• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 17:08:46
Алматы
+35°

04 Қазан, 2017 Денсаулық

Жүрегің сыр бермей тұрғанда...

«Жүрегің сыр бермей тұрғанда, өзіңді құтқар» тақырыбында өткен конференция

 Батыс Қазақстан облысында 65 мыңға жуық адам жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша диспансерлік есепке алынған. Оның ішінде 40 524 емделушіні артериалды қан қысымы мазаласа, 16 089-ы жүректің ишимеялық ауруларына шалдыққан. Бұл жайында 29 қыркүйек – Дүниежүзілік артериалды гипертониямен күрес күніне байланысты «Жүрегің сыр бермей тұрғанда, өзіңді құтқар» тақырыбында өткен конференцияда облыстық кардиологиялық орталық директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Сүйеуғазиева хабарлады.

 – Кардиоорталық он бес жылдан бері өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу мақсатында облыста жасы 40-тан асқан адамдарды екі жыл сайын скринингтік тексеруден өткіземіз. Қалалық емханалардағы медициналық қызметкерлер үй-үйді аралап, тұрғындарды скринингтік тексеруден өтуге шақырады. Бірақ, тұрғындардың көпшілігі денсаулығына салғырт қарап, дәрігерге уақтылы қаралмайды. Облыста жүрек-қан тамырлары дертінен қайтыс болатын адам саны өте көп. Тұрғындардың, оның ішінде, жастардың инсульт пен инфаркке ұшырап, ауруы әбден асқынған соң қаралып, ота жасататыны бізді қынжылтады, – деді Эльмира Сүйеуғазиева.

Оның сөзінше, кардиоорталықта 2012 жылдан бері жүректің ишемиялық ауруы бойынша инфаркт миокардын алдын алудың іс-шаралары қолданысқа енгізілген. Соған байланысты мекеме жанындағы оқу орталығында жедел жәрдем қызметінің мамандары, фельдшерлер, басқа емдеу мекемелеріндегі медициналық қызметкерлер алғашқы көмек көрсету әдістерін үйренуде. Яғни, негізгі мамандығынан бөлек болса да, ақ халатты, абзал жандар жүрегі қысылған жанның диагнозын анықтап, дереу көмек көрсете білуі тиіс. Аурудың алғашқы белгілері анық байқалғанда, адам бөлме ішінде болса, киімдерінің тиегін ағытып, есік-терезені ашып, таза ауа арқылы оттегінің жеткізілуін қамтамасыз ету керек. Кейін қанды сұйылтып, оның айналымын жақсартатын аспиринді шайнап жұтқызуға, науқастың жанына батқан ауру күшін әлсіретуге арналған дәрі-дәрмектерді ішкізуге болады. Одан әрмен «Жедел жәрдем» көлігін шақыртып, кардиорталыққа жеткізу қажет.

Конференцияда мамандар саламатты өмір салтын кеңінен ұстануға мән беру қажеттігін айтты. Алкогольдік ішімдіктер мен темекі шегуден әр адам аулақ болуы тиіс. Сонымен бірге тұзды және майлы тамақты тұтынуды азайтып, қан қысымын тұрақты өлшетіп тұруға дағдылану, денені шынықтыруға, көңіл күйін сергек ұстауға көңіл бөлу керек. Жүрек-қан тамырлары аурулары ұрпақтан-ұрпаққа тұқым қуалауы мүмкін. Ол жөнінде отбасы мүшелері, тума-туысқандар бір-біріне айтып, дерт қаупін ескерте жүргендері жөн. Егер науқас денсаулық қағидаларын бұлжытпай орындап, жат әдеттерден арылып, дене күтіміне назар аударып, дәрі-дәрмекті жүйелі қабылдаса ғана ем-домы шипалы болады.

Қазіргі уақытта аудандардан науқастарды тәулік ішінде кардиорталыққа шұғыл жеткізу жайы қарастырылған. Ондай жағдайда облыс орталығынан 140 шақырымға дейінгі қашықтықтағы ауылдар «жедел жәрдем» қызметіне сүйенсе, ал Бөкей ордасы, Қазталов, Жәнібек аудандарының тұрғындарын әкелуге «АН-2» ныспылы санитарлық ұшақ жіберіледі.

Облыстық кардиологиялық орталық директорының медициналық көмектің сапасын басқару жөніндегі орынбасары Арман Байдеуовтің айтуынша, жергілікті дәрігерлер жүрек-қан тамырлары отасын 2009 жылдан бастап өз бетімен жасай бастаған. Бүгінгі таңда 4 кардиохирург жүрек құлақшасын протездеу, ірі тамырларды емдеу және пластикалық оталарды сәтті атқаруда. Ресейдің Мәскеу және Самара облыстарындағы әріптестермен тәжірибе алмасып, біліктілігін арттырған мамандар соңғы уақытта бір мезетте жүрек ырғағын қалпына келтірумен бірге миокард қызметін оңалтуды қоса қолға алуда. Аталған орталықтағы ұжым ашық жүрекке жылына 300-ге астам жуық ота жасайды. Оралдағы кардиоорталыққа Атырау, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан да келіп ота жасатқандар бар.

Конференцияда дәрігерлер жүрегі сыр берген адам дерт меңдемей тұрып, ерте қаралса, шипаның сәтті жүргізілетінін айтты. Елімізде де жүрек-қан тамырлары аурулары таралуы жөнінен алдыңғы орында. Ал біздің облыста осы дерттен жылына 1100-дей жан өмірімен қош айтысады екен.  

Гүлім АҚАП,

Батыс Қазақстан облысы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір