• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:12:54
Алматы
+35°

19 Шілде, 2017 Әлеумет

Жұмыспен ғана шектелмей...

Араға апта салып өткізілген волейбол сайысы да біршама тартысты өтті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Студенттердің құрылыс жасағы жылдағыдай 1 маусым күні жазғы еңбектің шымылдығын ашқан болатын. Содан бергі бір жарым айдан астам уақытта студент-жұмысшылар өнімді еңбекпен, жақсы нәтижемен көзге түсе білді. ҚазҰУ қалашығы тазалық және құрылыс жұмыстарына айтарлықтай араласқан студенттер жұмыстан тыс уақыттарын да бос өткізген жоқ.

Штаб басшысы Көлбаев Нұрболат Шағыманұлы студенттердің бос уақыттарын тиімді өткізіп, спорттық, қоғамдық шараларға белсене қатыстыруды қолға алған болатын. Сол мақсатқа сай , алдын ала жасалған жоспарға сәйкес, 5 маусым күні футбол ойындарынан сайыс өткізілсе, 14 маусым күні ұлдар мен қыздардың құрама командалары арасында волейбол ойынынан жарыс өткізілді.

Футболдан өткізілген сайысқа «Шалғышылар», «Суғару», «ЭПЦ», «Құрылысшылар бригадасы» сынды командалар мен құрамында Нұрболат Шағыманұлы мен орынбасары Құдайқұл Бақдәулет болған басшылықтың «Челси» құрамасы қатысты. ҚазҰУ қалашығы стадионында өткізілген сайысты тамашалауға көрермендер де көптеп жиналды. Сайыс қорытындысы бойынша, Англия Премьер-лигасының жеңімпаз клубымен аттас болған «Челси» командасы басым есеппен бірінші орынға ие болды.  2-орынды «Суғарушылар» бригадасы иеленсе, «Шалғышылар» командасы үшінші орыннан көрінді. Көптеген қызықтарға толы болған тартысты ойынның соңында жеңімпаз командалар арнайы кубокпен марапатталды. Сонымен қатар, жеке ойыншыларға да арнайы марапаттар тағайындалып, Әлімбеков Елдос «Ең үздік қақпашы», Сәрсенбай Айтбек «Ең үздік шабуылшы», Дүйсенов Темірлан «Ең үздік қорғаушы» атағына ие болды.

Араға апта салып өткізілген волейбол сайысы да біршама тартысты өтті. Жоғарғы деңгейдегі сайыстарға қатысып жүрген волейболшылар, капитандар өз командаларын алға сүйреді. Қызу ойын көрсетіп, бір-біріне дес бермеген командалардың ішінен кіл мықтылар озып шығып,  марапаттарға ие болды. Қорытынды есеп бойынша, финалдық ойында жүлдеге таласқан «ЭПЦ» құрамасы бірінші орынға ие болды. Команда капитаны, «Қызыларай» волейбол командасының ойыншысы Махмет Кенже үздік ойыншы ретінде аталып өтті. Екінші орынға өздерінің көңілді атауымен  ерекшеленген «Киткат» командасы ие болды. Жұмыс уақытында да бірге жұмыс істеп, достасып үлгерген «СҚЖ UNITED» командасының мүшелері үшінші орынды иеленді. Бұл командалар да өздерінің аттары жазылған арнайы кубоктармен марапатталды.

Сайыс нәтижесі Нұрболат Шағыманұлының ұйымдастыруымен Жастар алаңында өткізілген арнайы кеште қорытындыланып, жүлдегерлерге марапаттары ресми түрде тапсырылды. Кеш жастар биімен жалғасты.

Айта кетерлік жайт, Алматы қаласы «Жасыл ел» басқармасы ҚазҰУ жастарының бастамасын қолдап, университетаралық сайыстар өткізуге ұсыныс тастады. Өзге оқу орындарындағы құрылыс жасағының студенттерімен болатын сайыста өз құрамамызға сәттілік әрі жалынды жеңіс тілейміз!

Әнел Алтаева

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір