• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 19:23:00
Алматы
+35°

09 Қаңтар, 2018 Әлеумет

11 жетімді асыраған ауыл тұрғындары:Мектепті де құтқардық, сауапқа кенелдік

Тәрбиеленушілермен танысып, сөйлесіп, 11 баланы ауылға алып кетеді.

Қазақ әуелден-ақ жетімін жылатпаған ел. Бұл сөзді Қошқарбай ауылының (Ақмола облыс) тұрғындары дәлелдеді. TengriMIX порталы сол ауылдың мейірімді тұрғындары жайында оқиғамен бөлісті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

90 жылдардың соңында жергілікті кәсіпкер «Шоққарағай» шаруа қожалығының басшысы Қайыркен Хасеновтың бастамасымен Қошқарбайда мектепке арналған жаңа ғимарат салынды. Бұл оқу ғимараты ауыл өмірінің қоғамдық және мәдени орталығына айналды.

Алайда бірнеше жыл бұрын оқушылардың аздығының кесірінен орталықтың жабылып қалу қаупі өршіп тұрды. Қошқарбайда туған балалар ер жетіп, ауылдан кетті. 200 тұрғыны бар ауыл ескіре бастады. Мұны байқаған Хасеновтың әйелі, оқу орталығын 20 жыл басқарған Муслима Қасымқызы жағдайды өз қолына алды. Ауылдастарды шақырып, ұжымды жинап балалар үйіне баруды ұсынды, жетім балалармен танысып, үйлеріне алып кетуді ұйғарды.

«Мектепті де сақтап қаламыз, сауапты іс жасаймыз. Жақында зейнеткерлікке шығамын, балаларды өсіріп, жылулығым мен мейірімімді төгуге уақытым да жеткілікті болады. Араларыңызда да ата-ана қамқорлығынан ада қалған балаларға қамқор боламын дегендер бар болар?! Жақсылық жасау  - бәріміздің қолымыздан келеді», - деген еді Муслима апай сол уақытта.

Қошқарбайлықтар бұл ойды құптап, Ақкөл балалар үйіне аттанған. Тәрбиеленушілермен танысып, сөйлесіп, 11 баланы ауылға алып кетеді. Әрине, өзге баланы алып кетіп, мейіріміңді төгу оңай емес, тұрғындар қобалжыды, жүректерінде үрей де болған. Оның үстіне, туған балалары бұған қалай қарайтыны тағы бар. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары істеген істеріне өкінбейді.

Бала асырау

«Үш баламыз әр түрлі қалада жұмыс жасайды, өз шаңырақтарын құрды. Үлкен отбасыға арналып салынған үйде күйеуім екеуміз жалғыз қалдық. Үш жыл бұрын Талғат пайда болғанда өміріміз жаңа арнаға ауысты, түбегейлі өзгерді. Ол бізге үйренісіп, біз оған бауыр басып қалдық. Енді, міне, кенжеміз үйде де, бақша да біздің көмекшімізге айналды. Күйеуім кей кездері оны өріске алып кетіп, техника меңгеруді үйретеді. Біздің туған ұлдарымызбен де жақсы араласады, бірге демалады. Әкесі шахмат ойнауды да үйретті, енді шахмат ойнау Талғаттың сүйікті ісіне айналды. Оның үстіне спортпен шұғылданғанды да жаны сүйеді», - деді Муслима Қасымқызы.

Талғат өзін асырап алған әкесіне қатты ұқсайды екен.

Бағлан мен Гүлнар Баймахановтар да бір баланы қамқорлықтарына алмақ болады. Алайда ағайынды Андрей мен Сергей Кекиндерді көргенде, «бұлар – біздің балаларымыз» деп ойлаған. Кейінірек олардың туған қарындасы Галяны да асырап алды. Балалар бір-бірімен тату тұрады, анасына үй шаруасына, әкесіне бақшада көмектеседі. Қазақ тілінде сөйлеуді үйреніп, жаңа бауырларымен де тез тіл табысып кетті.

Ал Нұрғазиндер отбасы бірден 4 баламен толықты. Олар Саша, Маша, Коля Чуриков және Саша Слободянды өз қамқорлықтарына алды.

бала асырау

«Бала болған соң шулайды, еркелейді. Ең бастысы балалар үшін үйіміз жайлы. Біз соған қуанамыз. Әрқайсысы әртүрлі болғанымен, олардың ендігі отбасы бір», - деді олардың анасы Күнарай Нұрғазина.

Ардақ-Жамиба Жұмабаевалар, Еркеш-Бибігүл Төкеновалар, Бархат-Ғалия Баймахановалар да балалар үйінен келген жетімдердің басынан сипап, мейірімдерін төгіп келеді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір