• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 08:43:28
Алматы
+35°

06 Наурыз, 2018 Әлеумет

Жанат Сейдуманов. Дара бастама, даңғыл жол

Қазіргі таңда ата – баба дәстүрін ұлықтау мен өркениетті өрлетер салтымыздың тасада қалып, төл мейрамдарымыздың ұмытылып бара жатқандығы жасырын емес.

Қазіргі таңда ата – баба дәстүрін ұлықтау мен өркениетті өрлетер салтымыздың тасада қалып, төл мейрамдарымыздың ұмытылып бара жатқандығы жасырын емес. Осы тұста еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетіне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Наурыз ең әуелі балдырғандарға арналуы керек» деген тақырыпта ауқымды сұхбат беріп, Наурызға қажет іргелі ізденістерді атап өтіп,  сегіз ұсыныс жасаған еді.

Елбасымыздың ұлт игілігі үшін жасаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламасын негізге ала отырып, Наурыз мейрамын ұлықтауды қолға алған министр қоғамның барлық мәселелерін қамти келе, үлкен сенім артып отыр.

Ұлыстың Ұлы күні – Әз-Наурыз мейрамы ұлтымыздың бар асыл құндылықтарын көрсетіп, ұлықтауға тамаша мүмкіндік беретін мереке. Бұл күні жақсы мен жаман, ақ пен қара деген ұғым санада болса да, жер бетінде тек күн шуағын шашқан, бір-біріне мейіріммен қарап, кешірімді бола білген, жарқын жүзі бал-бұл жайнаған қалың жұрттың ортақ мерекесі. Бұл күнде адамдар бір-бірімен төс қағыстырып, реніш болса, кешірім сұрап, айтар алғысы болса жаудырып, жақсы күн мен нұрлы тіршілік үшін шүкіршілік ететін күн.

Осы орайда ҚР Ұлттық кітапханасы министрдің ұсынысына қолдау білдіріп, түрлі шараларды бастап та кетті. Мәселен, наурыз айының бірінші жұлдызында «Алғыс айту» күніне орай «Алғысым шексіз халқыма» атты мерекелік концерт пен флешмоб өтті. Ұлыстың ұлы күнін бір ай бойы тойлауды ұсынған Министрдің ұсынысы осылайша бірінші наурыздан бастау алды.

Алматы қаласындағы Достық үйінде Ұлттық кітапхана  көшпелі кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге Ұлттық кітапхана қорынан әртүрлі ұлт өкілдерінің тарихын және қазіргі өмірін, жер аудару үдерістерін, оларды орналастыруды, мәдениетін, салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын және өнерін паш ететін, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 100-ден астам басылымдар ұсынылды.

«Наурыз ең әуелі балдырғандарға арналуы керек» деп министр Арыстанбек Мұхамедиұлы айтқандай, ҚР Ұлттық кітапханасы «Қазақстан кітаптары» залында балалар мен жасөспірімдерге арналған кітап көрмесін ұйымдастырып, бұл айдың қадір-қасиетін, мән-маңызын түсіндіруге атсалысуда.

Наурыз мейрамы барша қазақстандықтар үшін ерекше мереке. Көктем келіп, жаңа жылдың, жаңа өмірдің басталуы. Сол себепті де ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкерлері «Наурыз мейрамын бір ай бойы тойлау» туралы ұсынысты қуана қолдайды, және ол үшін барынша атсалысады. Сондай-ақ, алдағы уақытта 22 наурыз Ұлыстың Ұлы күніне орай ҚР Ұлттық кітапханасы мерекелік шараларды ұйымдастырып, ұлттық мейрамды ұлықтауды жалғастыратын болады.

Құрметті, қазақстандықтар! Сіздерді Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Ақ мол болсын! Наурыз – жыл бастауы! Баршаңызға жаңа өмір, жаңа қадамдар мен жаңа белестер тілеймін! Көк байрағымыз көкте желбірей берсін! Әз-Наурыз құтты болсын!

 

Ж. Т. Сейдуманов,

ҚР Ұлттық кітапханасының

директоры

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір