• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 13:57:18
Алматы
+35°

07 Шілде, 2018 NEWS

Ұлттық ұланның астаналық құрамасында еліміздің 14 облысынан шақырылған 800-ге жуық жауынгер ант қабылдады. 2018 жылғы 7-шілдеде бас қала іргесіндегі әскери қалашық аумағында жас Отан қорғаушылар елі мен халқына адал қызмет етуге серт берді.
Сап түзеген сарбаздармен қатар, оларды қолдауға келген жұртшылық та қосылып Мемлекеттік Әнұранды шырқады. Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Мұқаметқали Сатов, әскер ардагерлері Қалиақпар Тоқышев пен Дәулет Салханов, 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Сәкентай Шекарбеков жауынгерлерді Отан қорғаушылар қатарына қосылуымен құттықтады.
- Бүгіннен бастап сіздер – ел тыныштығының сенімді қорғанысыздар! Қай мемлекеттің болмасын, дамуы жолында оның ішкі тыныштығының маңызы өте зор. Сол себепті, қазір ғана осы алаңда қабылдаған анттың әрбір сөзіне адал боп, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғайтындарыңызға сенемін! Осындай жауапты жолда дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге табыс тілеймін!Әскери өмірде бір-біріңізге бауырдай жақын жолдас, командирлеріңізге сенімді серік болуға шақырамын. Қазақстандық жауынгер атағын биік ұстап, жүктелген міндеттіүлкен абыроймен атқарып шығуға тілектеспін, - деді құрама командирі Сәкентай Амантайұлы!
Қырық күн бұрын 5573 әскери бөлімінің табалдырығын аттаған бұл сарбаздар арнайы дайындықтан өтіп, саптық жүріс пен әскер ісінің қыр-сырын меңгеріп жатыр. Енді сәл күнде қаламыздың қоғамдық тәртібін, қала тұрғындары мен қонақтарының тыныштығын күзететін болады. Сондай-ақ, бас қаламызда өтетін барлық мәдени-көпшілік, саяси-қоғамдық, спорттық шаралар мен ресми басқосулар кезінде де қауіпсіздікті қамтамасыз ету – осы ұландардың еншісінде. Елорда ұландары шетелдік делегацияларды қарсы алуға, табиғи апаттар мен төтенше жағдайларда халыққа көмек көрсетуге, дағдарысты кикілжіңдерде елді тыныштандыруға жұмылдырылады.
Осындай жауапты міндет атқаратын болғандықтан жедел құрамаға жаңадан қосылған жауынгерлер аға буын сарбаздар секілді арнайы жаттығулар мен дайындықтардан, нұсқаулықтардан өткізілді.
- Бүгін осы сапта тұрған әрбіріміз үшін өте маңызды күн. Біз өз Отанымызға ант беріп, тәуелсіз Қазақ елін қорғауға қадам бастық. Ежелден батыр бабаларымыз Отанға қызмет етуді өзінің ер азаматтық міндеті санағанын білеміз. Біз де осы жауынгерлік дәстүрді жалғастыруға дайынбыз. Ұлттық ұланда қызмет ету, еліміздің жүрегі – Астанамыздың тыныштығын күзету – біз үшін үлкен мәртебе. Сіздерге Елімізді адал қорғауға, ержүрек, рухты жауынгер болуға сөз береміз! - дейді ант қабылдаушы қатардағы Ұлан Дүйсен.
Салтанатты Ант қабылдау шарасына Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы, мемлекеттік ведомстволар мен күш құрылымдарының басшылықтары, ардагерлер мен сарбаздардың туған-туыстары қатысты. Әскери бөлімнің алып алаңына сардарлар мен сарбаздарды есептемегеннің өзінде 3 жарым мыңнан аса адам жиналып, жас жауынгерлердің Отан қорғаушылар қатарына қосылуына куә боп, салтанатты саптық шеруін тамашалады. Сондай-ақ, қонақтар «Ашық есік күні» аясында әскери өмірдің тыныс-тіршілігімен, сарбаздардың тұрмысымен танысты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір