• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 11:01:45
Алматы
+35°

12 Мамыр, 2018 Саясат

Жомарт Ертаев қай мықтының қаржысын жымқырған?

Ертаев ісінде зардап шегушілердің қатарында Құлыбаевтар әулеті де бар екен.

Сегізінші мамырға дейін халықаралық іздеуде болған Жомарт Ертаев ірі көлемдегі қаражатты қалтасына басты деген айыппен тұтқындалды. ҚР ІІМ баспасөз қызметі ұсынған деректерге сүйенсек, ол Интерполдың сұранысы бойынша Мәскеудің қақ ортасындағы жолдың бойында ұсталған. Қазір кәсіпкерді Қазақстанға экстрадициялау мәселесі талқыланып жатыр. Ал бүгін Ертаевтың Ресей азаматтығын сұрағаны белгілі болды. Бұған дейін де бір рет істі болған азаматты ұстау үшін түрлі әрекеттер жасалған. Алайда қылмыстық іздестіру тобы кәсіпкердің тұрақты орнын таба алмай, біраз әбігерге түскен.

Жомарт Ертаевтың Қазақстандағы бірнеше банктің жұмысына зор ықпалы бар екені анықталып отыр. Оның қамауға алынуы еліміздегі банк акционерлері үшін ес жидыратын оқиға саналады. Осыған дейін президент Назарбаев елдегі Эксимбанк, Qazaqbank және Астана Банктың жағдайы жөнінде: «Банк менеджерлері басқару жұмыстарын дұрыс жүргізбей, әбден қарызға батқан», — деген болатын. Qazaqbank-тың жұмысының әлсіреуін банк өкілдері 2013-2016 жылдардағы «сапасыз несиелермен» байланыстырады. Ол кезде банкті Жомарт Ертаев пен Ибрагим Бақыт басқарған еді. Ал Астана банкі өз жағдайының тәуір екенін мәлімдеген. Алайда қаржы  операцияларын орындау барысында екі апта ішінде Астана банкі техникалық дефолтқа ұшырай жаздады. Демек, президенттің өткір сыны жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенін дәлелдеп берді деген сөз.

Ертаев ұсталған соң Ұлттық банк дереу өзге банктерге 400 миллиард теңге көлемінде көмек көрсете алатынын мәлімдеді. Бұл ретте Ұлттық банк депозитті уақытынан бұрын алатындарға арналған айыппұл мен депозит кірістерін ұлғайтатын  жинақтаушы салымын енгізуді талап етіп отыр. Бұл клиенттердің банктен жаппай бас тартуының алдын алады дейді қаржы мамандары.

Ұлттық банктың мұндай көмек көрсету ниеті – қысылтаяң кезеңде банк қазынасына қомақты қаражат салатын акционерлермен уағдаластыққа қол жеткізгендігінің анық көрінісі. Бұл көмекке алғашқы болып қол жеткізетін банктердің қатарында президенттің сынына ұшыраған Астана банкі де бар.

Ұлттық банктің бұл әрекетіне Мәскеуде істі болып жатқан қазақстандық Жомарт Ертаевтың қандай қатысы бар?

Бұл оқиға қазына қаражатын қалтасына басып, ізін суытқан банк акционерлерін жазалауға бел буған Назарбаевтың батыл шешімдерінің бірі, мемлекеттер арасындағы алыс шақырымдар қылмыскерлерді құрықтауға кедергі келтіре алмайды, дейді сарапшылар.

Жақында ұсталған ресейлік банкир Владимир Антоновтың тергеу барысында берген жауабы бойынша Жомарт Ертаев Қазақстан, Ресей, Беларусь және Латвия елдерінің қазынасына қол сұққаны үшін де кінәлі деп табылды. Белгілі саясаткер Талғат Қалиевтың Telegram каналында көрсеткен деректеріне сәйкес, Ертаев ісінде зардап шегушілердің қатарында Құлыбаевтар әулеті де бар екен. Мәскеуде оның Центр Кредит банкімен, Инбанкпен және ресейлік ірі инвесторлардың бірі Александр Клячинмен байланысы анықталды.

Ертаев Қазақстан мен Ресейдегі қолма қол ақшасыз транзиттің көлеңкелі көшбасшысы саналады. Ол ресейлік БАҚ соңғы жылдары қомақты қаражатты жымқырғаны жөнінде жарыса жазған Сергей Магиннің орнын басып, Орталық банк төрағасының кеңесшісі Алексей Симановскийдің жан-жақты қолдауына ие болып келген.

Дереккөзге сенсек, президент көлеңкелі экономика көшбасшыларын қамауға бұйрық берген. Нәтижесінде Ресейдегі қашқын кәсіпкерлерді біртіндеп тұтқындау қолға алынған. 2018 жылдың 19 наурызынан бастап  ФҚҚ (ФСБ) мен ЭҚҚ (СЭБ) аталмыш операцияларды қарқынды орындап жатыр.

Яғни Қазақстанның банк секторын жаппай құрылымдық тәртіпке келтіру жұмыстары жүріп, қаржы саласында басқаша дәуір басталатынын байқау қиын емес.

2009 жылы Альянс Банктың басқарма төрағасы болған Ертаевқа қаржы полициясы 1,1 млрд долларды қолды қылды деген айып тағылған еді. «9 ай абақтыда не үшін жатқанымды өзім де білмеймін», — деген Жомарт Ертаевтың басына арада 10 жыл өткен соң тағы да бұлт үйірілді. Үйірілген бұлттың сейілетін түрі байқалмайды. Себебі тағылған айып көп. Ертаевтың ұсталуы қазақстандық банктерге ауыр тигенін жоғарыда атап өттік. Жыл басында «акционерлерді басымызға шығардық» деп Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевқа шүйліккен Назарбаевтың сынының астарында осындай ірі қылмыскерлерді құрықтау жоспары тұрғанын ешкім аңғармады.

Araily Zhaqsylyq

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір