• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 11:32:56
+35°

06 Желтоқсан, 2018

1980 жыл. Тозақтан шыққан  үн: аңыз ба, ақиқат па? (видео)

Бұл дыбыс-жазбаны  интернеттен  өз құлағыңызбен естуге  болады.

1980-жылдары бұрынғы Кеңес Одағында оқымысты-геологтар жерді 12 шақырым тереңдікке дейін бұрғылап, тозақтың тура үстінен түскені туралы білетін боларсыз.  Кеңестік бұрғышылар скважинаға микрофон байлап түсіріп, тозақы болған миллиондаған адамдардың қорқынышты дауыстарын жазып алған.  Бұл дыбыс-жазбаны  интернеттен  өз құлағыңызбен естуге  болады. Бұрғышылардың жеті қат жер астынан жазып алған дауысынан шынымен де миллиондаған адамдардың қинала шыңғырып, шуласып жатқанын тап-таза естисіз. Еріксіз денеңіз түршігеді.

Жер астынан жеткен бұл дауыстың қандай құпиясы бар, шындық па, әлде жай аңыз ба?  Жұртты әлі-күнге дейін улатып-шулатқан аудиожазбаның шындық, не жасанды екенін өз уақытында  жоққа шығарып, ресми түрде үн қатқан ешкім болмаған. Одан бері де отыз жылға таяу  уақыт өтіп кетті.

Тарихта бұл құпия дауыс турасында жазғандардың бәрі  жобаның жетекшісі Дмитрий Аззаков дегенге сілтеме жасайды. Аззаков былай депті: «Коммунист ретінде мен Библияға сенбеймін, бірақ оқымысты ғалым ретінде енді тозақтың бар екеніне имандай сенетін болдым. Біз естігеніміз бен көргенімізді айтып отырмыз. Сондықтан да тозаққа тура түсетін жолды бұрғылағанымызға аса сенімдіміз». Бұл есім алғаш 1989 жылы баспасөз бетіне  шықты. Яғни Финляндияда шығатын жастар газетінде  сол кезде жазылғандай, ССРО-да Батыс Сібірді бұрғылау кезінде 14,4 шақырым тереңдікке жеткен кеңестік геологтар кенет бұрғының  үңгірге немесе бос кеңістікке тап болғанын байқайды. Геологтардың ешқайсысы да мұндай тереңдікте бос кеңістік болады деп ойламаған. Сөйтіп, ұңғымадан бұрғыны арнайы кранмен 70 сағат ішінде суырғанда, тереңдікте қатты жарылыс болғандай, отты жалын  сыртқа лап етеді. Тура бұрғымен  бірге тісі ақсиған, тырнағы тарбиған, үлкен ызалы көзді мақұлық ере шығып, көзді ашып-жұмғанша ғайып болғандай. Тура сол кезде оқиға орнында болғандар оны солай елестетеді. Жұмысшылар мен инженерлердің көбісі зәресі ұшқаннан тұра-тұра қашады. Бұрғышылар бұл нәрсені одан әрі зерттемек болып, литосферлі плиталардың қозғалысын жазып алуға арналған микрофонды скважинаға түсіргенде… қиналып шыңғырған адамдардың дауыстарын естиді. «Алғашында біз бұл дауысты бұрғылау қондырғысынан шығып жатқан болар дестік, бірақ тыңғылықты тексергенімізде шынымен күдігіміз расталды. Бұл бір ғана адамның шыңғырған даусы емес. Жүздеген миллион  адамның үні. Бақытымызға орай, біз бұл қорқынышты дауысты магнитофон лентасына жазып алдық»,– дейді Аззаков.

Аззаков дегеннің  кім екенің зерттеушілер әлі күнге дейін таппаған. Аызға айналып кеткен бұл мақаланы  финдер газетке 1-сәуірдегі әзіл күніне орайластырып салған екен. Ары қарай әлемге бірден қаулап  тарап кеткен. Фин  газетіне шыққан бұл мақаланы  кезінде ССРО-ның барлық газеті жарыса басты деуге болады. Сексенінші жылдардың соңында бұл оқиғаны Америка телекомпанияларынан бастап, шет елдің барлық ақпарат құралдары «орыстар тозақтан малғұнды босатып жіберді» деп шулатты. Солардың бірінде кеңес бұрғылаушыларымен бірге шет елдік азаматтардың болғандығы айтылады.  Олар кейіннен  өз өмірлері үшін қорқып,  тығылып жүргенге ұқсайды-мыс.

«Егер олар қайтадан ССРО-ға барса, түрмеде кемінде он бес жыл отырады. Жер астынан шыққан адам дауыстарының ашылуы орыстарды дүрліктіргені соншалық, олар басында шет елдік жұмысшылармен не істерін білмей қатты сасқан».

«Егер бұл оқиға Брежневтің кезінде болғанда, бізді өлтіртетініне ешқандай күмәніміз жоқ. Біздің бәрімізді екі күннен кейін ССРО-дан шығарып жіберді. Орыстар егер бұл туралы ауыздарыңды ашсаңдар өмірлерің қиылады деп қорқытты»,– дейді  шетелдік БАҚ құралдарында сөз алғандар.

Бірақ ССРО-да шын мәнінде мұндай терең бұрғылау Батыс Сібірде емес, Мурманск облысындағы Кольская ұңғымасында жүргізіліп жатқан-ды. Онда 16 зерттеу лабораториясы  жұмыс істеп, оны ССРО геология министрі тікелей басқарып отырған. 1970 жылы Лениннің 100 жылдығына байланысты  басталған бұрғылау жұмысының күрделілігі ғарышты алғаш игергенмен тең болмаса, кем болмайтын. 1983 жылы кеңестік бұрғылаушылар тура 12 шақырым тереңдікке жеткен-ді. Қалған 262 метрді жеті жылда әрең дегенде қазып шықты. Әлгі шет елдік газетте айтылғандай, 14 шақырым емес, бұрғылаушылар 12 262 шақырым  тереңдікке 1990 жылы ғана жеткен. Әлемде ешбір елдің бұрғылаушылары дәл мұндай тереңдікке жетпеген, Гиннестің Рекордтар кітабына енген ұңғыма «тозаққа апаратын жол» атанып кеткен-ді. Себебі әрбір бұрғыланған жаңа шақырым кезінде ССРО-да бақытсыздық болып отырған. Оның үстіне бұрғылау жұмыстары кезінде түсініксіз апаттар көбейіп, беймәлім күштер кедергі келтірген.  Бұрғышылар тура 13 мың шақырым тереңдікке жеткенде ССРО тарап тынды. Көзделген мақсат 15 мың шақырым тереңдікке дейін қазу болатын. Ары қарай бұл істі бұрынғы ССРО-ның ізбасары Ресей  жалғастырғанмен, бұрғылауға қаржы жетіспеушілігіне байланысты деген сылтаумен 1995 жылы біржола тоқтатылды.  Көптеген халықаралық қорлар бұл жобаға қаржы құюға дайын екендіктерін мәлімдегенмен, 220 градус ыстық температурада микрофонға шуласа шыңғырған адамдардың даусы жазылып қалған әлгі мистикалық сұмдықтан жүректері қатты шайлықты ма, бұрғылаушылар бұл істі осы күнге дейін қайтып қолға алған жоқ. Гиннестің Рекордтар кітабына енген бұл сұмдық жоба бүгінде адамзаттың планетаның ең терең қабатына  сұғына жеткенін айғақтайтын белгі  қана, ұңғыма бетіне бетіне люк жабылған күйде міз бақпай тұр. Ол жерде қазір техника да, адам да қалмаған. Ал біржола жабылған сенсациялық жобаның жетекшісі, техника ғылымдарының докторы, академик Давид Губерман жер астынан жазылып алынған дауыс туралы ғылыми конгресте өзіне қойылған сұраққа «жер асты әлемінің құпиясы бізге әлі беймәлім» деп бұлыңғыр түрде жауап берген.

«Сонымен күні бүгінге дейінгі әлемдегі ең терең ұңғыма ғылымға не берді?» деген сұраққа келейік. Алдымен Жер планетасының жасы 3 млрд жыл екені анықтауға мүмкіндік берді. 6840 метр тереңдіктен кейін ғалымдар жер бетінде бұдан 2,5 млрд жыл бұрын не болғанына болжам жасады. Планетада тіршілік белгісі бұрынғы зерттеуге қарағанда 1,5 миллиард жыл бұрын пайда болғанына көз жеткізді. Мектеп оқулықтарында айтылып жүргендей, жер қыртысы гранит, базальттан ғана тұрмайтын күрделі екені анықталды. Әлемдегі ең терең ұңғыма жүргізген  бұрғылаушылар Жердің қақ ортасына дейінгі жолдың тек  0,18 пайызын ғана  жүріп өтуге мұршасы жетіпті. Ал Жердің қақ ортасына жету үшін  әлі 6400 шақырым  керек-ті...

Төреғали ТӘШЕНОВ

 

Берік Бейсенұлы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір