• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 19:29:08
Алматы
+35°

17 Ақпан, 2018 NEWS

Жер туралы қоғамдық талқылау белсенділердің наразылығымен аяқталды

«Әлемде бір де бір тәуелсіз мемлекет әскери полигондарын өзге мемлекетке жалға беріп, ол жерге сынақ жүргіздіріп қоймайды. Бұл – сұмдық жағдай»

Бүгін Астанада Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері және қоғам белсенділері жер туралы заң жобасын талқыға салды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. .

Алғашқы болып сөз алған өлкетанушы Сағат Жүсіп жер мәселесін эмоцияға берілмей, көтеріліске шығып дүрбелең салмай, өркениетті түрде осындай отырыстарда шешуге шақырды.

– Бүгін біз қазақтың болашағын айқындайтын мәселе бойынша жиналып отырмыз. Бүгін бізге барлық қазақ жұртшылығы қарап отыр. Бүгін барлық қоғам өкілдері, билік, Парламент, басқа да азаматтар осы қазақтар өздерінің қасиетті, киелі мәселесі – жер мәселесін айқай-шусыз, бір мәмілеге келіп, бірін-бірі тыңдап шеше алады ма екен деп күтіп отыр. Осыдан екі жыл бұрын біз бұл мәселені митингке шығып шешкен едік, нәтижесінде бес жылға шегерілген болатын. Бүгінде, міне, бес жылдай уақыт өтті, енді өзіміздің қаншалықты өркениетті екенімізді, саяси мәдениетіміздің өскендігін көрсетуіміз керек, – деді өлкетанушы Сағат Жүсіп.

Арнайы баяндама жасаған вице-министр Ерлан Нысанбаев жер туралы заң жобасы төрт сұрақ шеңберінде дайындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, заң жобасында жерді шетелдіктерге жалға беру жайында ешқандай норма қарастырылмаған екен.

– Бір пайыз болса да шетелдіктердің үлесі бар қазақстандық компанияларға, заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады. Мәселе өте күрделі. Мұны 2022 жылға дейін халықпен бірге талқылап, бір шешімге келу көзделуде, – вице-министр.

Сонымен қатар Ерлан Нысанбайұлы қандай да бір сұрақтар болса, халықпен талқылап шешуге дайын екенін жеткізді.

Ал Мәжіліс депутаты Берік Оспанов «Парламент жер туралы заңды біржақты қабылдап тастады» деген әңгіме болмасын деп, заң жобасының қоғамдық талқылауға шығарылғанын айтты.

Заңгер Абзал Құспан жерді саудаға салуға қарсы екенін айта келіп, заң жобасының түйткілді жерлерін түйреп өтті.

– Біз бір нәрсені шатастырмайық, қазір мына жерде қаралып жатқан мәселе – заң жобасы. Парламентте бақылау тетіктері жоқ, егер бір жер кетіп қалды десе, Парламент оны барып қайтарып ала алмайды, ондай құзырет Парламентте жоқ. Заң жобасымен менің келісетін де, келіспейтін де жерлерім бар. Ең алдымен бір нәрсені біліп алайық – жер өзі категория бойынша жетіге бөлінеді: ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер, ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жер, тағы да басқа, одан кейінгілер онша маңызды емес. Бізге ең маңыздысы – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Бұл жерге қатысты 2021 жылдың желтоқсан айына дейін мараторий  берілген.

Менің көңіліме күдік ұялататын бір мәселе – ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жерлер. Ол жай ғана құрылыстар, қорғаныс мақсатындағы жерлер, ғимарат астындағы жерлер, полигон, транспортқа арналған жерлер – міне, мұның ауқымы өте кең, – деді заңгер.

Ол өз сөзінде Қытай мен Ресейден төніп тұрған қауіп-қатерге алаңдаушылық білдірді.

– Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы, бірнеше аудан, одан ары қарай Атырау, Ақтауға дейін Ресейдің полигонына жалға берілген. Әлемде бір де бір тәуелсіз мемлекет әскери полигондарын өзге мемлекетке жалға беріп, ол жерге сынақ жүргіздіріп қоймайды. Бұл – сұмдық жағдай, – деп ашынды Абзал Құспан.

Алайда үш жарым сағатқа созылған жиында азаматтар бір шешімге тоқтай алмады. Жиын соңында әр өңірден келген қоғам белсенділері наразылық танытып, «өз пікірімізді айта алмадық, біздің сөзімізді ешкім құлағына ілген жоқ», - деп шағымданып кетті.

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір