• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 04:33:01
Алматы
+35°

11 Қаңтар, 2018 Әдебиет

«Ит опа, қатын жапа» мәтелінің шығу төркіні

Қазанғап Байболұлының «Төле бидің тарихы» дастанынан бір эпизод берейінші...

«Әйел десем әжеме тиеді» дегендей, апа-қарындастардан кешірім сұрай отырып, Қазанғап Байболұлының «Төле бидің тарихы» дастанынан бір эпизод берейінші...
Ілгеріде Төс елінің (Түлкібас пен Қазығұрт арасы) екі азаматы жолаушылап жүріп, Арыстың Сырға құяр сағасында отырған Қалың қоңыраттың бір үйіне тоқтайды. Үй иесі қазақы дәстүрмен қонақтарды құшақ жая қарсы алады. Қонақтар үй көлеңкесінде жатқан мойнында қарғылы бауы бар адамға ұқсас әлдебір жануарды көріп тіксініп қалады. Сонда да сыр бермей үйге кіреді. Қақ төрде тайыншадай төбет жатыр. Қонақтар бір-біріне үнсіз қарап, дастархан басына жайғасады. Сусындап, жөн сұрасып болған соң, үй иесі сөз бастайды. 
—Көздеріңізден көңілдегі күдіктеріңізді байқадым. Соны сейілтейін, әрі ет піскенше, уақыт өлтірейік...
Қай бір жылы ел шетіне қалмақ тиіп, біраз қыз-келіншектерді жәсір етіп атқа өңгеріп әкеткен. Соның арасында менің де жас келіншегім кетіп еді. Біраз жылдан соң араға елші жүріп, ел татуласты. Тұтқын қыз-келіншектердің еркі өздеріне қалатын болып шешілді. Көппен бірге қалмаққа мен де бардым. Барсам, келіншегімді бір қалмақ қатындыққа алыпты. Сыр тартып көрсем, қайтатын ниеті жоқ. 
—Олай болса, қоштасарда соңғы сөзімді тыңда, еш болмаса,-деп кешке қарай ауыл сыртына шақырдым. Келген кезде, атыма өңгердім де, аттың басын елге қарай жібердім. Бір уақыттар болғанда, артымнан келе жатқан жалғыз атты қуғыншыны байқадым. Құтқарар түрі жоқ! Амалсыз аттан түсіп, айылды тартып шайқасқа әзірлендім. Ат үстінде бір-бірімізді ала алмай, екеуміз де аттан ауып түстік. Қайратты пәле екен! Әйеліме көмектес деп ымдасам, онда үн жоқ. Сілейіп тұр. 
Бір кезде, қалмақты шалып жығып үстіне шығып, буындыра бастадым. Қалмақтың бойынан қайрат кетіп қырылдай бастады...Сол сәтте көк желкемнен бірдеңе тиді. Көзім қарауытып, есімнен ауып кетіппін. Есімді жисам, қасымда мынау итім шоқиып отыр. Қалмақ жайрап жатыр. Әудем жерде қатын отыр, екі тізесін құшақтап...
Жайылып жүрген аттарды итшілеп ұстап, біреуіне өзім, біріне қатынды отырғызып жетекке алып, ауылға қайттым. 
Мынау төбет сол, менің құтқарушым! Әйелді әлгінде көрдіңдер! 
Ет піскен кезде, таза табаққа салып, иттің сыбағасын бергенін көріп отырмыз. Тамақтан кейін аяқ жазуға сыртқа шықтық. Бағанағы құбыжық, алдына қойған жуындыны шалпылдатып ішіп отыр екен...

Мынау төбетті 7-8 жыл бұрын Сілбілі жайлауында бір шопанның үйінен көріп едім. Иесінің айтуынша, бір қыста бірнеше қасқыр алыпты. Әлде қайтеді деп сескеніп жақындаған маған бір бұрылып қарады да жата берді. Қайтарда, шопанның кішкене балалары жатқан иттің үстіне мініп жатқанын көрдім. Төбет былқ етпей жатыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір