• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 04:49:43
Алматы
+35°

06 Қазан, 2017 Экономика

Жанармай тапшылығы қай уақытқа дейін жалғасады?

Қазақстан қажетті мұнайдың 70%-н өзі  өндіреді де, қалған 30%-ы Ресейден экспорттайды

Жанармай тапшылығы қазақстандықтарды әбігерге түсірді. Бұған дейін жанармай бағасы қымбаттады. Елде мұндай жағдай қашанға дейін жалғасуы мүмкін? Жанармай тапшылығының себеп салдары мен Қазақстан бойынша жанармай бағасы қай өңірлерде ерекше қымбаттап жатыр? Qamshy.kz ақпарат агенттігі журналисі осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

Жанармай неге тапшы?

Экономист Мақсат Сералының айтуынша, Қазақстандағы мұнай өндіретін зауыттардың бір айға күрделі жөндеуден өту үшін жабылуы жанармай тапшылығын туындатып отыр.

«Қазақстанда мұнай өңдейтін 3  зауыт бар. Олар Павлодар, Шымкент және Атырауда орналасқан. Заң бойынша зауытқа бір жылда бір мәрте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір Павлодардағы зауыт бір айға жабылды. Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп жатыр. Бірақ нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан жанармайды Ресейден алып келеді» дейді экономист.

Осы ретте Қазақстан қажетті мұнайдың 70%-н өзі  өндіреді де, қалған 30%-ы Ресейден экспортталатынын айта кеткен жөн. Ал жанармай Ресейден әкелінетін болғандықтан оған уақыт қажет екенін ескеру керек. Мақсат Сералы бұл тұста мұнай шетелден жеткізілетін болғандықтан ол біраз уақыт алатынын баса айтып өтті.

«Шетелден экспортталатын шикізаттың логистикалық шығыны және тасымалдау уақыты бар. Мәселен, 90 мың тонна жанармайға тапсырыс берілсе, ол үлкен баррелді жанармай болғандықтан оны елге жеткізудің өзіндік тәсілдері болады. Тапсырыс Қазақстанға жеткенше біраз уақыт кетеді. Сондықтан жанармай тапшылығы секілді мәселе туындап отыр. Ол жеткенше жанармай сататын орталықтардағы жанармай көлемі бітіп қалуы мүмкін».

Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарының бір жылда бір рет жөндеу жұмыстарына орай жабылатынын ескерсек, жанармай тапшылығы бір жылда бір мәрте болып тұрады. Десек те, аталмыш мәселені болдырмау үшін алдын-ала қамданған абзал. Мұндай жағдайда қазіргідей мәселе туындамас еді.   

«Мұнай тапсырушылардың үлкен қателігі - Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарының біртіндеп жөндеу жұмыстары үшін жабылатынын біле тұра алдын ала тапсырыс бермеуі. Егер жанармайды белгілі көлемде алып қойса мәселе дәл былай ушықпаушы еді. Әрине оны сақтайтын қойма жоқ болуы мүмкін. Бірақ оның барлығы шешілетін мәселе» дейді сарапшы.

Мақсат Сералы жанармай тапшылығын болдырмау үшін алдын ала тапсырыс берумен қатар, төртінші мұнай өңдеу зауытын салу қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар, Атыраудағы зауытқа жаңа құрылғылар орнатылғанын және оны қалған екі зауытқа да қойса жанармайға қатысты біраз мәселе шешілуі мүмкін екенін айтады. Себебі жанармайды тек көлікке ғана емес басқа да мақсат үшін пайдаланады.

Қазақстанның қай өңірлерінде жанармай бағасы ерекше қымбаттап жатыр?

Қазақстанда жанармай бағасы 9 айдың ішінде 8,7%-ға қымбаттады. Бұл 2015-2016 жылдардағы көрсеткішпен салыстырғанда өте көп. Тарқатып айтар болсақ, 2016 жылмен салыстырғанда 1,5%-ға, 2015 жылмен салыстырғанда 4,5% -ға қымбаттады.

Әсіресе АИ-92 жанармайы ағымдағы жылы 9,4%-ға өсті. Көлік жүргізушілерінің көп тұтынатын АИ-92 жанармайының 1 литрі 150-155 теңгеге қымбаттады. Дәл осындай жағдай 2014 жылы болған еді. Ол уақытта жанармай бағасы 9 айдың ішінде бірден 11,4%-ға қымбаттаған.

Осы жылы мұнайлы БҚО-да жанармай бағасы бірден қымбаттаған. Мәселен, 2016 жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда жанармай 10,6%-ға қымбаттаған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 0,9%-ды құраған еді.

СҚО мен ШҚО-да да жанармай бағасы қымбаттаған. Солтүстікте - 9,8%-ға, ал Шығыста - 9,7%-ға, Қарағандыда - 9,6% өсті.

Аталған өңірлермен салыстырғада Астана мен Алматыда жанармай бағасы арзанырақ. Елордада  8,7%-ға ал Алматыда 8,5%-ға қымбаттады.

Қазақстан бойынша жанармай бағасының жоғары қарқынмен өсуі Қостанайда ғана білінбеді. Ондағы көрсеткіш -  6%.

Әсем Әлмұханбет

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір