастарын қалаға кіруіне шектеу қою керек», - деп ұсыныс жасады. Оның ойынша, тоз-тозы шыққан ауылдан қалаға қашып келіп, мұнда лайықты деңгейде жағдай жасай алмаған, наразы жастар – Қазақстанның тыныштығына қауіп келтіреді екен-мыс. Осындай ұсыныстың айтылуы біздің де қандай аңғал, момын екенімізді білдіреді деп ойлаймын. Қазіргі қазақтың бойында бұрынғы ата-бабамыз секілді көкжалдың мінезі болғанда депутаттар ойына келгенін айтпас еді.

Кейіннен Бажко мырза өзінің сөзін БАҚ өкілдері бұрмалағанын айтып, ақталғандай болған. «Мен жастарға қалаға келуге тыйым салу қажет деп айтқан жоқпын, бұл әрбір азаматтың конституциялық құқығы. Мен жастардың ауылдан қалаға кетпеуі үшін жағдай жасау қажет дегенді айттым. Мәдени мәселелерді шешу керек, жақсы жұмыс беру қажет, инфрақұлырым жақсы болуы тиіс. Ешкім Иван Сауэрдің ауылынан кетіп жатқан жоқ қой. Өткені ол жерде барлық мәселе шешілген, бүкіл жерде осылай болуы керек», деді Бажко. Алайда жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайды деген қазақтың сөзі осы оқиғаны аяқтап тұрғандай.

2-орын: 2017 жылғы ең сорақы ұсыныстардың бірі – жезөкшелікті заңдастыру. Бұл ұсынысты экс-депутат Айгүл Соловьева айтқан болатын. Түнгі көбелектерден құтыла алмай жатқанда, Айгүл ханымның бұл сөзі көпшіліктің ашуына тиді.

«Жезөкшелікке ешқандай үгіт-насихат жасап жатқан жоқпыз, реттеуге тырысып жатырмыз. Жас қыздар онсыз да сол шырмауға араласып кетіп жатыр. Кейбірі тіпті құл ретінде қызмет көрсетеді. Міне сол себептен осыны салық салу арқылы заңды түрде қолға алу керек деп ойлаймын» – дейді экс-депутат Айгүл Соловьева.

Жезөкшелікті заңдастыру жезөкшелердің санын арттыру, көбейту деген сөз. Қазақстандық қыздар не үшін арсыздықтың жолына түседі? Себебі белгілі... Қыздар кейбірі ақшадан қиналғандықтан, енді бірі жеңіл ақшаны көздеп осы жолды құп көреді. Олар өз тәнін саудаға салғандағы ақысын оп-оңай салыққа береді деп кім сеніммен айта алады? Ешкім... Егер жезөкшелерден салық алуды заңдастыратын болсақ, жемқорлықтың саны да көбейетіні белгілі. Бұл ұсынысты екі жақты қарастыру мүмкін емес. Ең маңыздысы бұл жерде қыздың абыройы саудаланып тұр. Қазақ қашанда қызын төрге шығарған халық. Халқымыз «өлімнен ұят күшті», деген сөз бекерден бекер айтпаса керек. Айгүл ханым қазақтың абыройына нұқсан келетін ұсынысты айтып отыр деп есептеймін. Ар-намыс кез келген ұлттың алтын қазынасы. Себебі еліміз өркендеуі үшін келешен ұрпақтың анасы абыройлы қыз болуы керек.

1-орын: Көптен күткен үздік 5-тің алғашқы орнына да келіп жеттік. Бала құқықтары жөніндегі өкіл Зағипа Балиева қараша айында «қазақ әдебиетін ағылшын тілінде оқыту керек», - деп ұсыныс жасаған болатын.

«Қазақ әдебиетін қазақша және ағылшынша бірге оқытса, бала еркін сөйлеуді меңгереді. Сөздердің мағынасын түсінеді. Ал қазір физика мен xимияны ағылшынша берейікші, не түсінеді ол? Сабақтарының бәрі қазақша болады ғой. «Абай жолын» қазақ тілінде оқуға ешкім тыйым салмайды. Қазақша, ағылшынша араластырып берсек бала екі тілде де еркін сөйлейді», - дейді Зағипа Балиева

Иә ағылшын тілі қазіргі жастарға керек. Алайда мектеп оқушылары үшін қазақ әдебиетін ана тілінде меңгеру қиындық туғызып жатқанда, қазақ әдебиетін ағылшын тілінде оқыту оқушыға ауыр болатыны түсінікті. Сонымен бірге қазақтың әдеби тілін ағылшын тілі алмастыра алмайды. Себебі қазақтың әдеби тілі әлемнің өзге тілдеріне қарағанда әлдеқайда күрделі екені белгілі. Қазақтың жастары өз әдебиетін өз тілінде оқу арқылы ғана ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, түсіне алады. Сондықтан да өз әдебиетімізді өзге тілде оқу арқылы тіл білмейтін мәңгүрттер мен орыс тілді шүлдірлейтін шала қазақтардың санын көбейтуден басқа ештеңе бітірмейміз. Қазіргі кезде өз тіліңмен қоса өзге тілді меңгеру керек, әрине. Алайда жастар ең алдымен қазақ тілін еркін меңгергеннен кейін ғана, өзге тілді үйренуі қажет. Себебі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Сондықтан өз әдебиетімізді өзге тілде оқыту керек деген ұсыныс орынсыз ұсыныс болып саналады.

«Бала пәнді ана тілінде әрең түсініп, 12%-ға ғана меңгерсе, онда ол ағылшын тілінде қалай оқиды? Онда оның пәнді игеру көрсеткіші бұдан да төмен деген сөз. Мүмкін, балалармен әңгімелесіп, қандай пәнді ағылшын тілінде оқыту керектігін өздерінен сұрау керек шығар. Бала ағылшынша сөйлеп, мағынасын түсініп үйренуі керек. Мүмкін, әдебиет немесе қазақ әдебиетін ағылшын тілінде берсек? Бәлкім, сол кезде оқушы оны түсініп, сол тілде сөйлейтін болады. Ал мына формулалар, Ом заңы оған өмірде түк те қажет емес. Біз техникалық мамандарды аз дайындаймыз. Әрі кетсе 5 пайыз ғана шығатын шығар», дейді Зағипа Балиева.

Таяқтың екі ұшы бары секілді Зағипа Балиеваның мақсатын  түсінуге де болады. Сол себепті өз әдебиетімізді өз тілімізде оқып, қазақ тілін жетік меңгерген азаматтардың санын көбейту керек. Осы сәтте сіздің осы ұсынысыңыздан гөрі, орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетін қазақ тілінде тереңірек үйретіп, өзге ұлттарға қазақ тілін білуді міндеттегеніңізде сізді елге жаны ашитын бүкіл қазақ қос қолдап қолдайтын еді.

2017 жылдың «адам сенгісіз», ақылға сыймайтын ұсыныстары – осы. Осы секілді ұсыныстар осыған дейін де айтылып келді, айтыла да береді. Бұл – шындық. Алайда отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды деген сөзді әр шенеунік жадына сақтаған жөн.

Әсел Болатқызы

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір