• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 22:18:40
Алматы
+35°

08 Ақпан, 2018 Әлеумет

Жазасы жеңілдетілген атақты қылмыскерлер

Ерлан Біләл айыппұлды бір ай ішінде төлемесе, үш жылдан жеті жылға дейін түрмеге отыруы мүмкін.

5 ақпанда «Қазақстан инжиниринг» компаниясы төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековтің түрмедегі жазасы айыппұлмен алмастырылғаны хабарланды. Сұлтанбеков пара алғаны үшін 2 миллиард 139 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Жазасы жеңілдетілген басқа да қазақстандық экс-шенеуніктерді Tengrinews.kz тілшісі тізіп шыққан екен.

Бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өміраев

Бұрынғы вице-министр 2013 жылы мемлекеттік тапсырысқа қатысты істе 100 000 доллар көлемінде пара алғаны үшін ұсталды.

2014 жылы сот Өміраевты айыпты деп танып, қатаң режімдегі колонияда 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Адвокаты сот үкіміне шағымданса да, апелляциялық арызы қабылданбады.

Тек 2016 жылдың 28 желтоқсанында сот Өміраевтың өтінішін қайта қарап, шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Экс-премьер Серік Ахметовтің ісі

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов 2014 жылдың қарашасында үйқамаққа алынған болатын. Сот отырысы 2015 жылдың тамызында басталып, төрт айға жалғасты. Қылмыстық іс 338 томға жетті, оның 9 томы айыптау актісінен тұрады. Жалпы 82 сот отырысы өтті. 260 куәгерден жауап алынды. Процеске 4 мемлекеттік айыптаушы және 42 адвокат қатысты. 2015 жылдың желтоқсанында сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Келтірілген шығынды өтеген соң оның мерзімі 8 жылға қысқарды. 

Түрмеде Ахметов жақсы тәртібімен көзге түсті, колонияның қоғамдық жұмыстарына белсене араласты.

Осыған байланысты 2017 жылы 21 қыркүйекте Серік Ахметов бостандыққа шықты. ҚР Қылмыстық Кодексінің 73-бабына сәйкес, сотталушы түрмедегі мерзімінің үштен бірін өтесе және келтірген шығынды толық төлесе, сот оның жазасын жеңілдете алады.

2016 жылдың көктемінде Қарағанды облысы мен Қарағанды қаласы әкімдерінің жазасы жеңілдетілді

Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішевтің бес жыл бас бостандығынан айырылған жазасы үш жылға қысқарды, ал Қарағандының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұловтың үш жылдық жазасы екі жылға қысқарды. Алайда бұл екі жазаны да әкімдер өтеп үлгерген жоқ. Бұрынғы шенеуніктер жақсы тәртібімен көзге түсіп, сот оларды бостандыққа шығаруды ұйғарған.

Қостанай әкімі мен оның орынбасарлары

Қостанайдағы «үлкен әкімдік ісі» 2015 жылдың жазында басталған. Қала әкімінің орынбасарлары – Мақсұт Қалиев 13 миллион теңге, ал Фрунзик Аракелян 300 мың теңге пара алғаны үшін сотталды.

Орынбасарларының сотталғанын естіген Қостанай әкімі Ахметбек Ахметжанов есеңгіреп қалды. Алайда көп ұзамай өзі де істі болып, қызметінен босатылды.

Ахметбек Ахметжанов 13 жылға бас бостандығынан айрылып, қатаң  режімдегі колонияда жазасын өтейтін болды. Орынбасарларының бірі төрт жылға, екіншісі жеті жылға сотталды.

Кейін орынбасарларының жазасы жеңілдетілді. Фунзик Аракелянның жаза мерзімі екі есе қысқарды. Ал Мақсұт Қалиевтің жаза мерзімі үш жылға дейін азайып, көп өтпей бостандыққа шықты. Бірнеше айдан соң экс-әкімнің де жаза мерзімі 13 жылдан алты жылға дейін қысқарды.

«Қазақстан инжиниринг» компаниясының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков

2017 жылдың қарашасында сот Қанат Сұлтанбековті пара алғаны үшін айыпты деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған. Қылмыстық істің өзге де қатысушылары түрлі жазаға кесілді.

2018 жылдың ақпанында ашық сот отырысында Қанат Сұлтанбековтің ісі қайта қаралды. 5 ақпанда өткен сот «Қазақстан инжиниринг» компаниясы басшысының бұрынғы орынбасарына 2 млрд теңге айыппұл салып, бостандыққа шығарды. Онымен сыбайлас болған Израиль азаматы Гиль Смоленский де түрмеден құтылғанымен, үш есе көп айыппұл төлейді.

Аппеляциялық сот Сұлтанбековтің жақсы тәртібі мен отбасылық жағдайын ескере отырып, осындай шешімге келген екен.

Жоғарыдағы тізім пара алған шенеуніктерден түзілді. Алайда қылмыстың бұл түрі өнер адамдарын да айналып өтпеді. Жазасы жеңілдетілген сотталушылардың қатарында Әуезов театрының бұрынғы директоры да бар.

Күні кеше сот Ерлан Біләлге қатысты үкім шығарды.

Биыл 5 қаңтарда актер 1,5 миллион теңге пара алғаны үшін сотталған. 16 қаңтарда Ерлан Біләлдің 1 205 000 теңге көлемінде кепілге ақша төлегені белгілі болды. Соттағы соңғы сөзінде Ерлан Біләл өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан. Денсаулығы мен отбасылық жағдайын ескеріп, бостандығынан айырмауды сұраған.

7 ақпанда өткен сот отырысында судья Қуаныш Әріпов Ерлан Біләлді Қылмыстық кодекстің 24-бабының үшінші тармағы (Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) және 366-бабының екінші тармағы (Пара алу) бойынша айыпты деп танып, оған 52,5 миллион теңге айыппұл салды. Өмір бойына мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырды.

Айыппұлды бір ай ішінде төлемесе, үш жылдан жеті жылға дейін түрмеге отыруы мүмкін екенін ескертті.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір