• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 12:23:37
Алматы
+35°

05 Шілде, 2018

Жас қызды алған Абай Бегей халық сынына жауап берді

Мен бір әйелдің үстіне бір әйел алып немесе бірінші отбасымды тастап кетіп, екінші рет үйленіп отырған жоқпын.

Қазақты «аспанға қаратқан» әнші Абай Бегей жуырда екінші рет шаңырақ көтерген еді. Желіде әншінің тойынан суреттер өрбіп жүрді. Бақыт тілегендермен қатар өзінен 16 жас кіші қызды жар етіп алған Абай Бегейді сынағандардың қатары көп болды. Тойы өткеннен кейін бірнеше күннен соң әнші халықтың сынына жауап берді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

«Мен жайында, менің отбасым жайында біраз әңгімелер болып жатыр екен. Жақсы тілек білдірушілерге Алла разы болсын», - деп бастаған әнші теріс пікір жазушыларға мән-жайды ашып айтып беруді жөн санады.

«Үш жыл бұрын анам, туған ағам, жан жарым дүниеден өтіп, біраз уақыт есеңгіреп қалған едім. Киналдым, қайғырдым, қажыды. "Жалғыздық құдайға ғана жарасқан" деушілер көп болса да үйленуден бас тартып жүрдім. Себебі, қыздарым мен ұлымның жүрегіне ауыр жара салудан қорықтым. Ешкімде ананың орнына ана бола алмасын түсіндім», - деп жазды әнші Instagram-дағы парақшасында.

Әнші үйлену туралы ойды шет шығарып қойғанымен отбасының ұйытқысы мен берекесі болар жанның қажет екенін түсінеді.

«Тұңғышым құтты орнына қонды, ұзатылды шүкір. Нағашыларына алғысым шексіз. Ұлыма ананың махаббатын бере алмасам да әкелік жол көрсетіп, жақсы азамат боларына үлес қоса алармын. Ал, кішкентай қос қарлығашыма дұрыс бағыт-бағдар, тәрбие беру үшін ананың орнын баса алмаса да, құрбыдай сырлас әйел керек. Өйткені 10 жастан бастап әкесіне айта алмайтын қыздардың құпия-сырлары басталатыны анық қой. Өтпелі және жасөспірім шағында жанында табылып, сырласатын, қолдайтын иманды жар іздедім», - деп жазды ол.

Бұған қоса, Абай Бегейдің анасы мен әкесінің жас аралығы 16 жас екен.

«Жас қызға үйленді деп сөгу де орынсыз. Себебі, кімнің кімге жұп болатынын біз анамыздың ішінде жатқан кезде-ақ АЛЛА ТАҒДЫРЫМЫЗҒА ЖАЗЫП ҚОЙҒАН. Екі адамды кездестіретін де, тоғыстыратын да – АЛЛА. Тойды бай, танымал немесе ақшамыз асып-тасығаннан емес, шариғат бойынша ЖАРИЯЛАУ мақсатында жасадық. Өмірдегі, өнердегі тек жақындарымды жинадым», - деп жазды Абай Бегей.

Сөз соңында отбасына бақыт тілеп, жақсы тілектерін жаудырған оқырмандары мен жақындарына алғыс білдірді.

«Мен бір әйелдің үстіне бір әйел алып немесе бірінші отбасымды тастап кетіп, екінші рет үйленіп отырған жоқпын. Бұл -ТАҒДЫР», - деп сөзін қорытындылады әнші.

Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын Абай Бегей Жанат есімді жұбайынан айырылған. Қазіргі жары өзінен 16 жас кіші.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір