• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 14:51:14
Алматы
+35°

27 Тамыз, 2018 Оқиғалар

Дәуір көшті...
Түнде суыт хабар алдық. Сөйлеп кетсе - шешен, көш бастаса - көсем, парасаттылықтықтың, дегдарлықтықтың эталонындай болған ақылман ақсақал, қоғам және мемлекет қайраткері Сейілбек Шаухаманов көкеміздің жарық дүниедегі нәсіпті күні таусылыпты. Тұтас бір дәуір көшіп кеткендей әсерде отырмыз. 

Сейілбек Шаухаманов
Қай дүниені болмасын ақыл парасаттылығы тұрғысынан қарап, әрбір істе ұлттың ұпайын түгендеп, ұрпақ болашағы үшін алаңдап, қазақы қалыпымыздың сақталуына аса мән беріп, мемлекет дамуының мазмұнын ұдайы назарында ұстап отыратын данагөй данышпанымыз еді. 
Біз Сейілбек Шаухамановты ес білгеннен біледі екенбіз. Ол кісі Шиелі ауданының бірінші хатшысы болған. Біздің көкем Еңбекшіде ферма меңгерушісі. Таудың ойлы-қырлы жолымен шопандарды аралап, Сырдың құм басқан соқпағында малшылардың жағдайын жасап, күздеуге көшсе сонда барып, көктеуде отырса, басында жүріп, қой төлдесе бірге болып, қырқымда тірлікті қадағалап, шөп-суын түгендеп тыным таппайтын көкем біздің тіліміз шығып, аяғымыз жүре бастағаннан қасына ертіп алады екен. Ұзақ жолда іш пысады, оның үстіне баланың былдыры жан сергітеді ғой. Сонда көкем "Ержан мына жолды кім жөндеуі керек?" деп сұрайды екен. Біз "Шаухаманов" деп тақ ете қаламыз. О кезде Шаухамановтың нақты кім екенін білмейміз ғой. Бірақ атын айтып өстік. Көкем түрлі мысалға жауапты кім дегенде біз Сейілбек ақсақалдың атын атайтын едік. Кейін осы жағдайды өзіне айттық. Өзіне тән күлкісіне салып "Байекең бірбеткей, іскер, елдің жайын білетін, жұртына ес болған азамат еді ғой" деді. Ішіміз жылып сала берді.
Жазған-сызғанымызды үнемі оқып, кездескен жерде пікірін айтып, ойын білдіріп отыратын. Арасында "Шаухаманов қой" деп телефон соғып, өзі жазған дүниелерді газетке ұсынатын. Оқысаңыз, тұнып тұрған тәрбие мен тәлім еді. "Артық-кемі болса, өзің қарарсың" дейтін сыпайы ғана. Қайдағы? Балталасаң бұзылмайтын құрмалас сөйлемдердің әр сөзі өз орнында қолмен қалағандай тұрушы еді. Бір әрпіне қалам тигізе алмайсың. Анау-мынау жазушы о кісінің деңгейінде жаза алмайтын.
Сейілбек ақсақал облысты ең бір қиын заманда басқарды. Бірақ елді дауға қалдырмай, нарықтың дауылы мен жауынына барынша ұрындырмай алып шықты. Уай, дүние-ай, сөйткен Сейілбек көкеміз де көшіпті өмірден. 
Қызмет ауыстырған кезімізде Бекежанов театрында кездесіп қалдық. "Ержан-ау, аспанды жерден бір-ақ шығардың ғой" деді. "Неге көке?" дейміз күліп. "Ана заманда да, мына заманда да газеттің собкоррлығынан партияның хатшылығына барған адам жоқ" деп жымиды. Сосын жас кезімізде барлық жұмысты көріп, бірақ қаламға берік болуды тапсырып еді. Кейіннен Шымкентте Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүрге ескерткіш ашылып, қызылордалық ақсақалдардан құралған делегацияны бастап бардық. Жолы бойы көкелеріміздің бар жағдайын жасап, қолқанат болуға тырыстық. Ауылға қайтып келгенде риясыз алғысын айтып, батасын беріп, "журналистикадан мемлекеттің ісіне дайын келген екенсің" деген ілтипатты сөзін бүкпесіз айтып еді. Ылғи тілеулестігін жасырмай, мейірімі мен жылылығын төгіп отыратын. Сөйткен Сейілбек Шаухаманов та тоқсанның табалдырығында тұрып келместің кемесіне мініп кете барыпты. Қош болыңыз, көке! Алдыңыз жарық, иманыңыз кәміл, топырағыңыз торқа, орныңыз жұмақтан болсын!

Ержан Байтілестің фейсбук парақшасынан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір