• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 14:33:28
Алматы
+35°

Қостанайды басқарған Ахмедбек Ахметжанов "жүйелі түрде пара алды" деп айыпталып, сотпен кінәлі деп танылған еді. Қатаң тәртіптегі колонияға да қамалды. Алайда, кесілген жазаның үштен бірі өтелмей жатып, экс-әкім бостандыққа шықты. Бұған заңдық тұрғыда түсінік те берілген. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

2015 жыл. Сол кездегі Қостанай әкімі Ахмедбек Ахмеджановтың бірден екі орынбасары парамен ұсталып, қолдарына кісен салынды. Төбеме жай түскендей болдым» деген шаһар басшысы да көп ұзамай тергеу изоляторынан табылды. Кейін прокуратура әкім қызметке кіріскен 2014 жылдан бастап пара алумен шұғылданды деп айып тағады. Сомасы ондаған миллион теңге. 

Ал былтыр іс жоғары сотқа жетті. Ондағылар әкім параның бір бөлігін нақты алғанына күмән келтірді. Оның үстіне амнистия бола қалып, жаза қысқарды. Экс-әкім 67,5 млн теңге көлемінде шығынды өтейді. Соңында жаза 4 жыл 10 айға дейін қысқарған. Шартты түрде бостандыққа шығару туралы өтініш те қолдау тауып, бірінші сәуір күні түрмеден шығады.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары лауазымында болған Мүслім Өміряев та, бастапқыда қатаң тәртіптегі колонияға қамалған еді. Айып малға арналған вакцинаны алуға бөлінген қаржының талан-таражға салынуы дерегі бойынша тағылған. 7 млн теңге мен 100 мың долларлық пара болғаны айтылды. Алайда екі жылдан соң Жоғары сот Мүслім Өміряевқа тағылған айыпты өзге бапқа ауыстырып, жазаны 4 жылға дейін қысқартты. 2016 жылдың желтоқсанында бостандықтан айыру жазасы, бостандықты шектеуге алмасты. Экс-вице-министр өзіне тағылған айыпты мойындамай, пара емес, қарызға ақша алғанмын деген еді.

2014-те елді елең еткізген оқиға. Тарихта тұңғыш рет премьер-министрге айып тағылды. Үйқамаққа алынды. Кәсіпкерлікпен заңсыз шұғылдану, қызметтік бабын асыра пайдалану, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу деректері бойынша экс-премьер кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін жаза екі, сосын бір жарым жылға қысқартылды. Серік Ахметов 2 млрд теңге шығынды өтеп, жазасын жеңілдетуге мүмкіндік алды.

«...Рахмет сізге!  Денсаулығыңыз қалай, аға?  Денсаулығым жақсы, рахмет!» - деді Серік Ахметов.

Жазасы уақыт өте жеңілдеген шенеуніктердің қатары мұнымен шектелмейді. Депутаттар жемқорлық әрекетке қатаң жаза жауап болуы тиіс дейді. Бірақ гуманизацияға да қарсы шығу қиын. Сондықтан келген шығын өтелуін талап ету керек деген пайымда.

«Меніңше, бұл жерде жемқорлық деген, мемлекетке қарсы, әділеттікке, экономикаға қарсы қылмыс. Біз әрине бұл жерде ең алғашқы талап қоюымыз керек. Ұрлаған ақшаны қайтару. Содан кейін ғана оларды ақтауға, содан кейін ғана бостандыққа шығаруға болады деп сенемін», дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Сот шешімімен абақтыға қамалмай-ақ, қылмыстық жауаптан құтылғандар да бар. «Қорғас» халықаралық орталығын басқарған Василий Ни бір млн доллар пара алып жатқан жерінде қолға түскен еді. Алайда, мінездемесінде мін болмай, кінәні толық мойындап, өкінгені үшін сот осындай шешім қабылдады деп түсіндірілді. Бұл түсіндірмеге бірдеңе алып-қосу қиын енді.

Ұсынған: Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір