• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 10:09:48
Алматы
+35°

17 Қазан, 2017 Денсаулық

Жүрек  дерті қашықтан тексерілмек

Сала мамандары аталмыш кардио кешенді пайдаланғалы бері жүрек талмасы орын алған  науқастарға дер кезінде көмек көрсетіліп жатырғанын тілге тиек етті.

 Жуырда Батыс Қазақстан облысы бюджетінен 15 миллион қаржы бөлініп,  телеметрикалық кардиологиялық кешен  сатып алынды. Аталмыш кешеннің арқасында облыс тұрғындары облыстық кардиологиялық орталыққа  аяқтай бармай-ақ, электрлі кардиограммалы тексерістен  өтіп,  сырқатына кеңес ала алады. 

Жүрек соғысын қашықтықтан бақылайтын құрылғының маңызды бөлігі облыстық кардиологиялық орталықта болса, бақылайтын жанама аппараттар барлық аудандық, облыстық және қалалық аурухана мен жеті құрылғы қалалық жедел жәрдем станциясында орналастырылған.  Облыстық кардиологиялық орталықтағы басты аппаратты кезекші дәрігерлер тәулік бойы қадағалайды. Бұл құрылғы кардиолог-дәрігердің бақылауынсыз-ақ жоғары  дәрежелі ЭКГ тексерістен өткізеді. Яғни науқастың жүрек соғысын арнайы аппаратқа түсіріп, оны ғаламтор арқылы облыстық кардиологиялық орталыққа жөнелтеді.  

-Қаладағы және аудандардағы ауруханалардан күніне 4-5 ЭКГ келіп түседі. Біз соған қарап қорытынды жасап, диагнозын қоямыз. Сондай-ақ,  сала мамандарымен  науқастың болашақта алатын емі туралы ақылдасамыз.  Егер дәрігерлер  науқаста  миокард инфаркт белгілерін байқаса, оның  шұғыл түрде кардиоорталыққа жетуін қадағалаймыз. Егер ол жақын аудандарда болса, жедел жәрдем көлігімен, ал алыс аудандардағылар санавиациамен жеткізіледі,- дейді облыстық кардиологиялық орталықтың интенсивті терапия бөлім  меңгерушісі  Жанайдар Досқалиев.

          Сала мамандары аталмыш кардио кешенді пайдаланғалы бері жүрек талмасы орын алған  науқастарға дер кезінде көмек көрсетіліп жатырғанын тілге тиек етті.   Сондай-ақ олар тұрғындарға қан айналым жүйесін реттейтін басты мүше жүрекке салмақ салмау қажеттігін айтады. Егер жүрек-қан тамыр жүйесіне зақым келсе, адамның миы, көру, есту мүшелері, ішкі органдарының қызметі бұзылады екен. Сондықтан, салауатты өмір салтын ұстап, зиянды әдеттерден аулақ болып, көтеріңкі көңіл күймен  жүру маңызды.

Гүлім АҚАП

Батыс Қазақстан облысы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір