• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 04:50:25
Алматы
+35°

01 Мамыр, 2019

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні

Бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болып, ұлт демей, басқа демей татулықта, бейбіт өмірде күн кешейік, достар!

 1 мамыр – халқымыздың бірлігі күні болып есептеледі. Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан  артық  ұлт өкілдеріне ортақ отан болып тұр.

Бұл мерекенің мақсаты - ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып,  татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды  насихаттау.

«Бірлік болмай тірлік болмас». Рас! Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған.. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек.

Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді.

Бүгінде «Достық» атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар мерекеде ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетіледі. Халықтың көңіл-күйін көтеру үшін түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылады. 

1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды.

Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. 

Қазақстанның саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылатын Ассамблея бүгінгі таңда барлық этностардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде толығымен қалыптасты.

Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен этностар қалыптастырған ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған қазіргі мол тәжірибе этнос аралық проблемаларды шешудің әлемдік тәжірибесіне енуде.

Қазақстанның бірлігі күні барлық балабақшалардан бастап, мектеп, университеттерде, колледждер мен ЖШС, жекеменшіктегі кәсіпорындар мен мемлекеттік ұйымдарда айтарлықтай атап өтіледі. Мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін нығайту, жастарды достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге тәрбиелеу.

Тәуелсіз Қазақстанда мейрам 1996 жылдан бастап тойланады. 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы бұйрыққа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың 18 қазанында қол қойып, Еңбекшілер күнін тойлаудан бас тартты.  Бұл күні Қазақстан Республикасында тұратын халықтарды бірлікке, ынтымаққа ұйытатын мерекелік шаралар өткізіледі. Қазақстан — көп ұлтты мемлекет. Елде 150-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қазақстан халқының бірлігі күні қалай атап өтіледі? Ән айтылып, би биленеді. 

Бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болып, ұлт демей, басқа демей татулықта, бейбіт өмірде күн кешейік, достар! 1 мамыр құтты болсын!

Жинақтап, ұсынған: Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір