• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 02:20:02
Алматы
+35°

18 Қазан, 2018 Экономика

$1= 400 теңге

Бүгінде бұқараны алаңдатып отырған жайттардың бірі ұлттық валютамыз теңгенің тағдыры.

Бүгінде бұқараны алаңдатып отырған жайттардың бірі ұлттық валютамыз теңгенің тағдыры. Биыл тамыз, қыркүйек айларында елде бір доллардың құны 382 теңгеге дейін қымбаттады. Артынша Ұлттық банк теңге бағамына әсер ету мақсатында  валюталық интервенция жасап, доллардың құны қазірде сәл-сәл бәсеңдеп тұр. Ал енді жылдың соңында ұлттық валютаға қатысты қандай өзгерістер күтіп тұр? Бұған қатысты «жылдың соңына қарай бір доллар 400 теңге болуы мүмкін» деген болжамдар да айтылып қалуда.  

«Аналитик» талдау орталығының экономист-сарапшысы Арман Мусиннің айтуынша, теңгеге қатысты болжамдар аса қуантпайды. Экономист-сарапшы жыл аяғында доллардың қымбаттап, теңгенің тағы арзандауына жол беретін бірнеше факторларды алға тартты.

- Қазір әлемдік экономикалық жағдай аса мәз емес. Халықаралық нарықта шикізат бағасы төмендеді. Сондай-ақ Қазақстанмен негізгі сауда қарым-қатынасын жасайтын елдердің жағдайы  ауырлап тұр. Мысалы, алыс-беріс саудада біздің ең негізгі серіктестеріміз  Ресейдің экономикалық ахуалы тұрақсыз.  Батыстың санкциясына түсіп отырған Ресейде экономикалық жағдайдың төмендеуі Қазақстанға әсерін тигізбей қоймады. Рубль құлдыраса, біздің теңгеміз де соңынан ереді.  Кеше ғана Ресейдің қаржы министрі Антон Силуанов Ресейдің мемлекеттік облигацияларының құны түсіп жатқанын, бұған қоса Ресейдегі екінші деңгейлі банктердің көпшілігі Ресей Орталық банкінен қолдау қаржы сұрап отырғанын, елдегі қаржылық сектордағы ахуал мүшкіл екенін мәлім етті. Мұндай жағдай «рубльдің құнсыздануын одан әрі жалғайды» деді Силуанов.  Нақты деректерге жүгінсек, Ресей тарихында 1998 жылдан бері үш мәрте дағдарыс орын алды. Іле-шала Қазақстанда да 1999 жылы, 2010 жылы, 2014 жылы девальвация жасалынды. Сондықтан тек шикізат бағасының арзандауы ғана емес, көрші елдердегі қалыптасып отырған экономикалық ахуалдың да теңгеге кері әсер ететіні даусыз,- деді экономист-сарапшы Арман Мусин.

Біз сарапшы маман айтып отырғандай, Ресейде орын алған үш дағдарыс барысында рубльдің қалай құнсызданғанын, артынша оның ізінен теңгенің қалай ергенін арнайы графикамен көрсеттік. Төмендегі сызбаға қарасақ, расымен де маман сөзінің жаны бар екенін аңғаруға болады.

теңге

Сарапшы маман Арман Мусиннің байыптауынша, теңге биылғы жыл басынан бері әлемдегі әлсіз валюталардың қатарынан көрініп тұр. Бұл ретте тізімнің басында Ресейдің рубльі, Украинаның гривнасы тұрса, теңге әлсіз валюталар тізімінде сегізінші орынды иемденіпті.

- Қазір бір ғана Ресей мен Қазақстанның ұлттық валюталары құнсызданып жатқан жоқ. Арменияның, Әзірбайжанның, Аргентинаның, Сирияның, ұлттық валюталары 25 пайызға дейін құнсызданған. Іргеміздегі қырғыздың сомы 10 пайызға құнын жоғалтқан.  Мұның нақты себебі шикізат бағасының арзандауы ғана емес, бұл арада АҚШ пен Қытайдың  арасындағы салқындық та әлем экономикасына әсер етпей қоймайды. АҚШ федералдық сақтық қор жүйесі  қазір сыртқы елдерге беретін несиелік ставкасын 0,25 пайыздан, 0,50 пайызға көтерді. Мұндай әрекетті АҚШ доллардың құнын арттыру үшін жасап отыр. Доллардың құны артса сыртқы қарызды доллармен алатын мемлекеттерге бұл тиімсіз.  Бұдан тек АҚШ-тың пайдасы еселенеді. Міне, осындай жағдай да біздің экономикамызға салмақ салып, ұлттық валютамыздың әлсіреуіне ықпал етеді,- деді Арман Мусин.

Ал халықаралық экономика саласын зерттеуші экономика ғылымының докторы, сарапшы Дәурен Арынның айтуынша, келер жылы тіпті  Қазақстанда 1 доллар 400 теңге болуы  әбден мүмкін.

- Кезінде АҚШ Кеңес өкіметін ыдырату үшін мұнай өндіретін мемлекеттерге мұнайды көптеп өндіруге тапсырыс берді. Осыдан барып халықаралық нарықта мұнайдың көлемі артты. Нарықта мұнай  көбейгеннен кейін оның бағасы да төмендеп 1989 жылы КСРО ыдырады. Қазір халықаралық энергетикалық агенттік әлем бойынша тәулігіне 92, 4 млн баррель мұнай тұтынылады деп отыр. Шикі мұнайды экспортқа шығара берудің нәтижесі осыған әкеліп соқтырды. Нарықта мұнай көп болғаннан кейін оның бағасы да түсе береді. Егер болашақта ОПЕК (Мұнай экспорттаушы елдердің халықаралық ұйымы –авт.) ірі көлемде мұнай шикізатын экспорттайтын елдерге өндіріс көлемін төмендетуді міндеттемесе, онда мұнай бағасы одан әрі төмендей береді. Ал мұнай бағасы төмендеген сайын мұнай шикізатынан пайда тапқысы келетін елдердің бюджеті ортаяды. Мұндайда тек қана Қазақстан емес, экономикасы мұнайдан түсетін түсімге байланған біраз елдерге ұлттық валютасын құнсыздандыруға тура келеді.  Жалпы, келер жылы әлемдік нарықта мұнайдың бір баррелі 75 доллар болса, Ұлттық банк бір доллардың құнын 370-375 теңге бағамымен ұстап тұра алады. Ал мұнай бағасына қатысты «барреліне 65-60 долларға төмендейді» деген болжамдар айтылып қалуда. Онда, әрине, теңгені арзандатуға тура келеді. Мұндайда елде бір доллар 400 теңге болуы әбден мүмкін. Олай етпесек, экспорттан түсім түспей қалады.  Экспорттан түсім түспесе, біздің бюджет ортая береді. Экспортерлар ауқымды төлемді доллармен жасайтындықтан олар үшін қымбат доллар тиімді,-деді экономист-сарапшы Дәурен Арын.

Негізінен, экономист-ғалымның пайымдауынша, 1993 жылдан 2014 жылға дейін доллардың бағамы жылжымалы түрде баяу көтеріліп отырған. 2016 жылдан бері теңге күрт құнсызданып 2016 жылы елде бір доллар 360 теңгені құраса, биылғы жылы бір доллардың құны жоғарыда сөз еткеніміздей,  370-375, тіпті 380 теңгеге дейін жетті.

Бұған қатысты деректерді де біз арнайы сызбамен көрсетуді жөн көрдік. Төмендегі сызбада 1993-2014 жылдар аралығында доллардың қалай баяу өсіп отырғанын көруге болады.

теңге

Жалпы, мамандар сыртқы нарықтан бөлек ішкі нарықта да доллардың беделді екенін алға тартып отыр. Бұл ретте «Барометр» маркетингтік талдау орталығының  қаржыгері Жасұлан Мақсұтов біз үшін теңгені тегеурінді етудің ауылы алыстау екенін ашып айтты.

 - Бізде доллар қымбаттай бастаса бітті, қолында қаржысы бар қауым жаппай доллар сатып ала бастайды. Тіпті депозитте жинақталған қаржыларына доллар сатып алатындарды көріп жүрміз. Депозитті де доллармен жинақтасақ,  сенімдірек болады дейтіндер де бар. Осыдан барып ішкі нарықта да доллардың беделі артып тұрғаны жасырын емес. Жалпы, кез келген елдің экономикасын тығырықтан алып шығатын отандық өндірісті жетілдіру екенін ескерген жөн. Мысалы, Қытай елін алайықшы, Қытай отандық өндірісін жетілдіру арқылы алып державаға айналды. Қазір әлемнің барлық мемлекетінде Қытай өнімдері кеңінен сатылады. Қытай өнімін тұтынбайтын бірде-бір ел жоқ десе де болады. АҚШ қанша жерден азуын көрсетіп отырса да Қытай сыр беріп отырған жоқ. Себебі ол отандық өндірісіне сенеді. Экономиканы шикізатқа байлау кез келген елді жарға жығады. Тек шикізаттан түсетін түсімге сенсек, экономика артқа шегіне береді. Отандық өндірісті жүйелі түрде қолдау және одан тұрақты түрде  өнім өндіріп, пайда көріп отыру жайы ретке келмей, теңгені тегеурінді ете алмаймыз. Отандық өнім өндіру дамымаса, ұлттық валюта құнсыздана береді. Теңгеге сенім жоғалып, доллардың беделі арта береді,- деді Жасұлан Мақсұтов.

Қарлығаш Зарыққанқызы

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір